"Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз" деген мақсатпен 1995 жылдың 30 тамызында еліміздің негізгі заңы – Конституция қабылданды.
Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті. Әрине, барлық мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының басты мақсаты халыққа қызмет ете отырып, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады. Өйткені, Конституцияның 13-бабы 2-тармағына сәйкес, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Бұл азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудің тағы бір тәсілі ретінде сотқа жүгіну мүмкіндігі бар екендігінің белгісі. Сот-құқықтық реформалардың жүргізілуі мемлекетте тәуелсіз әрі жоғары сот билігінің орнығуына әкелді. Сотқа азаматтардың сенімінің артқандығын жыл сайын сотқа жүгінген азаматтар арыздарының артуынан көруге болады. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, сотпен азаматтардың талап-арызының қанағаттандырылуы оның құқықтарының қалпына келтірілуінің кепілі болып табылмайды. Осы жерде азаматтық іс жүргізудің негізгі сатыларының бірі – сот актісін орындау барысына толығырақ тоқтауды жөн көріп отырмыз. Мәселен, азаматтық және қылмыстық (сома өндіріп алуға қатысты) құқықтық қатынастардағы соңғы саты ретінде заңды күшіне енген сот актісінің мерзімінде әрі толық орындалуы жоғарыда аталған Конституция нормасын шынайы жүзеге асыру болып табылады. Өкінішке қарай, сот актісінің мерзімінде әрі толық орындалуы бүгінгі таңда көкейкесті мәселе екендігі ешкімге де құпия емес. Осыған орай, бұл мәселені шешу мақсатында сот орындаушылар институтын жетілдіру үшін аталған қатынастарды реттеуге бағытталған еліміздің заң шығарушы органы заңнамаға толықтырулар мен өзгертулер енгізу жұмыстарын жүргізуде. Өйткені, Конституцияның 83-бабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ, заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады. Осы орайда прокуратура органдары заңдардың Конституцияға сәйкес дәлме-дәл әрі біркелкі орындалуына қадағалау жүргізуші жоғарғы орган болғандықтан заң бұзушылықтар туындауын көрген жағдайда, қарама-қайшылықтарды болдырмауды прокуратура органдарының тікелей міндеті деп білуге болады. Атап айтқанда, Қылмыстық атқару кодексінің 51-бабына сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде айыппұлды төлемеген және өзiнiң кірістерін не мүлкiн мәжбүрлеп өндiрiп алудан жасыратын сотталған адам айыппұл төлеуден жалтарып жүр деп танылады. Айыппұл төлеуден жалтарып жүрген сотталған адамға қатысты сот орындаушысы сотқа Қылмыстық кодекске сәйкес айыппұлды жазаның басқа түрiне ауыстыру туралы ұсыну жібереді. Аталған норманың мазмұнынан сот орындаушысына айыппұлды өндіріп алу туралы атқару құжатын орындау үшін бір ай мерзім берілгендігін түсінуге болады. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушысының мәртебесі туралы» Заңның 39-бабының 1-тармағына сәйкес, мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ, заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс. Аталған екі норманың арасында қарама-қайшылық бар екендігін ескере отырып, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушысының мәртебесі туралы» Заңның 39-бабының 1-тармағына «мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде, ал соттың үкімдері бойынша айыппұл өндіріп алу туралы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап бір айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс», деген толықтыру енгізу қажет деп есептейміз. Елімізде заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның негізгі идеялары мен қағидаларын құқықтық мемлекет құрылымының жаңа кезеңінің аясында өмірімізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру және тиісінше ұлттық құқықтың тұрақтылығы, құқықтық реттеудің пәрменділігі мемлекеттік биліктің барлық тармағының сындарлы өзара іс-қимылына, билік органдары қабылдаған шешімдердің сапасына және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне байланысты.
Ең алдымен айтатынымыз – осы Конституцияның алғашқы екі бөлімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адамның құқықтарын қорғауға негізделген. Бұл ретте әлеуметтік және экономикалық, азаматтық пен саяси құқықтардың барлығын алсақ та, адам құқының қорғалуы 99 пайыз қорғау нормаларын қамтыған. Өйткені, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттің құқықтық тұрғыда қалыптасуы үшін сол кездегі әлемдік деңгейдегі құқықтық қалыптардың барлығы түгелдей дерлік енгізілген. Бұл сөзімізді нақтылай түсу үшін Конституциямыздың 1-бабы мен 12-бабына назар аударайық. Онда былай айтылады: «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Демек, біз бірінші орынға адамды қойдық, одан кейін оның өмірі, содан кейін ғана барып мемлекет. Яғни, «мемлекет» деген ұғымды, адамның құқын қамтамасыз ететін құрылым ретінде қарау керекпіз. Ал енді Кеңес заманында бұл ұғым басқаша болатын. Бірінші – мемлекет, содан кейін – қоғам, ал адамның құқы үшінші кезекте тұратын. Қазір бәрі өзгерді. Маңыздысы сол – алдыңғы орынға адам шықты. Ал енді жоғарыда атап өткен 12-бапты көпшілік терең біле бермейді. Өйткені, онда ең алдымен, үлкен мән бар. Біз оны «табиғи теория» дейміз. Осыны негізге ала отырып, кейде өлім жазасынан бас тартуды жөн санадық. Өлім жазасы жай нәрсе емес екені белгілі. Себебі, мұның бастауының өзі табиғи тұжырыммен тікелей байланысты. Айталық, адам табиғаттан туды, табиғат оны өзіне алып кетеді. Ал жоғарыда атап өткен 12-баптың 2-тармақшасында былай дейді: «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумасынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады». Ендеше, адам болса, оның – құқы да бар, ал адам жоқ болса – құқық та жоқ. Демек, құқықтың қорғалуына мемлекет өзі кепілдік беріп отыр. Егер адам туылғаннан бастап құқықтары болса, оны қорғау міндет. Екіншіден, бізде құқықтық мемлекет деген тағы бір доктрина бар. Біз құқықтық мемлекетпіз. Оның да он екінші тармағында солай жазылған. Сондай-ақ, құқықтық мемлекеттерге қатысты кезінде Канттың теориясы болған – ол заңның үстемдігі әрі жоғары тұратындығы еді. Бірақ ол жерде адам құқықтары ұмыт қалып жататын. Айталық, фашистік Германияда да заң үстемдігі болған, бірақ олар адам құқықтарын қорғаған жоқ. Ал біздің Ата Заңымыздың 12-бап, 2-тармағында айқын көрсетілген осы – табиғи тұжырым адамның құқықтары. Құқықтық мемлекетте бұл тұжырым бірінші орында тұруы тиіс. Сонымен қатар, осы 12-баптың 4-тармағында: «Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады» делінген. Теориялық тұрғыдан нақты осылай жазылған. Өйткені, бұлар өзінің мазмұнымен өте құнды болып табылады. Мысалы, Венециялық комиссия мен Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы біздің заңды нормаларымыздың адам құқын қорғауға қабілеттігін тексергенде ол халықаралық шарт, талаптармен жүз пайыз сәйкес келді. Десек те, кейде біздің қоғамда Конституцияның емес, осыдан негізін алып тарайтын заң нормаларын орындау барысында олқылықтар көрініс тауып жатады. Заң мен оның баптары қалай орындалады? Міне, осы жерде мәселе туындайды. Тіпті, кейде заңдардың Конституцияға сәйкес келмейтін кездері де болып жатады. Алайда, Ата Заңымызда барлық мәселе айқын әрі нақты жазылған. Сонымен қатар, басымдық бере айтқым келетіні – Конституцияның 39-бабы. Онда да халықаралық стандарттарға сай келетін барлық мәселе терең жазылған. Яғни, осы баптың бірінші тармағында: «Адамның және азамзаттың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін» делінген болса, 2-тармағында: «Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп, нақты атап көрсетілген. Демек, адам құқы белгілі бір шеңберде шектелуінің өзі халықаралық талап, нормаларға қайшы емес деген сөз. Тек бұл жерде құқықты шектеу, Үкіметтің немесе Парламенттің шешімімен емес, тиісті заңдармен ғана шектеледі деп көрсетілген. Осы ретте заң өзінің негізін Конституция шеңберінде ала отырып және ол Конституцияда көрсетілгеніндей орындалуы тиіс. Біз бұл деңгейге әлі толық жете алмай жатқан жайымыз бар. Ол үшін бәлкім біршама уақыт керек шығар. Мысалы, телефонның тыңдалмауы, электронды поштаңыздың тексерілмеуі, жеке өміріңізге қатысты құпия мәліметтердің жария болмауы, мұның бәрі де жеке азаматтың негізгі құқықтары болып табылғанымен, кей кездерде жеке адамның осы құқықтарының өзін шектеу туралы арнайы тармақтар жоқ емес. Олар ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіптің алдын алуда, қоғамдық тәртіпті сақтауда, жеке адамдардың құқын сақтауда және денсаулықты сақтауға байланысты кері әсер ететін әрекеттермен күресу. Мысалы, нашақорлыққа қарсы күресу шаралары. Кейде азамат құқын имандылық үшін де шектеуге тура келеді. Себебі, соңғы жылдарда әлемді үрейлендіре бастаған терроризм мәселесі биліктің кейде адам құқын шектеуіне тура келетіндігін конституциялық тұрғыдан дұрыс деп қабылдағанымыз жөн. Осы жайттарға байланысты практикалық бір мысал келтірейік: айталық бір кісі қоғамдық орында әлем-жәлем киініп жүрсе, оның қоғамға кері әсері жағымды болмасы анық. Бұл жерде ондай азамат құқының қорғалуын алға тартқанымызбен, жоғарыда аталған баптың тармақтарына сәйкес, өзге азаматтардың қауіпсіздігі мен құқының қорғалуы үшін әлем-жәлем киінген адамның құқын шектей отырып, жауапкершілікке тартуға тура келеді. Міне, бұл мәселе де Ата Заңымызда айқын жазылған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген, яғни барлық қазақстандық азаматтар мемлекеттің кепілдік беретін барлық құқықтарына ие болып табылады. Бұрын Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстан кеңестік социалистік республикасының Қылмыстық кодексінде ең алдымен мемлекетке қарсы жасалған қылмыстарға басымдық беріліп, оның 1-тарауы «Мемлекеттік қылмыстар» деп аталатын. Қазір тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде адам құқығы алдыңғы орынға қойылған. Ол «Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деп аталып, құжаттағы ерекше бөлімнің 1-тарауына орналастырылды. Яғни, еліміздің ең асыл қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ерекше қорғауында тұр деген сөз. Ата Заңымыз – Қазақстанның ашық, демократиялық, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет болып қалыптасу, даму жолындағы ең жоғары заңдық күші бар негізгі заң. Мемлекеттік билік тармақтарының тепе-теңдігі, саяси партиялардың плюрализмі, қоғамдық ұйымдардың өз мүдделерін еркін білдіре алуы, ашық сайлау, толерантты азаматтық қоғам, омбудсмен институтының болуы – құқықтық мемлекеттің негізгі нышандары. Алуан түрлі жобаларды жүзеге асыратын 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. Қазақстан Конституциясы әлемдегі ең үздік құқықтық тәжірибелерге, гуманистік идеяларға негізделіп, жоғары заңдылықты сақтай отырып жасалғандықтан, оны оқыған сайын әрбір әрпінен заңның үстемдігі мен демократиялық қағидаттар аңғарылып тұрады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған әрбір Жолдауы, баяндамалары адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық тәртіп пен заңдылықты күшейту іс-шараларымен негізделген. 2012 жылы желтоқсан айында Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек. Классиканы оқыңыздар, фильмдерді көріңіздер», деп жазған болатын. Аталған құжаттарда қылмыстық саясаттың барлық бағыттарының демократияландырылып, тиісінше ондағы ақпараттардың ашықтығы мен тұнықтығын қамтамасыз етуге бағытталғандығын анық көруге болады. Өйткені, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі, құқықтық мәдениетті, көзқарастарды, құндылықтарды, құқықтық сананы, тәрбиені қалыптастыру Конституциядан бастау алады. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында «құқық және экономика» мамандығы студенттерінің белсене қатысуымен жыл сайын «Конституция – әр үйге» ашық дәрістері өтеді. Бүгінгі жастар өздеріне барлық құқық пен бостандықты беріп отырған Ата Заңды білуі тиіс. Сабақтан тыс ашық дәрістердің көздеген мақсаты да сол. Биыл мерекелі жылы студенттер «Ата Заңым – айбыным!» атты дөңгелек үстел нұсқасында пікір алмасу мәжілісін өткізді. Конституциямыздың 20-жылдығына арналған кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының аумағында 127 жоғары оқу орны болса, оның 72-сі жекеменшік. Барлық жоғары оқу орындары Болонья үрдісіне енуімізге байланысты кредиттік оқыту жүйесіне негізделген. Бұл ортақ жүйе білім мен ғылым саласының интеграциялануына жағымды жағдай туғызып, дипломдардың Еуропа елдерінде танылуына мүмкіндік туғызады, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқытушы профессорлар құрамының, студенттердің өзара тәжірибе алмасуына өте тиімді. Ұлы Абай өзінің 18-ші қара сөзінде «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деп байлам жасаған. Білім мен ғылым болашаққа салынған үлкен капитал. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабында: «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті. Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар. Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек», делінген. Білім алу құқығы қазіргі заманғы қоғамның аса маңызды игіліктерінің бірегейі болып табылады. Білім сапасы әрбір қазақстандық азаматтың рухани-адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени және дене дамуының, кәсіби біліктілігінің деңгейін қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар тудыруы тиіс. Жоғары оқу орындарына конкурстық негізде түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу арқылы әрбір азамат өзінің білім деңгейіне сәйкес тең құқықта өзінің сүйікті мамандығының иесі атана алады. Білім сапасын тексеру мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі құрамында Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті жоғары оқу орындарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу жүргізеді және лицензиялық заңдарға қойылатын талаптардың сақталуын тексереді. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 59-бабының 4 тармағына сәйкес, жоғары оқу орны тәуелсіз (мемлекеттік емес) аккредитациялық органдардан институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан өткен жағдайда 5 жылдан аспайтын мерзімінде мемлекеттік аттестациядан босатылады. 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес 2015 жылдан бастап мемлекеттік аттестация ұлттық институционалдық аккредитациямен алмастырылып, мемлекеттік бақылау тек лицензиялық тексерулермен ғана шектелуі тиіс болатын. Алайда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов Парламент Мәжілісі депутаттарының алдында мемлекеттік аттестаттау жүйесін 2017 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруды ұсынды. Бұл мәселе өзінің орынды шешімін табатынына біздің сеніміміз мол. Осылайша Қазақстан Республикасының Конституциясы толыққанды мемлекеттігіміз бен өркениетті құқықтық қоғам құруымызды әрқашан негіздеп отырады.