Бүгін Парламент Мәжілісінде жаңа редакцияланған Еңбек кодексі таныстырылды.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова атап өткендей, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Қазақстан Республикасының заңнамасын Еңбек кодексінің жобасына сәйкестендіру мақсатында әзірленген.
«Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің жобасы бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 қадамды, соның ішінде 83-қадам - еңбек қатынастарын ырықтандыруды жүзеге асыру аясында әзірленді.
«Жаңа Еңбек кодексі арқылы еңбек қатынастарына мемлекеттік араласу шегін нақты айқындап алу ұсынылады. Қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу мәселелерін жұмыс берушінің және қызметкердің өзара және ұжымдық іс-әрекеттері қағидаттарында регламенттеу қарастырылған. Сонымен қатар, қазіргі кодекске сай, жұмыс сағатынан артық жұмыс істеген адамға 1,5 есе көлемінде артық ақша төленеді. Мереке және демалыс күндерінде жұмысқа шыққаны үшін екі есе артық және түнгі бір сағат жұмысына 1,5 есе көлемнен аз емес жалақы төленеді. Жұмыс беруші қызметкерді оның келісімін ала отырып артық жұмысқа тарта алады», - деп түсіндірді Т.Дүйсенова.