Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мен «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі тарапынан Біркөлік шатқалында «КазМикроФинанс» ЖШС-нің ұжымына тренинг өткізілді.
Тренингтің негізгі мақсаты – Ел басының бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға байланысты ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын кеңінен насихаттау және оны жүзеге асыру болып табылады.
– Біздің жұмыстың негізгі бағыты – мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық дәрежелерін талдау және анықтау. Осы ретте біз «100 нақты қадамның» алғашқы кәсіби мемлекеттік аппарат құру туралы бөлімін басшылыққа аламыз. Сондай-ақ, талдаудың әдістері, бағыттары мемлекеттік орган қызметінің ерекшеліктеріне қарай анықталып отырады. «100 нақты қадамда» көрсетілген тапсырмалар оны одан әрі нақтылай түсуімен ерекшеленеді. Оның ішінде саланың заңнамалары мен талдау жасалатын мемлекеттік органның ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіне, яғни мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына, бақылау функцияларын жүзеге асыруға, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру, кадрлар бойынша қабылданған шешімдер, қызметтік этика нормаларын сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, қызметтік орган басшылығы тарапынан сыбайлас жемқорлық көздерін тауып, оны жоюды жүзеге асыруы және немқұрайлылық танытпау шаралары ерекше ескерілетін болады, - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары.
Олардың түсіндіруінше, бұл ретте талдау және анықтау шараларының негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.
Сондай-ақ, мамандардың мәлімдеуінше, департаменттің сотқа дейінгі тергеу басқармасының бөлімдері сыбайлас жемқорлықпен, парақорлықпен қатаң түрде күресе отырып, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру барысында бюджет қаржысын жымқыру фактілерінің алдын алу бағытында жұмыс істейді.