Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халық денсаулығын нығайтуда жаңа жетістіктерге қол жеткізу мақсатында ағымдағы жылдың 2 шілдесінде ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Мемлекет басшысының №851 Жарлығы шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың тиімділігін арттыру және оңтайландыру, ұқсас бағыттарын біріктіру мақсатында 2012-2012 жылдарға арналған ҚР Онкологиялық көмекті дамыту салалық бағдарламасы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен ықпалдастырылды.
«Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылатын іс-шаралар бір ғана мекеменің құзіретіне кірмейді. Бұл салада бірқатар министрліктердің мүдделері тоғысады, атап айтқанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (әлеуметтік қызметтер көрсету, еңбекпен қамту, еңбек қауіпсіздігі), Білім және ғылым (тәрбие және оқыту), Ішкі істер (жарақаттанушылықты азайту) және т.б. Оған қоса, мемлекеттік бағдарламаның нысаналы индикаторларына жету үшін ел азаматтарының және жергілікті атқарушы органдардың белсенді қатысуы керек», делінген хабарламада.
Жалпы, денсаулық сақтау саласында сектораралық өзара іс-әрекеттестікке, мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың жеке және қоғамдық денсаулық үшін ортақ жауапкершілігіне негізделген мемлекеттік бағдарламаның табысты іске асырылуы 2020 жылға қарай қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін арттыруға мүмкіндік береді.