Осы жылдың маусым айының көрсеткіші бойынша, еліміздің 8,6 млн. адамы жұмыспен қамтылған болатын. Өткен жылға қарағанда олардың саны 63,1 мың адамға көбейді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Статистика агенттігінің ресми сайтындағы мәліметіне жүгінсек, жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 6,0 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 69,8%) құрады.
2014 жылғы II тоқсан деректеріне сүйенсек, өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан жұмыспен нәтижелі қамтылғандар үлесі 70 пайызды құраса, жұмыспен нәтижесіз қамтылғандар – 30 пайыз болып отыр.
«2014 жылғы маусымда жұмыссыздар саны, бағалау бойынша 459,8 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2014 жылғы маусым айының соңына 55,6 мың адам («Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысатындар құрамына енгізілген тұлғалардың есебінсіз) ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,6%-ын құрады (2013 жылғы маусымда – 0,7%)», делінген хабарламада.
2014 жылғы 1 маусымға бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,3%-ын құраған еді.