$ 494.87  520.65  4.91

Жалақы сіңірген еңбекке қарай төленеді

Облыстық кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Берік Бекжанов  кәсіподақтар активімен кездесу өткізді. Тақырып Елбасының 5 институттық реформасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына арналды.

Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Досыбай Шерімқұлов жүргізіп отырған жиынға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары да қатысты.

Іс-шараны ұйымдастырған кәсіподақтар орталығына ризашылығын білдірген Б. Бекжанов  Ұлт жоспарының маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бес институттық реформасын жүзеге асыру – бұл жаһандық ішкі сын-қатерлерге жауап және жаңа тарихи жағдайларда дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену жөніндегі баянды бағдарлама екендігін атап өтті.

- Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, тура жолдан таймауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын және заң үстемділігін қамтамасыз ететін болады, – деген Б.Бекжанов ондағы бірінші реформа «Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға» байланысты болатын өзгерістер мен жаңалықтарды әр қадам бойынша жіліктеп түсіндірді.

- Көбіне сіздер мен біздердің қызметіміз бір арнаға тоғысады. Сіздер - жұмысшылардың жанайқайын қорғайтын қоғамдық ұйымсыздар. Сондықтан бұл жиынның екі жаққа да маңызы зор, - деді Б. Бекжанов.

Сонымен бірге,  Мемлекет басшысының Ұлт жоспарында мемлекеттік қызметке тұтастай 15 қадамды арнауы тектен-тек емес екендігін, бірқатар өзгерістер болатынын атап өтті. Бұдан былай 5-қадамда айтылғандай мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы сіңірген еңбегіне қарай төленетіні, қызметкерден өзіне тиісті емес функцияларды алып тастап, нақты өз ісін атқаруына көңіл бөлінетіні де айтылды.

Жиында  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы  Гүлжан Мұсабекова «100 нақты қадамның» маңыздылығы, автономиялы кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі жөнінде баяндама жасады. Бес институттық реформаны жүзеге асыру еліміздің әрбір азаматына және Қазақстанның болашағына қатысты болғандықтан, бұл бағытта ортақ ұсыныстар ортаға салынды, оларды жүзеге асырудың механизмдері де әңгіме болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары