$ 494.87  520.65  4.91

ОҚО-да ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы тиімді игерілуде

ОҚО әкімдігінде ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелесі жөнінде жиын өтті.

Жалпы бұл салаға биыл 20 млрд. теңгеден астам қаржы қаралған. 

Бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, үнемді жұмсау мәселесі облыс әкімі А.Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында талданды.

Мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттың жұмсалу үдерістері қандай болмақ керек, оның басымдықтары қандай талаптар бойынша іріктелуі тиіс деген секілді мәселелер жан-жақты пысықталды. Өңір басшысының төрағалығымен өткен жиында отандық өнімді қолдау шаралары, ауыл шаруашылығы саласына берілетін жеңілдіктер мәселелері де қозғалды. Бүгінгі таңда жергілікті билік тарапынан өнімділігі жоғары ауылшаруашылық дақылдарын егу мәселесіне жан-жақты көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта озық технологияларды қолдану арқылы өнімділікті арттыру мәселесіне айрықша назар аударылуда. Өңір басшысы бидай, арпадан гөрі табиғатымызға икемді, сұранысы жоғары, мол өнім беретін жүгері алқаптарын ұлғайтуды ұсынды. Бұл тұрғыда гектарына 230 центнерден өнім алып отырған мақтаралдық шаруаларды мысалға келтірді. Дәнді жүгеріге берілетін демеу қаражаттың өзін үш деңгейге бөліп қарастыру керек. Өнімі мол гибритті тұқымдар мен өзіміздің отандық сорт. Сонда ғана сұранысы көп сапалы өнім алуға мүмкіндік ашылмақ. 

Жиында майлы дақылдар мәселесі де қаралды. Әр ауданның жер ерекшеліктерін тереңінен зерттеп, өскен өнімді өткеру жолдарын зерделемей бей-берекет егуді доғару қажет. Мәселен мақта өнімі Мақтарал ауданына тән болса өзге аудандарға бұл дақыл қолайсыз, анығы шығыны көп, пайдасы жоқ. Есесіне бұл аймақтардың суармалы жерлерін тиімді пайдалана отырып бақша дақылдарын егу көл-көсір ырзыққа кенелтпек. Оның тағы бір себебі Еуразиялық және Кедендік одаққа мүше елдер аумағында Оңтүстік Қазақстан облысы ең ыстық аймақ болып саналады. Жеміс-жидек пен бақша өнімдерін молынан егіп, экспортқа жөнелтудің үлкен мүмкіндігі бар, дейді облыс әкімі. Яғни, субсидия бөлуден бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы жерді ұтымды пайдаланып, дәнді-дақылдарды егу саясатын түбегейлі өзгертуіміз керек деген пікірде ол. Ал қауын-қарбыз секілді бақша өнімдері Еуразиялық және Кедендік одақ елдеріне экспортқа шығатын бірден-бір сұранысы жоғары тауар болмақ. Тіпті тасымалдаудың да қазір қажеттілігі жоқ. Одаққа мүше елдер өздері келіп сатып алып кетуге мүдделі болып отыр. Бүгінде облыста картоп егілген жер көлемі 8 мың гектар болса, болашақта оны 50 мың гектарға жеткізу жоспарда бар. Тағы бір түйткілді мәселе, мал басына және етке берілетін субсидияның мөлшерін нақтылау. Облыстағы 1464 мал бордақылау алаңында 38 мыңға жуық мал бағылуда. Алайда қаржыландырудың қазіргі талабы бойынша субсидияның бірінші деңгейі үш мың бас, екінші деңгейі бір жарым мың бас, үшінші деңгейі төрт жүз бас малы бар шаруашылықтарға ғана беріледі. Ал өңірде 100-150 бас мал өсіріп отырған шаруалар жетіп артылады. Сондықтан бұл тұрғыда да үкіметке ұсыныспен шығып, қолданыстағы ережеге өзгерістер енгізу жайы қозғалды. 

Жиынға қатысқан аудан әкімдерінің орынбасарлары өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған мал шаруашылығын дамыту іс-шарасы аясында іске асқан жобаларға сұраныс артып, оған қызығушылық танытқан шаруалар санының көбейгенін айтты. Яғни, тың жоба ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып әлеуеттерін жақсартуға сүбелі үлес қосқан. Былтырдан бері мұндай шағын СТК-ларда 7 мың тонна ет сатылымға шыққан. Бастысы, бір жобаның өзімен 5 мың адам жұмыспен қамтылып, әрі шағын кәсібін дөңгелеткен. Биыл да бұл жемісті жоба жалғасын таппақ.

Жиын соңында тауарлы балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды. Бүгінде өңірде балық шаруашылығын дамытуға арналған іс-шаралар түзіліп, қажетті субсидия бөлу мәселесі қарастырылған. Өңірдегі өзен-көлдерді зерделеп, оларда балық өсіру мүмкіндігін анықтау, балық шаруашылығын кәсіпке айналдыру облыс әкімінің тұрақты назарында. Сәтін салып бұл жобаның да жемісін көретін күн алыс емес. Осылай деп жиынды түйіндеген А.Мырзахметов ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды жұмыстарды тағы бір жүйелеуді сала мамандарына тапсырып, жаңа міндеттер жүктеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары