Белгілі журналист Берік Уәли осыдан тура үш жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысына мемлекеттік қызметке келген болатын.
Бұқаралық ақпарат құралдарының қайнаған ортасына. Б. Құрманғали облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары – облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы қызметінде жүріп бірқатар игі істердің ұйытқысы болды. Кейін облыстық ішкі саясат басқармасына басшылыққа ауысты. Мұнда да мемлекет пен ұлттың мүддесі үшін атқарылып жатқан ауқымды істердің басы-қасында жүр. Бізге Оңтүстік Қазақстан облыстық Iшкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Уәлиұлы Құрманғалимен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Берік Уәлиұлы, Оңтүстік Қазақстан облысына келгеніңізге тура 3 жыл болыпты. Біздің өңір өміріңізге айтарлықтай өзгерістер енгізе алды ма? Жалпы, өзіңіз Шымкенттен не үйрендіңіз?
– Шымкенттен көп нарсе үйрендім. Әлі де үйренерім көп. Шыны керек, Шымкентке алғашқы келгенімде әріптестерім мен достарым, туыстарым, жанашырларымның біразы «онда барып қайтесің, қиын болмай ма, туған жерің емес» деген сияқты сөздерді көп айтты. Қазақтың ұлтарақтай жері әр қазақтың туған жері деп есептеймін. Сол себепті жершілдікке салынудың, бөліп-жарудың еш қажеті жоқ. Осындай оймен тәуекелмен тура үш жыл бұрын келдім. Келгеніме өкінбеймін. Мойындау керек, көп нәрсені үйрендім. Оңтүстіктің өзіндік жазылмайтын заңдылықтары бар, адамдармен сөйлесу, тіл табысу да ерекше. Мұның барлығы осындағы қазақтың бұрынғы салт-дәстүрінен ажырамағандығының көрінісі екенін айғақтап тұрады деп білемін. Сонымен бірге бұл жақтың халқы адамның жан дүниесін түсініп, көңіл күйіңді, айтар сөзіңді көзқарасыңнан-ақ біліп тұрады. Шымкентте көп нәрсені меңгердім. Құдайға шүкір, талай дос таптым, ағайын арттырдым. Тіпті мұнда кіндігіммен байландым десем де болады. Өйткені екі бірдей перзентім Шымкентте дүниеге келді. Кіндік қаны тамды. Ұлымды сүндетке отырғыздым, той жасадым. Шымкентте тұрған адам тойға барып, той жасамаса, нағыз шымкенттік емес (күліп алды). Сол себепті өзімді нағыз шымкенттік болу сынынан өттім деп ойлаймын.
– Жалпы, осы шымкенттік болу дегенді қалай түсінесіз?
– Менің Ержан Байтілес дейтін досым бар. «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі. Алғаш осы өңірге келгенімде, әлеуметтік желіде сол досымның «Берік Уәли туған жерін енді тапты» деп пікір жазғаны бар еді. Мен оған риясыз күлдім. Шын мәнінде, бұл – маған берген үлкен баға. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені осында ауысып келгенімде, туған жерімді білмейтін кейбір азаматтар «О, еліңе барыпсың, елге оралыпсың» деп құттықтап, хабарласып жатты. Бұл – да мен үшін үлкен баға. Демек, Шымкенттің халқы пысық, ширақ, еңбекқор және бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін азаматтар болғаннан кейін мені сондай жанға ұқсатып жатса оған қуанамын. Бұл сөз алғашқы кездегі жұрт қорқытқан көңілімдегі күдікті сейілтіп, бойыма күш-жігер сыйлады. Қорықпастан қанаттанып, жұмыс істеуге кірістім. Міне, соның жемісі шығар, үш жылдан бері ойға алған істерімді жүзеге асырып, жұмыс істеп келемін.
– Сіздің бастамаңызбен Әз-Наурызды тоғыз күн бойы тоғыз тақырыппен атап өту, жаңажылдық шыршаны Тәуелсіздік мерекесінен бұрын орнатпау, 9-мамыр Жеңіс күнінің символы ретінде алабажақ лентаның орнына көк байрағымызбен түстес лентаны қолдану, блогқұрылтай сияқты шаралар жүзеге асып, өткізіліп келеді. Алдағы уақытта тағы қандай тың бастамаларды жүзеге асыру ойыңызда бар? Жалпы, оңтүстікте болып жатқан қандай шараларды өзге облыстар үшін үлгі ретінде ұсынасыз?
– Бірден басын ашып алайық. Бұл жерде барлығы менің идеям деуден аулақпын. Бұл атқарылған шаралар сол кездегі бірінші басшы облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен жүзеге асты. Біздікі – тек кеңес беру, сол кісінің ойларын жетілдіре түсу. Шын мәнінде, облыс басшысының ерік-жігері, соны жүзеге асыруының арқасында өмірге жолдама алды. Айта кетейік, бәрімізде идея көп. Барлығымызда да ойда жүрген тың бастамалар бар. Кез келген кеңесшілер, қасында жүргендер идея бере беруі мүмкін. Дегенмен, оның барлығының жүзеге асырылуы қашанда бірінші басшыға байланысты. Соңғы шешімді қабылдайтын да бірінші басшы.
– Қалай болғанда да, сіз идея бердіңіз ғой...
– Жоқ, мен бұлай десем, асыра сілтеу болады. Асқар Мырзахметов бұл кеңесті қабыл алып, оны жүрегімен сезінуінің өзі ол кісінің өзінің бастамасына жатады. Тағы айтарым, көк байрағымыздың түсіндей лентаны ол кісінің өңіріне зорлап таға алмаймын ғой. Ол кісінің өзі саналы түрде дұрыс түсініп, сезініп тақты. Бұл да Асқар Исабекұлы қоғамның сол сәттегі ахуалын тамыршыдай дөп басып, соны тағып шығуының өзі де оның байқампаздығы. Қоғамдық пікірмен санасуының белгісі. Мысалы, Елбасы Мәскеуге барғанда, лентаға қатысты ұстанымын анық білдірді. Кәдуілгі алабажақ лентаның жанына біздің көк байрағымыздың түсіндей лента қосты. Сол сияқты облыс басшысының оны тағып шығуының өзі – қоғамдық пікірмен санасуының белгісі. Ал жаңағы наурызды тоғыз күн бойы тоғыз тақырыппен тойлау республика деңгейінде үлкен қолдауға ие болды. Елбасының өңірімізге келген сапарында «Бұл үрдісті барлық өңірлерге тарату керек» деген сөзі бұл бастаманың айқын жемісі деп білеміз. Үлкен жеңісі десек те болады. Иә, бұл – заман талабы. Өзге өңірлерде жалғастырып, өткенімізді жаңғыртуымыз қажет. Бүгінгі халықтың санасына сіңіру керек.
Блокқұрылтайға келер болсақ, мұны да әркім әр саққа жүгіртіп айтып жүр. Шындығына келгенде бұл қазір қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Блогерлер, интернетпен жұмыс жасау, интернет меңгергендер, әлеуметтік желінің белсенділері көп жағдайларда мерзімді басылымдардың ақпарат таратуына қарағанда алдыңғы қатарда жүреді. Олар да қоғам мүшесі ретінде белгілі бір деңгейде қоғамдық пікір қалыптастыра алады. Сол себепті олармен жиі байланыс жүргізсек, ұтарымыз көп. Бізге тиімді тұстары жетіп-артылады. Жанкүйерлермен жұмыс жасаудың өзі – ішкі саясаттың басты қағидаттарының бірі. Олар да үлкен армия. Мәселен, неге біз «Ордабасы» футбол клубының ойындарын тікелей эфирге шығару керек деп қызыл кеңірдек болып, депутаттармен айтысып жүрміз? Себебі жанкүйері көп спорт арқылы қалың элокторатпен байланыс орнатуды жөн көреміз. Сол сияқты блокқұрылтай өткізсек, оны әрі қарай қоғамға қажетті мәселелер бойынша бұқарамен байланыс орнатудың алаңы етіп қалыптастырсақ, ұтатын тұстарымыз еселей түседі деген ойдамын.
– Шыны керек, Сіз көбіне шетел ойшылдарын емес, Алаш қайраткерлерінің ой-толғамдарын айтып жүресіз. Алаштың қос бірдей ұлы қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың 120 жылдық мерейтойын өткізуге де өзіңіз мұрындық болдыңыз. Тіпті әлеуметтік желілерге де Алаш ардақтыларының пікірлерін жариялап тұратыныңыз бар. Мұның сырын тереңірек тарқатып берсеңіз...
– Тарихта Алаш қайраткерлерінің рөлін ұмыт қалдыруға болмайды. Алда Алаш үкіметінің 100 жылдық мерейтойы келе жатыр. Біз Ерлан Қаринмен «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубын құрғанда, Алаш қайраткерлерінің қалдырған мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттау, оны қоғамдық өмірге енгізуге атсалысуды мақсат тұттық. Президенттің де бұл тұрғыда айтар сөзі бар. Керей мен Жәнібектен бастап, Кенесарының арманы, Алаш қайраткерлерінің ойлары, Желтоқсан қатысушыларының Тәуелсіздікке ұмтылуы, мұның бәрі – айналып келгенде 1991 жылғы біздің жеке ел болып көтерілуімізге әкелген жүйелі түрдегі күрестің, мемлекет болудың айқын сатылары және де соның жемісі. Сол себепті мұны тарихтан сызып тастай алмаймыз. 100 жыл өтсе де, аты аңызға айналған осы тұлғалардың сөздері қазір де өз құнын түсірген емес. Сондықтан мұның барлығын біз саналы түрде түсініп, түйсініп, қазіргі ұрпаққа жеткізіп отыруымыз парыз. Алаштың 95 жылдығын атап өткенде, үлкен конференция ұйымдастырдық. Ал өзіңіз айтып кеткендей қайраткерлеріміз Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығын атап өтуге де ерекше мән бердік. Бұл атаулы күнді облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдығымен сабақтастырып өткізу де осы идеядан туындаған. Ол өз үдесінен шықты, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұның барлығы оңтүстікке келгенде ғана туындаған, пайда болған идеялар емес, бұл – жүйелі түрде журналистика саласында және «Нұр Отан» партиясында жүргенде, «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубын жүргізіп жүргендегі ойларымыздың заңды жалғасы. Бізде көбіне шетел қайраткерлерінің сөзіне сілтеме жасап сөйлеу сәнге айналған. Біздің өзіміздің мемлекетімізде рухымызға жақын Алаш қайраткерлерінің сөзін күнделікті тұрмыста пайдаланып, оны күнделікті жұмысымызға ендіру үрдісін жаңғырту қажет деп ойлаймын. Өзіңіз айтқандай, менің әлеуметтік желілерге салып жүрген алаш ардақтыларының ойлы сөздерін маған біреу әкеліп, жинап бермейді. Оны қай кезде нені жариялау керек, қай сөз бүгінгі қоғамға жақын дейтін дүниелерді әкеліп, халыққа ауық-ауық салып тұруды, халыққа ой тастауды өзіме дағдыға айналдырғанмын. Бүгінде интернет желісі дамыған. Бұл дәйексөздердің біреуге болмаса біреуге пайдасы тиетініне сенемін. Оның үстіне бізде екі бірдей мерейтой келе жатыр. Оның бірі – Алаш ардақтысы, алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы. Осы айтулы мерекелерге орай «Алаш айтқан асыл сөз» атты Алаш қайраткерлерінің әдемі дәйексөздерін жинақ етіп шығаруды жоспарлап отырмыз. Қасыма Алашты зерттеп жүрген екі жас журналист-ғалымды тарттым. Олармен бірлесіп, демеушілердің есебінен кітап шығарып, мерейтойға тарту ретінде ұсынсақ деп отырмыз. Бұл да біздің Алашқа қосқан үлесіміз болсын. Үкіметке барлығын артып қоюға болмайды, өз Отанын, Алашын сүйетін жан қолынан келгенше өз үлесін қосып жатса, нұр үстіне нұр. Өз үлесіңді қос деген ойдан туындаған ғой.
– Өзіңіз басқарып отырған ішкі саясат саласының маңызы соңғы жылдарда арта түсті. Әсіресе, ұлтаралық және дінаралық қатынастар мәселесінде. Дәл қазіргі уақытта облыстағы идеология саласында қандай жауапты жүктемелер мен міндеттер тұр?
– Өздеріңіз білесіздер, жыл басынан бастап ішкі саясат пен дін істер басқармасы бірікті. Бұл да бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Атқарып жатқан жұмысымызға қосымша жүктемелер көбейді. Дін саласымен жұмысты ұрандатып жүргізуге болмайды. Оның өзінің ерекшеліктері бар. Оны баспасөзге жар салып айтатын жерлері де, айтпай жүргізетін тұстары да бар. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде, жүйелі түрде атқарылуда. Мұны біз мүмкіндігінше қазіргі заманға сай интернетпен байланыстырып, әлеуметтік желілер арқылы және шағын бейнероликтер мен бағдарламалар санын көбейту, әркелкі тақырыптардағы шағын материалдарды түзу арқылы жетілдіріп жатырмыз. Дін саласы – қоғамдық өңірдегі аса нәзік те маңызды саланың бірі. Сондықтан мұны жоғарыда айтқандай қашанда күн тәртібіндегі маңызды мәселе ретінде назардан тысқары қалдырмай, бақылауда ұстаймыз. Соның бір айғағы, кеше «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» атты екі күнге созылған Республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Оған біздің облыстың ғана емес, Республикалық ақпараттық топтың мүшелерін, белгілі ғалымдарды, дінтанушыларды шақырдық. Дін комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің өзі келді. Бірлесіп жұмыс жүргізіп келеміз. Жиынға басқа облыстардағы дін істері басқармасының басшылары да келді. Әр облыстың бастамашыл орталықтарының директорлары да қатысты. Бұл да – үлкен жұмыстардың бір парасы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Ары қарай жалғасын тауып, жетілдіріле береді.
– Елімізге белгілі саясаткерлер мен журналистердің басын қосып, семинар-тренингтер өткізіп жүрсіз. Жалпы, сырттан келген қонақтар біздің өңір жайлы қандай пікірде? Көзқарасы қалай
?– Ең бастысы, Елбасының «Шымкентті үшінші қалаға, үлкен мегаполиске айналдыру керек» деген тапсырмасы бар. Яғни орталық тек Астана мен Алматы болмау керек, Шымкент те сол үлкен қалалар қатарына тартылып, соған қарай бой түзеуі керек. Оның басты қағидаттарының бірі осында елге танымал, ірі, белді, беделді саясаттанушылар мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен зиялы қауым өкілдерін осы өңірге тартып, оларды жергілікті халықпен етене араластыру, олардың ойларын ортаға салу болатын. Осындай үдеден туған ой өз жемісін беріп те келеді. Өңірімізде жоғарыда айтып өткен белгілі тұлғалармен республикалық деңгейде әртүрлі тақырыптағы семинарлар, халықаралық конференциялар ұйымдастырылды. Бұл белгілі дәрежеде көрініп, өз нәтижесін беріп те жатыр. Оның дәлелі, олар «біз не шықса да, Шымкенттен шығады» деген сөзді жағымсыз мағынада түсініп, «Оңтүстікті тек жаман хабарлар ордасы» деп ойлайтынбыз, сондай пікірде едік. Міне, көптеген игі істер атқарылып жатыр екен» деп, көңілдері марқайып, Оңтүстік халқына бас иіп қайтады. Сонымен бірге жергілікті журналистер мен ғалымдар да олармен араласу арқылы тәжірибелерімен алмасады. Сондықтан бұл жиындар екі жаққа да пайдасын тигізіп жатыр. Біз үш жылда дұрыс бағытта өзгермесек, бұдан ұтылып жатқан жоқпыз. Қаншама журналистер, дін қызметкерелері саясаттанушылар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері ай сайын болмаса да, бір жарым айда келіп, үлкен семинарлар, конференцияларға қатысады. Айта кету керек, жергілікті жерден белгілі тұлғаларға сұраныс бар.
– Биыл елімізде төрт бірдей даталы мереке республика деңгейінде аталып өтіп жатыр. Біздің облыс айтулы мерейтойларға қандай үлес қосып келеді?
– Ішкі саясат басқармасы Ассамблеяның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы Конституцияның 20 жылдығы және Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай аталып өтетін мерекелерді өткен жылдан бастап арнайы жоспарға енгізген болатын. Жыл басынан бері жоспарға сай іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Оны саты-сатысымен айтар болсақ, Ассамблеяның 20 жылдығына орай «Біз соққан ортақ үй» атты 3D форматта анимациялық фильм түсірдік. Оны халық жақсы қабылдады және ол қазір республикалық телеарналардан көрсетілуде. Мұндағы мақсат ұлттың бірлігін, олардың мемлекет аясында топтасуын жас буын көзімен қабылдау болатын. Көрермендерден қолдау таптық. Жеңістің 70 жылдығына орай «Майдангерлер» атты қысқаметражды фильм түсірілді. Қазіргі таңда бұл фильм де республикалық телеарналардың бірінен кейін бірінде көрсетіліп жүр. Демек, сапалы дүние болғаны. Таралып жатқанының өзі – алға қойған мақсат-мүддемізді өз нәтижесінде орындағанымыздың белгісі. Қазақ хандығының 550 жылдығана орай Шымкенттегі ОҚМПИ-мен бірігіп, жоғары деңгейде үлкен ғылыми-конференция өткіздік. Алдағы уақытта Конституцияның 20 жылдығына да арнайы іс-шараларымыз бар.
– Әлеуметтік желінің өте белсенді қолданушысы екеніңізді білеміз. Онда ақпараттар жүктеуге қалай уақыт табасыз және шенеуніктер әлеуметтік желінің тиімділігін дұрыс пайдалана алып жүр ме?
– Әріптестерім әлеуметтік желіні мен сияқты пайдаланып жүр деп ойламаймын (күліп алды). Бұл әлеуметтік желіні өзімнің қызметімді не бір өзімді жарнамалау не болмаса қандай да бір басқа себеп, бағытта пайдаланбаймын. Өзімнің бүгінгі атқарып жатқан жұмысыма сай пайдаланамын. Сол бағытта жұмыс жасауға тырысамын және сол ойдан шығып жатырмын деп ойлаймын. Мәселен, ақпаратты кім бірінші берсе, өзге ақпарат құралдары, әлеуметтік желі пайдаланушылары соған сілтеме жасай отырып, елге таратады. Оның үстіне оқиға орнында отырып, жедел түрде шынайы ақпарат жіберсеңіз, ақпар шынайы күйінде бұрмаланбай таратылады. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары – әрі баспасөз қызметінің жетекшісі болғанымда, осы мәселеге баса назар аудардым. Оқиға орнынан ақпарат беруге тырыстым. Өйткені сол ақпараттан республикалық ақпарат агенттіктері маған сілтеме жасаумен шығып жатты. Бұл да жұмыс істеудің бір тәсілі. Ішкі саясат саласындағы жұмыс да бұрынғы жұмысыммен үндесіп жатыр. Сондықтан бұл бағытта да әлеуметтік желінің пайдасы зор. Қазір «Fasebook», «Twitter», «Instragram» секілді әлеуметтік желілердің тұрақты қолданушысымын. Мұны күнделікті жұмысыма үйлестіріп, үндестіріп пайдалануға тырысып жатырмын. Ал «енді қалай уақыт табасыз?» дегенге келсем, бір-ақ ауыз сөзбен жауап берейін. Ханға да, қараға да берілетін 24 сағат бар. Сол 24 сағатты кім қалай пайдаланады, әркімнің өзіне байланысты. Әркім сол 24 сағаттың қожайыны.
– Мемлекет басшысының 5 институттық реформасындағы 94-қадамында «Ақпаратқа қолжетімділік туралы заңды әзірлеу, ол мемлекеттік органдар иелігіндегі тек мемлекеттік құпия мен заңмен қорғалатын басқа да ақпараттардан өзге кез келген ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етеді» делінген. Өңірімізде биліктің, мемлекеттік органның ашықтығын қамтамасыз ету бағытында нендей шаралар қолға алынды?
– Елбасы 5 институттық реформаны жариялағаннан соң елдің бәрі насихат жұмыстарын бастап кетті. Ал біздің облыс осы кезде тағы да бірінші болып елімізге танымал журналистердің басын қосып, ақпараттық қамту бойынша 100 нақты қадам аясында журналистер форумын өткізді. Оған Алматы, Астана, Тараз қалалары мен Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарынан әріптестеріміз келді. Ақпараттық қамтудың ашықтығы жөнінде сүбелі әңгімелер айтылды. Соның нәтижесі ретінде облыста «Оңтүстік» ақпарат орталығын аштық. Бұл Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінің біздің облыстағы филиалы іспеттес. Мұнда түзілген кестеге сай күн сайын мемлекеттік мекемелер мен басқарма басшылары, аудан әкімдері атқарып жатқан жұмыстарының есебін беріп, брифинг өткізеді. Мұнда бұдан басқа әртүрлі аумақтық департаменттің басшылары да келіп, есеп береді. Нәтижесінде, қазір облыста атқарылып жатқан жұмыстың барлығынан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық құлағдар болып отыр. Бұл істелініп жатқан жұмыстың нақты көрінісі. Жуырда «барлық облыстарда Оңтүстік Қазақстан облысындағыдай ақпарат орталықтары ашылсын» деген мәтінде Астанадан хат келді. Әрине, бұл мәтін өзге өңірлерге жіберілген соң біздің облысқа да түсіп қалған ғой. Енді басқа облыстағы әріптестер хабарласып, орталықты қалай ашқанымызды сұрап жатыр. Яғни мұнда да бірінші болып біздің облыс ақпарат орталығын ашты, ақпараттың қолжетімділігін арттырды.
– Бүгінде облыс әкімінің баспасөз қызметінде едәуір ілгерілеушілік бар екені рас. Жалпы мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуде заманауи баспасөз қызметі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– 15 жыл телеарнада жұмыс істедім. 4 бірдей телеарнада жүргізуші болдым. Қатардағы журналист болдым, жаңалықтар қызметін басқардым. Тілші, репортерлықты да атқардым. Сол кездерде жұмыс барысында көптеген мемлекеттік мекемелердің баспасөз қызметтеріне хабарласатынбыз. Сонда олардың жұмыстарына қарным ашатын. Жібі түзу ақпарат ала алмаймыз, алған күннің өзінде кеш қолға түседі. Ал ақпарат деген күтіп тұрмайды ғой. Кешкі жаңалыққа беру керек, сағат 19.00-де эфирге шығару қажет. Ол қызметте отырғандар журналист емес, телевидениенің өзінің ерекшеліктеріне сай ақпарат беру тәсілдерін түсінбейді. Арада байланыс аз. Соны өз басымнан кешіріп көрдім. Сондықтан облысқа келгенімде, бірінші кезекте ақпараттың қолжетімділігіне, ақпараттың халыққа шынайы түрде тез жетуіне атсалыстым. Мәселен, болған оқиға ертеңді күтіп тұрмайды, ақпарат кешіккен сайын ол түрлі бағытта тарап кетуі мүмкін. Біз осыны қызметкерлерге, мекеме басшыларына айтып түсіндіріп, нәтижесінде облыстағы болған оқиғаның теріс бағытта тарап кетпеуіне жұмыстар жүргіздік, міндеттедік. Журналистерге жауап беретін маманның сол мәселені толық білетін маман болуын немесе мекеме басшысының өзінің жауап беруін қадағаладық. Соның арқасында ашықтыққа қол жеткіздік. Баспасөз қызметінің де беделі артып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуде заманауи жағдайға жеттік деп айтсақ, еш қателеспейміз. Біздің облыстың тәжірибесі басқа облыстарға үлгі болды да. Қызылорда Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары сынды көптеген өңірлер осындай жүйеге көшті. Оған куә болып та жатырмыз. Менің бұрынғы көптеген әріптестерім баспасөз хатшылығына ауысты. Сол себепті бұдан қоғам ұтты. Мемлекеттік органдардың ашықтығы артты. Енді алдағы уақытта бұл жұмысты жетілдіре беру керек деп ойлаймын.
– Қазақ қоғамына имиджмейкерлер енді-енді қадам басып келеді. Сізді де жұрт «Мырзахметовтың имиджмейкері» деп айтып жүр. Атқарылған жұмыс ауқымды, бірақ оны көрсете білу де өнер. Мырзахметовтың саяси портретін қалыптастыруға өзіндік үлес қосқаныңызды ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл жұмыс Сізге қиынға соққан жоқ па?
– Жақында ғана бір сайттан оқып қалдым. «Саяси имидж қалыптастыру – бизнестегі жарнамадан да күрделі дүние» деп жазылған сөзге «дұрыс айтылған» деген пікірлер келтіріліпті. «Оңтүстіктегі жаңалықтарды Бекең осы пост арқылы таныстырып отырды» деген де пікір бар. Маған жұрттың «Мырзахметовтың имиджмейкері» деп ат қойып, айдар таққанына бір жағынан асыра айтқандық деп білемін. Ол кісі менсіз де республикаға танымал белді саясаткер. Алты жарым жыл облыс басқарды, оның алдында да елші, министр болды. Өзінің еңбегі, бұрынғы жинаған беделінің арқасында үлкен саяси мекеменің басшылығына барып жайғасты.
– Дегенмен де, жұрт бәрібір сіз екеуіңізді байланыстырып жатады ғой...
– Иә, байланыстырып жатады. Бірақ бұл артық сөз деп ойлаймын. Өйткені әр нәрсенің өзіндік орны бар. «Мырзахметовтың саяси беделін көтеруге үлес қосып жатыр» деп ол кісінің қасына мені қосса, шыны керек қуанамын. Әрине, септігімнің тигеніне. Бірақ ол кісінің беделін түбегейлі көтерген мен емеспін. Ол кісінің өзінің орны бар. Қалыптасқан фигура, мықты талапшыл, мемлекетшіл тұлға. Оның алдағы уақыттағы жұмысы да ауқымды, жауапкершілігі де артты. Елбасы сенім білдірді. Сол сенімнен шығып, бұрынғы жинаған беделіне тағы қосымша бедел арттыратынына еш күмәнім жоқ.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Г. ҚАЛМЫРЗА,
Оңтүстік Қазақстан облысы