Венгрия астанасы Будапешт қаласында Халықаралық Түркі академиясы мен Қазақстан Республикасының Венгриядығы Елшілігі ұйымдастырған «Ұлы Даладағы мемлекеттік дәстүр сабақтастығы» атты халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Еуропа төрінде алғаш өтіп жатқан жиынға Венгрия ғылым академиясы қолдау көрсетіп отыр.
Алқалы жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркияжәне және Венгрияның белгілі ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысауда. Атап айтқанда, басқосуды Қазақстанның Венгриядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов, Венгрия мемлекеттік хатшысының орынбасары Жолт Чутора, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Венгрия ғылым академиясы Гуманитарлық ғылымдар зерттеу орталығы директорының орынбасары Балажа Балога, Түркі кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Будапешттегі Юнус Эмре атындағы түрік мәдениеті орталығының директоры Якуп Гүл және Түркі кеңесінің халықаралық өкілі Хатиже Тугба Икизлер құттықтау сөз сөйлеп ашты.
Бұдан әрі конференция белгілі ғалымдардың баяндамаларымен жалғасын табады. Қатысушылардың қатарында профессорлар Зардыхан Қинаятұлы (Қазақстан), Қадыралы Конқобаев (Қырғызстан), Иштван Зимони (Венгриядағы Сегед университеті Алтаистика кафедрасының жетекшісі), Болат Көмеков (Қазақстан), Мария Иванич (Венгрия ғылым академиясы Түркологиялық зерттеулер тобының жетекшісі), сонымен қатар Бақыт Еженханұлы (Халықаралық Түркі академиясы), Дәуіт Шомпай (Венгрия ғылым академиясы), Раушан Мұқышева (Венгрия, Сегед университеті), Эстер Отто-Ковач (Сегед университетінің PhD тыңдаушысы) қатарлы ғалымдар бар.
Баршаға белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы республикалық және халықаралық деңгейде кеңінен аталып өтуде. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы Қазақстанда және шет мемлекеттерде бірнеше ғылыми жиындар ұйымдастырды. Түбі бір түркі халықтары тарихи атажұрт санайтын Ұлы Дала тарихын шетелдерде таныта түсетін Венгриядағы конференция сол бастаманың жалғасы болып саналады.
Айта кету керек, бұл жиынның Мадиярлар елінде өтуінің өзіндік себебі бар. Ғұндар мен Атилланың ұрпақтары саналатын мажарлар өздерін Ұлы Даланың бөлшегі деп есептейді. Сондықтан Қазақстанның Венгриядағы елшісі Н.Рустемовтың ұйтқы болуымен ұйымдастырылған шараға Мажар ғалымдары үлкен қолдау көрсетуде.
Мемлекеттілік тұғырдың нығаюы әлем алдындағы саяси және экономикалық беделіміздің артуына, ал ол өз кезегінде еліміздің халықаралық аренадағы өзіндік рөлін айқындап беруіне алып келді. Әрине, мұндай жетістікке жетудің тамыры тереңде жатқаны мәлім. Осы тұрғыдан келгенде, «Астана» Ұлттық сурет галереясы» РММ кітапханасы қазақ мемлекеттігі тарихын зерттеу арқылы тарихи санамызды жаңғырту үшін мол мүмкіншіліктер жасап отыр. Оның қорында ұлт тарихына қатысты еңбектер мол. Жалпы, жазба тарихтың бір нұсқасы М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты әйгілі еңбегінен басталды десек, бұл құндылық алғаш рет қазақ оқырмандарына қолжазба нұсқасынан тәржімаланып, ұсынылды. Кітап тарихшылар, әдебиетшілер мен мәдениеттанушыларға, философтар мен дінтанушыларға, сондай-ақ көпшілік оқырмандарға арналған. Ал А.И.Левшиннің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» туындысында автор қазақ халқының тарихын, географиясы мен этнографиясын зерттеді.
Сонымен бірге, бұл кітапта автордың өзі құрастырған Қазақстанның 1831 жылғы географиялық картасы да көрініс тапқан. Осы еңбек алғаш рет 1832 жылы Петербургте 400 данамен жарық көрген екен. Негізінен онда XVIIІ ғасырдың аяғына дейінгі қазақ даласының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті жан-жақты берілген. Бұдан басқа кітапхана қорында Г.Табулдин, Р.Қ.Өмірзақов және А.Г.Оловинцовтардың «Қазақ хандары және олардың ұрпақтары» (2013) атты еңбегінде қазақ зандарының түп-тегіне, шежірелеріне жеке-жеке тоқталған тұстар бар.
Әсіресе, Шыңғыс хан ұрпақтарының туыстық-отбасылық байланыстары зерделенеді. Тағы бір айта кетерлігі, З.С.Тайшыбайдың «Абылай хан» атты кітабында Абылай ханның өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар жинағы топтастырылған. Ал Қ.Бегалиннің «Алтын Орда хандары» (2007) еңбегінен Алтын Орданың құрылуы және онда билік жүргізген әмірлер жайлы да көптеген қосымша мағлұматтар алуға болады. Т.Сұлтановтың «История казахского ханства», татар тарихшысы Б.Р.Рахимзяновтың «Касимовское ханство» (2009) еңбегінде XV-XVII ғасырлардағы Қасым ханның билігі тұсындағы түрік-татар мемлекетінің тарихы баяндалса, Э.Валихановтың «Кенесары хан» эссесінде Кенесары ханның 1837-1847 жылдардағы 10 жыл бойғы көтерілісі бейнеленеді. Сонымен қатар, қазақ әдебиеті тарихында да қазақ хандарының бейнесін суреттеу үлкен орын аларын ерекше атап кеткен жөн.
Атап айтатын болсақ, М.Мағауиннің құрастыруымен «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» атты еңбекте сол кезде зор беделге ие болған Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиембай, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар сияқты ойшыл-жыраулардың толғауларында қазақ хандарына қатысты деректер ғана емес, замана күйі, халықтың мұң-мүдделері сыр шертеді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған өткен жылғы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлт тарихына қатысты мәселелерге де тоқталған еді. «Тарихсыз болашақ жоқ. Ұлы Далада күллі Еуразия құрлығын уысына ұстаған талай алып мемлекеттер болды. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан сол бабалардың заңды мұрагері.
Адамзат тарихында қазіргі қалыптағы мемлекет үлгісі тек соңғы бірнеше ғасырда ғана пайда болғанын білеміз. Ал бұл кез біздің халқымыздың бостандықтан айырылып, бодандыққа түскен мезетіне тап келді. Көк түріктер мен Алтын Орданың айбарын айтпағанда, Қазақ хандығы біздің елдігіміздің түп тамыры», – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы. Шынымен де, ұлттық тарихты тану және оны құрметтей білу – әрбір адамның азаматтық борышы. Тарихымызға үңілетін болсақ, қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында құрылғаны белгілі. Хандықтың құрылуы Керей мен Жәнібектің басшылығымен Шу және Талас өзендерінің жазығынан бастау алған. Бұл оқиға қазақ халқының тарихындағы маңызды кезең саналады. Қазақ хандығының құрылуына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар. Осындай саяси үрдісте жетекші рөлдер атқарған сол екі басты тұлға, яғни Керей мен Жәнібек хандар туралы зерттеулер толығу үстінде.
«Астана» Ұлттық сурет галереясы» РММ кітапханасында жалпы тарихқа, Қазақ мемлекеттігіне, Қазақ хандығына қатысты мәліметтер баршылық. Осы арада кітапхана тарихына аз да болса тоқталып кетуді жөн көрдім. Кітапхана іргетасы бұрынғы Целиноград қаласында 1960 жылы қалалық кітапхана болып қаланып, сол кезден бастап негізгі қоры құрыла бастады. Одан соң кітапхана С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасы аталып, 2000 жылы Президенттік мәдениет орталығына көшірілді. 2014 жылдың басынан бастап мекеменің аты өзгеріп, «Астана» Ұлттық сурет галереясы» РММ болып аталды. Қазіргі таңда кітапханада барлық сала бойынша 514 000 кітап қоры болса, оның ішінде 20 000-ға жуығы жалпы тарихқа арналған, ал Қазақстан тарихына, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырған Қазақ хандығына қатысты 2 мыңға жуық кітаптар мен монографиялар, сирек қордағы кітаптар, 500-ге жуық авторефераттар, мыңдаған маусымдық басылымдарда жарияланған мақалалар және электрондық ресурстар бар. Атап айтатын болсақ, Б.Аяған, Х.Әбжанов, А.Исиннің 2011 жылы жарық көрген «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы», А.Сейдімбектің «Қазақ әлемі: Этномәдени пайымдау», Қ.Салғараұлының «Қазақтар», «Хандар кестесі», Б.Еженханұлының құрастыруымен «Қазақтардың Шыңжаң және Моңғол жерлеріне қоныс аудару тарихына байланысты қытай құжаттары», «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары», А.Құнтөлеуұлының «Әбілқайыр хан», М.Әбусейітованың «Казахское ханство во второй половине 16 века», В.Я.Басинның «Россия и казахские ханства I-XVIII вв: (Казахстан в системе внешней политики Российской империи)», А.А.Галиевтің «Керей и Жанибек: История, личность, время», Т.Жұмахановтың «Казахское ханство» (Алматы, 2006), Ж.Касымбаевтың «Государственные деятели Казахских ханств XVIII — первой половины XIX в.», М.Серікбаевтың «Казахское ханство в середине XV-XVIII вв. и его военно-политические отношения с Джунгарией», Т.Сұлтановтың «Рождение казахской государственности. История казахского ханств», Т.Сұлтановтың «Қазақ мемлекеттiлiгiнiң құрылуы. Қазақ хандығының тарихы», «Алтын Орда: Еуразия даласындағы Шыңғыс хан ұрпақтарының мемлекеті», «Ұлы Дала мемлекеттері», «100 құжат: Қазақ хандығы мен чиң империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар», З.Қинаятұлының «Қазақ мемлекеті және Жошы хан: тарихи-сараптамалық зерттеулер», т.б. көптеген әртүрлі монографиялар бар. Жеке-жеке тоқталсақ, мысалы, тарих ғылымдарының докторы Б.Кәрібаевтың «Қазақ хандығының құрылу тарихы», тарих ғылымдарының кандидаттары Н.Атығаевтың «Казахское ханство в ХV-середине ХVІ века», Б.Ғабдулинаның «Қазақ хандығының көрші мемлекеттермен қарым-қатынасы ХVІІ ғасырдың соңы — ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысы», тарихшы-ғалымдар Е.Бұлановтың «Қазақ халқы қалыптасуының аяқталу кезеңі: тарихнамалық талдау (ХІV-ХV ғғ.)», Ж.Жақсығалиевтың «Әбілқайыр ханның саяси-мәмілегерлік қызметі» авторефераттарында да қазақ хандығының құрылу тарихын, алғышарттарын, себептерін ашып көрсеткен.
Ресей тарихшысы С.В.Харченконың 2013 жылы жарық көрген «Лица времён XII-XXI вв.» еңбегін де біздің кітапханадан алып оқуға болады, онда автор қазақ хандарына жеке-жеке тоқталған. Онда келтірілген мысалдар тарихи әдебиеттен, күнделікті баспасөзден бұрыннан белгілі жайт болса да автордың пайымдауында оларға жаңаша сипат беріледі.
Біз кітапты оқи отырып, Шыңғыс ханның, Керей мен Жәнібектің, Бұрындық ханның, Қасым ханның, Хақназар ханның, Есім ханның, Тәуке ханның, Әбілхайыр мен Жолбарыс ханның, Абылай хан мен Уәли ханның, бейбітшілікті аңсаған Кенесары ханның және де басқа ұлы дала дарабоздарының болмысына, олар өмір сүрген уақыт тұңғиығына үңілеміз.
Өткен жылы Елбасы Астана қаласының активтерімен кездесуде 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде мерекелейтінін былай білдірген еді: «Келесі жылы қазақ мемлекеттілігінің бастау алғанына 550 жыл толуын тойлаймыз. Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақ мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Сол кезден бері қазақ мемлекеттігі жалғасын тауып келеді.
Сол себепті де біз ата-бабаларымыздың ұлы ісін жалғастыруымыз керек. Және әр халық осымен өзін тәрбиелейді». Президенттің бұл бастамасына бүкіл қазақстандықтар қолдау білдіруде. Оның дәлелі, ресми билік «Қазақ хандығының 550 жылдығын» мерекелеу бойынша арнайы тұжырымдама бекітіп отыр. Ол әр алуан 100 іс-шарадан тұрады. Қазақ хандығының 550 жылдығын жыл бойы тойлау – Қазақ мемлекеттілігін нығайтуға ықпал ете отырып, 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жалғасады.
Осылайша, қазақстандықтар бойында мемлекеттік ой-сана мен Отанға деген сүйіспеншілік артып, егемендігіміздің тұғыры қуатты бола берері сөзсіз. Қорыта келе, ата-бабамыздың найзасының ұшымен, білегінің күшімен алып берген осынау ұшы-қиыры жоқ жерімізді, қазақ деген елімізді қорғау, оны Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясымен ұластыруға атсалысу – әрбір Қазақ елі азаматының қасиетті парызы деп ойлаймын.
Ұлытауда Президент Назарбаевтың «Хабар» телеарнасына өткен жылы берген тағылымды сұхбаты тек Ұлы Дала халқы емес, күллі түркі жұртының жүрегіне жол тапқан дәріс болды десек, артық емес. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені, бүгінгі таңда Президент Нұрсұлтан Назарбаев – тек Қазақ елі ғана емес, түбі бір түгел түркінің көшбасшысы ретінде мойындалған және түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтуға барынша күш жұмсап жүрген танымал тұлға.
Аталмыш сұхбатында Елбасы қазақ мемлекеттігінің байырғы тамырлары өте әріден, атап айтқанда, біздердің ата-тектеріміз болып табылатын ғұндар мен сақтардан, көк түріктерден және оның бер жағындағы Алтын Ордадан, ал одан да нақтырақ айтқанда, ХV-XIX ғасырлар аралығында қанат жайған Қазақ хандығынан бастау алатынын паш еткен болатын.
«Айтылмаса сөз жетім» демекші, Елбасы қазақ халқының мемлекеттілігіне қатысты тарихи шындықты қасиетті Ұлытауда дер кезінде айтты. Себебі, кейінгі кездерде кейбір шетелдік ақпарат құралдары «қазақтардың мемлекеттігі еш уақытта болған емес» деген жалған ақпарат таратуды әдетке айналдыра бастаған еді. Сондықтан, біле тұра білмегенсіп, көре тұра көрмегенсіп, шынайы тарихты қасақана бұрмалап, жымысқы ақпарат таратушылармен күресу тек қазақ тарихшыларының ғана еншісі емес, әділет пен шындықты ардақтайтын жасампаз еліміздің әрбір азаматының да ортақ мүддесі.
Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған Президент Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан пәрменді іс-шаралардың мәні ерекше. Сондай шаралардың бірі өткен жылдың қыркүйек айында Халықаралық түркі академиясында «Ұлы Даладағы мемлекеттік дәстүр сабақтастығы» деген тақырып аясында өткізілген халықаралық семинар болатын. Ол шараға 12 мемлекеттен келіп қатысқан ғалымдар тобы түгелдей түркі жұртына ортақ тарихты ғұндардан бастап, көк түріктер арқылы сабақтастыра жалғастыруға толық қолдау білдірген болатын.
Сонымен қатар, академияда түркі тарихына қатысты және бірнеше бағыттар бойынша, атап айтқанда, «Шығыс түрік қағанатының тарихы», «Батыс түрік қағанатының мемлекеттік құрылымы» сынды іргелі ғылыми жұмыстар да қатар жүзеге асырылуда.
Ұлы Даладағы мемлекеттік дәстүр сабақтастығы туралы сөз қозғалғанда, қазақ даласындағы мемлекеттік дәстүрдің де шет қалмайтыны дау туғызбайтын шындық. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласының активімен өткізген бір кездесуінің барысында қазақ мемлекеттігінің тарихы Қазақ хандығынан бастау алатынын тағы да түйіндеген болатын. Президенттің бұл тұжырымын халық өте жылы қабылдады. Сосын, Қазақ хандығының 550 жылдығы 2015 жылы елімізде де, шетелдерде де кеңінен аталып, жалғасын тауып келеді.
Сондай іс-шаралардың бірі емес, бірегейі биылғы қыркүйек айының 11-і күні Астана төріндегі Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиын болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың терең тамырлы тарихи шындыққа негіздей отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығына бағыштаған тағылымы терең аталы сөзі сол жиынға ұлан-байтақ еліміздің барлық аймақтарынан арнайы шақырылған аға буынды ел елеулілері мен қоғам қайраткерлерін ғана тебірентіп қойған жоқ. Тікелей эфир арқылы бүкіл ел құлағына бірден жеткен жанды сөз миллиондаған өзге отандастарымыздың да рухын оятып, оның ішінде, әсіресе, бүгінгі жас ұрпақтың патриоттық сезімін де жалындатып, биік белеске көтеріп кетті. Сондай-ақ, күллі халықтың жүрегіне төте жол тауып, жаппай қолдауына ие болған осы бір ұлы той салтанаты дарытқан көңіл-күйдің сын-сипаты да өзгеше болды.
Біріншіден, Ұлы Даланың халқы жүрекке жылу сыйлайтын шешен сөз бен сананы жаңғыртып, дүр сілкіндіретін көсемсөзді тани алатынын да, ондай құндылықтарды қадірлей білетінін де бірден байқатты. Мұны салтанатты жиынның атмосферасы толық дәлелдеді.
Екіншіден, осыдан бес жарым ғасыр бұрын Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған батыр бабаларымызға арналған соқталы да шынайы сөздің бастан-аяқ мемлекеттік тілде сомдалғаны дүйім жұртты жігерлендіріп жіберді. Бұл көңіл-күй салтанатты жиынның үстінде рухы оянып, одан кейінгі сәттерде де қанаттанып бара жатқан адамдардың бет-жүзінен айқын сезіліп тұрды. Бұл сипат, сонымен қатар, халықтың жігері мен қуаты ұлттың тілі дәл осылайша қадірленсе ғана биіктейтінін айқын байқатты.
Үшіншіден, Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының әдеттегідей той тойлау үшін емес, ең алдымен, батыр бабаларымыздың мәртебелі рухына тағзым ету үшін және тағдыр талайының сан алуан тар жолы мен тайғақ кешулерінен сүрінбей өткен ата тарихымыздан тағылым алу жолында өткізіліп отырғанына ерекше екпін беріп, ел назарын сол нысаналарға қарай бұрды. Бұл уәж де көптің көкейінен шықты.
Төртіншіден, айтылмаса, сөздің атасы өледі демекші, Мемлекет басшысы әдетте ашық айтыла бермейтін еліміздің басыбайлы кезеңіндегі қасіретке толы тағдырына қатысты ащы шындықтың тығынын түгел ағытты. Мәселен, Президент Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептеріндегі жас ұрпақтың тек «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан ғана білім алуға мәжбүр болып, ата тарихынан мүлде алшақтап қалғанын да, сондай-ақ, кеңестік биліктің солақай саясатының салдарынан Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері бірте-бірте ел жадынан өшіріле бастағанын да, іштен шыққан жау жаман демекші, сұрқия саясаттың шашбауын көтеріп, өз хандарымызды өзімізге жамандап, өз ішімізден шыққан жандайшаптардың құрметке бөленіп келгенін де, Алматы мен Астана немесе облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде әйгілі хандарымыз бен батырларымызға ескерткіш тұрмақ, олардың атына білім мен мәдениет нысандары ғана емес, тіпті, жалғыз-жарым көше де бұйырмағанын, оны былай қойғанда, Қазақ хандарының аты атала қалса, оларға үстем тап өкілі деген келеңсіз шала байлап, қисынсыз айып таққанын үлкен өкінішпен ашық баяндай отырып, Кеңестік озбыр биліктің жасанды бет пердесін сыдырып тастады.
Президент ұлттық намысты қайрайтын және бір отты сөзді ел назарына ұсынды: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ… Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады… Осынау ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді. Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады.».
Президенттің терең тебіреністі ұлтжандылықпен, осылайша, ұлы хандарымыз бен батыр бабаларымыздың өшпес рухына халық алдында тағзым етіп, әділ бағасын бергені салтанатты жиынның мәнін арттырып, ұлттық сананы қайта жаңғыртуына пәрменді септігін тигізді.
Бесіншіден, Елбасы Ұлы Даланың ел-жұрты тәуелсіздік жолында «мың өліп, мың тірілген» халық екенін, сондай-ақ, Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның, ең алдымен, Мәңгі Ел болуды көксейтін өз мемлекетіміздің киелі бірлігімен егіз екенін тағы бір мәрте еске салды. Батыр бабаларымыздың ынтымағы жарасқан замандарда даңқы асып, керісінше, бас-басына би болып, билікке таласқан кездерінде берекелері мен сиқы қашып, бөлшектеліп кеткенін бүгінгі ұрпақ санасына дөп тигізді. Сосын, бірлік – барлық жеңістердің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары, керісінше, алтыбақан алауыздық мемлекеттіктің негізін шайқалтатын жегіқұрт екенін айшықтай түсіп, тағы біраз тарихи шындықты ортаға тастады:
«Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның Ұлы Даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы Түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы әлі қалыптаса қоймаған VI ғасырдың 552 жылы Алтайда Ұлы Түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке-дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің өз ішінде берекесі кетіп, билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды. VIII ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: «Алдау мен арбауға арандаған түрік халқы бірлігінен айырылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды», – деп жазылған». Міне, тағылым.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем ғылымы мойындаған ғұлама тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазба мұраларына сүйене отырып, Қазақ хандығының заманын ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі болғанын үлкен мақтанышпен түйіндеді. Сондай-ақ, Керей мен Жәнібек сұлтандардың 1465 жылы Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығып, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының алғашқы шаңырағын көтергенін, олардан соң билік құрған Қасым ханның хандықтың іргесін бекітіп, керегесін кергенін, Хақназар ханның ел шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтіп, Тәуекел ханның Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратқанын, сол сияқты, Еңсегей бойлы ер Есім ханның елдің іргесін бекіту жолында қолбасшылығымен танылғанын, Салқам Жәңгір ханның Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы бергенін, Әз Тәуке ханның «Жеті жарғыны» енгізгенін әділетті айшықтай отырып, хандардың көпшілігінің өмірі көбінесе майдан шебінде өткенін, сондықтан да, қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапқанын еске салды.
Сөз қадірін түсінетін әрі оны санасына тоқи алатын әр азаматтың нақты ғылыми дәйектерге негізделген бұл тарихи тағылымнан да мол ғибрат алғаны күмән тудырмаса керек.
Алтыншыдан, Астанада өткен салтанатты жиын «қуанышты бөліссе, көбейеді» деген аталы нақылдың тозбайтын құндылық екенін тағы да бір дәлелдеп берді. Орайы келіп, Қазақ хандығының 550 жылдығын бірге ұлықтауға Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бесінші Саммитіне Президент Назарбаевтың арнайы шақыруымен келген Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиевтің қатысуы салтанатты жиын мен мәдени шаралардың мәнін арттырып, абыройын асқақтатқаны даусыз.
Жетіншіден, сырт көз – сыншы демекші, жаһандану заманында тарихи тағдыр талайының салдарынан бір-бірінен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түркі халықтарының бүгінгі көшбасшыларының қайта ынтымақ жарастырып, саясатта, экономикада, ғылым мен білімде, технологияда осылайша өзара ықпалдастық байланыстарды нығайтып жатқанына салтанатты жиынның құрметті қонағы ретінде шақырылған шетелдік тұлғалар мен елшілер де куә болып, ризашылық білдіріп отырғаны сезіліп тұрды.
Сегізіншіден, салтанатты жиынның ертесіне, Батыс әлемінің бірнеше тілінде тәулік бойы татымды әрі шынайы жаңалықтар тарататын, абырой-атағы биік «Euronews» телеканалы Астана төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын мен мәдени шаралар туралы қысқа да нұсқа хабарды бүкіл әлемге мәлім етіп үлгерді. Шындықты ғана уағыздайтын ақпарат құралдарын төртінші билік деп бекер атамаған ғой. Ендеше, ендігі жерде Қазақ хандығымен сабақтасып жатқан бүгінгі «Ұлы Дала елі» деген қасиететті есімді иелене бастаған Қазақ мемлекеттігінің бай тарихынан бүкіл планета халқы да хабардар болды деуге толық негіз бар.
Сөз ретінде бүгінде Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Қазақстан халқының бірлігін паш етуге бағытталған, яғни, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған арнайы «Ұлы Дала елі» экспедициясы Отанымыздың түкпір-түкпірін аралап, жұртшылықпен кездесулер өткізіп, аталған тақырыпта дәрістер оқып жүргенін де айта кетсек, еш артықтығы жоқ. Өйткені, мұның бәрі өте қажет шаралар.
Қорыта айтқанда, мақалаға арқау болған Елбасының мызғымайтын ғылыми іргетасқа негізделген бұл дәрісін Ұлы Дала елінің бес жарым ғасырлық тарихын қамтитын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деп қабылдаған лазым. Нақтырақ айтқанда, бұл құжатты Ұлы Дала елінің төл тарихының оқулығы ретінде орта мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары шәкірттерінің деңгейіне сәйкестендіріп, айналымға тезірек енгізіп жіберсе артық болмайды. Өйткені, Елбасының ұлағатты дәрісі Ұлы Дала елінің өткен дәуірлердегі тарихы мен бүгінгі болмысын ғана қамтып қоймай, жарқын болашағына да жөн сілтеп тұр.
Бүгінде ел арасында «қазақ мемлекеттілігі қай дәуірден басталады?», «қазақ хандығы қашан құрылды?» немесе “қазақ хандығының құрылғанына қанша жыл?” деген сауалдар көптің көкейіндегі сауалдардың біріне айналды. Себебі, келер жылы еліміз Қазақ хандығының негізі қаланғанына 550 жыл толуын кең көлемде атап өтпекші. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев мәлімдеген болатын.
Елбасы өз сөзінде: «1465 жылы сұлтандар Керей мен Жәнібек алғаш рет хандық құрып, біздің тарихымыз қазақ мемлекеттілігін осы кезден бастайды. Мүмкін, бұл термин біздің қазіргі түсінігіміздегі, бүгінгі шекарамыздағы бүкіл әлемге танымал және беделді болғанымыздай мемлекет бола алмаған да шығар. Бірақ, сол замандағы басқа барлық мемлекеттер туралы да осылай айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде мемлекетіміздің негізі қаланғандығы, ал біздердің ата-бабалар ұлы істерін жалғастырғанымыз» деген еді.
Тәуелсіздігімізге биыл 23 жыл толғалы отыр. Егемен ел атанғалы бері қазақ хандығының мерейтойы алғаш рет аталып өтпек. Сондықтан да бұл қазақ елі үшін тарихта қалатын ең маңызды мереке болмақ. Келер жылдың қыркүйек айына жоспарланған бұл мерекеге байланысты халық арасында «қазақ хандығының күні» атты жаңа мереке белгіленсін деген ұсыныстар да айтылып жатыр.
Қазақстандық тарих ғылымында бұл терең зерттелген дүние. Десе де, қазіргі күні зерттеушілер арасында қазақ хандығының қашан құрылғандығы жөнінде қарама-қайшылықты пікірлер қалыптасып отырғанын айтумыз керек. Тарих беттерін парақтасақ, бұл мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттеген тарихшыларымыздың бірі қазақ хандығының құрылуы 1428 жылдан бастау алады деп әріге жіберсе, енді бірі 1445, 1456, 1465 жылдарына қатысты сан түрлі дәйектерін ұсынған. Бұған дәлел ретінде зерттеуші ғалымдардың дерегіне назар аударып көрейік. Бұл жөнінде бізгетарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Лесқали БЕРДІҒОЖИН баяндайды.
- Тәуелсіздік алғаннан кейін ерекше бір қызығушылық туғызған мәселе, ол Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюінің мәселелері болды. Бұл мәселелер бойынша М.Әбусейітова, Т.Сұлтанов, Ә.Хасенов, З.Қинаятұлы, С.Жолдасбайұлы, Б.Кәрібаев сияқты тарихшыларымыз өз пікірлері мен тұжырымдарын жарыққа шығарды.Ал,жас зерттеуші Г.Сәбденова Қазақ хандығының тарихнамасын арнайы зерттеп осы мәселеге байланысты кандидаттық диссертация да қорғады. 16 ғасыр тарихшысы Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде (Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. –Алматы: М.Х.Дулати қоғамдық қоры, 2003. -616 б) қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 1465-1466 жж. басталды деген дерегіне көптеген тарихшылар күмәнмен қарайды. Бұл мәселе бойынша Т.Сұлтанов Қазақ хандығы 1470-1471 жж. құрылды деген пікірді ұсынды(Сұлтанов Т.И. О первом казахском государстве (К.525-летию Казахского ханства) // Кунсткамера. Этнографические тетради. СПб. 1995. – Вып. 8-9. с.31-38). Сонымен қатар, Қазақ хандығының құрылу мерзімін Н.Масанов көрсеткен мерзімнен де арыға апарушылық. Мысалы, Н.Мыңжан хандықтың құрылған жылын қазақтардың Жетісуға қоныс аударған жылымен сәйкестендіріп 1456 жыл деп көрсетеді (Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. – Алматы: Жалын, 1994. – 400 б.). Ә.Хасенов болса бұл мерзімді 1445 жылдан, яғни Алтын Орда ханы Ұлық Мұхаммедтің қайтыс болуынан бастаған жөн дейді (Хасенов Ә. Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны. – Алматы: Мектеп, 1996. -296 б). Қазақ хандығы Шу бойында 1458 жылдан бастап құрылды деген пікірді Б.Кәрібаев ұсынды. Берекет Бақытжанұлы «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты докторлық диссертациясында (Алматы,2010), Қазақ хандығының қалыптасуын екі онжылдыққа созылған және бірнеше кезеңдерден тұратын едәуір созылмалы процесс ретінде қарастырды және алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібек туралы келелі пікірлер білдірді, - дейді.
- Осылардың ішіндегі басым ұстаным қандай? Қайсысы дұрысырақ деген сауалымызға тарихшы:
- С.Жолдасбайұлы өзінің зерттеуінде 1465-1466 жылдарды Қазақ хандығының күшейе бастаған мерзімі ретінде қабылдауды ұсынды. Қазақ хандығының құрылған мерзімін анықтауда осы мәселемен көп жылдан бері тұрақты айналысып келе жатқан қазақстандық зерттеуші К.Пищулина еңбектерінің орны бөлек. Ол ғылыми негізі берік тұжырымдар жасай отырып, Қазақ хандығының құрылуына байланысты Мұхаммед Хайдар Дулати көрсеткен 1465-1466 жылдарды толық мақұлдайды. Қазірде бүкіл әлем мойындап, алдағы дамуын қуатты 30 іргелі елдің қатарында болжап отырған еліміздің мемлекет болып қалыптасуы мен алғашқы хандарымыз туралы тарихи мерекені атап өту туралы шешімі өте маңызды.Бұл тәуелсіздігіміздің іргесінің беріктігінің ғана емес,ата-бабалар аманатына деген адалдық пен құрметтің белгісі, - дейді Л.Бердіғожин.
Бұрын тарих мамандарының ғана тақырыбы болған бұл мәселе тарихшылардан басқа, бүгінде әдебиетшілердің, саясаткерлердің, БАҚ өкілдерінің зерттеу обьетісіне айналып отырғанын жасырын емес. Бұл мерейтойдың қандай деңгейде тойлануы және қандай жұмыстар жасалуы тиіс жөнінде баспасөз беттері жарыса жазып жатыр.
Осы орайда мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саясаттанушы Айдос САРЫМНЫҢ пікірін білген едік.
- Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту тек қана той-томалақтың, ғылыми конференцияның ғана шаруасы емес. Мәселе қажетті мемлекетшілдік психологияны қалыптастыруда. Ел азаматтары арасында Қазақ жеріне, мемлекетіне деген мақтаныш сенімін орната білуде. Яғни, келесі жылғы шаралар үлкен жолдың басы ғана. Болашақта ешкім, президент болсын, ауылдағы ауылнай шенеунік болсын, ешкім де «қазақта мемлекет болмаған, шекара болмаған» деген лепірме сөздерді айта алмайтындай ақпараттық, мәдени, саяси жұмыс жүргізілуі тиіс. Яғни, 2015 жыл қоғамдық ортаға, саяси дискурске, жалпы рухани өмірімізге тың серпіліс беретін, жаңа ой салатын кезеңнің басына айналуы керек. Екінші мәселе, ақпараттық және саяси ортаға қатысты. Менің ойымша ел ішінде сан алуан тарихи концепция, көзқарас орын алып келеді. Ел ішінде тұрып жатқан барша азамат мектепте бірдей оқулық оқитын сияқты. Бірақ, мектептен шыға келе қазақ бір түсінікте, орыс өзге түсінікте жүреді. Себебі неде? Оқулық бір, стандарт бір, мұғалім бір. Яғни мәселе тек қана оқулықта, стандартта, мұғалімде ғана емес, саясатта, ақпараттық салада. Еліміздің сан алуан ақпараттық ықпалдың соңында жүруі, еліміздің жұртының көрші елдің теледидарын көп көруі, мектептің жұмысын зая қылады. Мектептегі білім бірінші саты ғана. Егер мектеп беріп жатқан білім саясатта, ақпарат және мәдениет саласында жалғасын тауып жатпаса, еліміздің ішінде жүрген өзге ұлыс өкілдері ғана емес, қарапайым қазақ та «мемлекет, шекара болмаған» деген жалған пікірде жүруі ықтимал. Сондықтан да толыққанды, жан-жақты, кешенді мәдени саясат, ақпараттық тәуелсіздік мәселесін бірінші қатарға шығуы тиіс, - дейді ол.
Жас ұрпақтың патриотық рухын көтеру мақсатында республика бойынша келер жылы 550 жылдық меретойға орай 100-ге жуық іс-шараны ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты арнайы тұжырымдама да әзірленген екен. Оған сәйкес, сан алуан конференциялар, саяхаттар мен фестивальдар өткізілмек. Қазақ мемлекеттілігінің мерейтойын тойлау жөнінде облысымызда өткізілетін іс-шаралар жоспарын білмек ниетте облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына хабарласқанымызда басқарма басшысының орынбасары Азамат Жолаев атаулы мерекеге орай әзірге жоспардың жасақталып жатырғанын айтты.
Қазақстан президенті Н.Назарбаев келер жылы Қазақ хандығы құрылғандығының 550 жылдық мерейтойының ел көлемінде атап өтілетіндігін мәлімдеді. Мәдениет және спорт министрлігі мәлімдемеден кейін көп сериялы телехикая түсіру, ел аумағында спорттық шаралар өткізудің жоспарларын жедел ұсынды. Осыған орай, «Түркістан» газеті ұлт зиялыларына арнап дөңгелек үстел өткізген еді.Қатысқандар: Тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбек, жазушы-драматург Дулат Исабеков, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім, өнертанушы ғалым Ғайнижамал Әбділдина, «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары, жазушы Дидахмет Әшімханұлы.
Дидахмет Әшімханұлы, «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары:
− Қазір барлық ақпарат құралдары Қазақ хандығының құрылғандығына 550 жыл болғанын жарыса жазуда. Осы тұста бір мәселенің басын ашып алуымыз керек сияқты. Тарихта «Қазақ хандығы», «Қазақ ұлысы» деген сөз бар. Жалпы, осы хандық деген сөз біздің бүгінгі мемлекет деген ұғымымызды бере ала ма?
Талас Омарбек, тарих ғылымдарының докторы:
− Біз Қазақ хандығының құрылғандығын Тәуелсіздік алған бетте мерекелеуді қолға алуымыз керек еді. Өйткені «Қазақ хандығы» деген сөз бұл тәуелсіздікпен ұғымдас, мағыналас сөз болып есептелінеді. Алғаш бұл сөз «ел» деген мағынада қолданылды. Мысалы Үйсін елі, Қаңлы елі дегендей. Кейіннен «ел» деген ұғымды «қағандық», «қағанат» деген атаулар алмастырды. Ал, Шыңғысхан жорығынан кейін бұл аймақ «ұлыс», «орда» деген атаулармен белгілі бола бастады. Осылайша эволюциялық сатыдан өткен ұғым бұл. Бірақ қалай атасақ та біздің мемлекетіміздің атауы. Сондықтан хандық сөзі қазақ мемлекеті деген ұғымды білдіреді деп есептейміз. Біздің осы қазақ мемлекеттігінің құрылуына байланысты бірден бір дерек жазба Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-рашиди» еңбегінде сақталған. Онан кейін осы тақырыпты Махмут Ибн Уәли деген тарихшы қозғайды.
Дидахмет Әшімханұлы:
– Нақты жылы айтылған ба сол жазбада?
Талас Омарбек:
– Нақты жылын айтқан Дулати. Оның дерегі бойынша Қазақ сұлтандарының билік етуі, хижра жыл санауы бойынша, 870 жылдан бастау алады. Бұл қазіргі жыл санаумыздың 1465-66 жылдарына тура келеді. Қазақ хандығының осы кезеңде құрылғаны анық. Өкінішке қарай, біздің кейбір тарихшылар Жәнібек пен Керейдің Ақорда аймағынан − Көшпелі Өзбек ұлысынан бөлініп шыққан себебін сан саққа жүгіртеді. Бірі: «Әбілхайырдың Сығанақ түбіндегі қалмақтардан жеңілуімен байланысты», − десе, енді бірі «Қара қыпшақ Қобыландының арғын биі Дайыр Қожаны (Ақжол би) өлтіруіне байланысты елдің екіге жарылуы», − дейді. Ал, меніңше, бұл мәселе Шайбан әулеті мен Жошы әулетінің таққа таласуынан келіп шыққан. Керей мен Жәнібек – Жошы хан ұрпақтары. Керей − Тоқтамыс және Темірмен теке-тірескен Орыс ханның немересі. Жәнібек – Барақтың тұқымы. Ал, Әбілхайыр болса кіші бұтақтан тарайтын ұрпақ болғандықтан хандық таққа Жошы ұрпақтары отыруы керек еді. Шайбан сонау Бату хан тұсынан кіші ұлысты басқарған адам. Мұнда Орда Еженнің жолы үлкен. Сондықтан Шыңғысханнан бері келе жатқан дәстүрмен қарағанда Керей мен Жәнібектің жолы үлкен еді. Ал енді, Қазақ хандығы құрылған жыл бұған дейін неге мерекеленбей келді десек, біздің зиялы қауым мен тарихшылардың ауыз бірлігінің болмауынан деп білемін.
Қазақ хандығы 1455-56 жылдары құрылды дейтін де, өз алдына 1470 жылға дейін жылжытқан ғалымдарды да білеміз. Атын атамай-ақ қояйын. Бірақ мұндай дерек еш жерде жоқ. Дәлел және жоқ. Ойдан құрылған сөз. Тағы бір мәселе мында, Дулатидің аталған еңбегі «Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан басталды» деген де, сол сөйлемнен кейін «Ақиқатын Алла біледі» деп жазған. Міне, тарихшылар осы сөзге жабысып қалады. Олар міне, көрдіңіздер ме, Дулатидің өзі «Ақиқатын Алла біледі» деп сенімсіз, күдіктеніп айтып отыр дейді. Бұл сөз, бұдан кейін де талай айтылады. Орта ғасырлық барлық жазбаларда Құран сүресін қолдану қағида болған. Мәселен Дулати тек бұл жерде ғана емес, «Ақиқатын Алла біледі» дегенді басқа тұстарда бірнеше жерде қолданады. Бұны тіпті Дулатиден бұрынғы Рашид-ад-Дин де жазбаларында жиі келтіріп отырған. Адам шындықты мойындағысы келмесе қиын ғой. Дулатидің осы сөзі тарихты бұрмалаушыларға жақсы болды. Енді осы Керей мен Жәнібекке ілесіп келген кімдер еді дегенге келейік. Бұл жерде де тарихшылардың аузына құм құйылады. Ру-тайпалардың атын атауға қорқады. Оларды атамайық десек, Қадырғали Жалайри 1602 жылы жазған «Жамиға-ат тауарих» еңбегінде «Алаш үш сан еді, үлкені Жалайыр» деп жазады. Ал, кейін Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының нығаюы алты сан алаштың арқасы. Алаш қауымдастығы қазақ қауымдастығынан бұрын құрылған. Солар екі сұлтанды қолдағаннан кейін ғана хандық құрылды. Кез келген мемлекетті халық құрады. Міне, осы айтылғандарды ойда қорыта отырып, қазақ хандығының құрылған уақытын 1465-66 жылы деп есептеуіміз керек.
Дулат Исабеков, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург:
– Тарихты осы отырған үш-төрт адам анықтап бере алмаймыз. Дөңгелек үстелдің мақсаты тарихты түгендеу болса, ол бір ғана газеттің қолынан келмейді. Менің келген себебім, Президенттің мәлімдемесіне байланысты. Қазір Елбасы айтса, бәріміз атып тұрып кірісіп кетеміз ғой. Бұл мәселеде не жасасақ та асықпай байыппен істегеніміз жөн. Өткен жолы Путин: «Қазақтарда мемлекет болған жоқ», – деп соқты. Әрине, орыс президенті оны жанынан шығарған жоқ, ол бізден шыққан сөз. Соны жуып-шайып, түгендеу ме екен, 550 жылдық тарихты ел көлемінде атап өту басталып кеткен сияқты. Бастала сала, жиырма сериялы фильм түсіреміз деп жатыр министрлік. Бұл тым асығыс бола ма деймін. Оған дайынбыз ба? Талас айтқандай алдымен тарихтың жүйесін, жүлгесін жасап алып, тарихшылардың ұйғарымымен бір тоқтамға келуіміз керек. Бүгінде қазақ хандығының құрылғандығына нақты дерек ретінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазғанына бәрміз бірдей тоқталдық па? Әркімде әртүрлі пікір. Ертең фильм шыққанда, жазушы, журналистер олай дейді, тарихшылар былай дейді, фильмді жасаушылар ақталады, киногерлер сынайды. «Көшпенділер» киносы сияқты ұятқа қалып жүрмесек болды. Абылайды Абылай жасай алмағанымыздай, тағыда өкініп қаламыз ба деп қауіптенемін.
Сол «Көшпенділер» төңірегінде көп пікір айттым, киногерлерді жеңу мүмкін емес екен. Киномен айналысып жүргеннен кейін, бұның жай-жапсарын бір кісідей білеміз ғой. Кинорежиссерлердің бір осал тұсы да осында. Сондықтан Ғылым академиясы, Жазушылар Одағы, көптеген шығармашылық ұйымдары бірігіп, қазақ тарихына байланысты үлкен бір халықаралық деңгейдегі ғылыми конференция ұйымдастыруы керек. Оған Ресейдің Ғылым академиясынан, басқа да мекемелерден, көрші елдердегі мамандар келсе, кеңессек, пікірлессек дұрыс болар еді. Ортақ пікір, нақты келісімге келіп, барша жұртшылықтың алдында, «Міне, біздің тарихымыз», − деп күдірейіп отырар едік. Ал қазіргідей арзан даумен, әркім өз дегенін алға тарта берсе, жұртқа күлкі боламыз. Сол үшін әлгіндей конференция ұйымдастырып, біз өз тарихымызды түйіндеп алғанымыз жөн еді. Фильмге сонан кейін кіріскеніміз дұрыс шығар? Ертең біреулер «Көшпенділердің» ар жақ, бер жағында фильм түсіреді. Сонан кейін олар: «Біз тарихи, документалды фильм жасап жатқан жоқпыз, көркем фильм түсіріп жатырмыз», − дей салады. Бұны бұрын да естігенмін. Шын мәнінде сол түсірген дүниелерінде көркемдік те кемшін. Абылай хан болғаннан кейін бізге айбынды, айлалы Абылай хан керек еді. Әлгіндейлерді жеңе алмадық. Оның үстіне бұлар міндетті түрде шетелден режиссер, сценарист шақырады. Баяғыда Рустам Ибрагимбековті шақырған еді ғой. Міндетті түрде сценарий құрамында бір тарихшы болу керек. Естуімше, жиырма бес сериялы фильмнің сценарийін Смағұл Елубаевқа берген көрінеді. Мен қызғанып отырғаным жоқ. Смағұл жақсы жазушы, бірақ бір адам жиырма бес серияны көтере алмайды және ол тарихты жақсы білуі керек. Өз басым − Мұхтар Мағауин сияқты адамдарды қосу керек деп ойлаймын. Әрі тарихты біледі, әрі көркемдік дегенді меңгерген.
Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың: «Алтын Орданың бүгінгі еншігері − қазақтар», − дегені маған қатты ұнады. Қайдан алды? Қайдан алса да, осы пікірдің төңірегі бізге өте қажетті деп ойлаймын. Біз фильмді бастасақ, меніңше, оны Алтын Ордадан бастағанымыз жөн болар.
Талас Омарбек:
– Қазақ хандарының барлығы Шыңғысханнан, Жошыдан бастау алады. Сондықтан Дулат ағаның Алтын Ордадан бастау керек дегені өте орынды. Деректі фильмдерімізді ең соңғы ханымыз Тоқтамыстан бастап жіберсек қандай жақсы болар еді. Алтын Орда неге құлады? Баяғы билікке таласу. Осман империясының да, Аттила империясының да, Моғол мемлекетінің де түбіне жеткен сол – билікке таласу, табысқа мастану.
Дулат Исабеков:
− Мен жалпы 550 жылдыққа орай көп сериалы фильм түсіруге асықпасақ деген ойдамын. Баяғыда «Абай» романын экрандаймыз дегенде, Асқар Сүлейменов оны бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатқан екен. Ол: ««Абай» романынан кино жасасақ, ол − құлайтын фильм болады, әр ұлтты бір кезеңге жеткенде құлататын үлкен шығармасы болуы керек. Осы «Абай» романын құлатуды келешекке қалдырсақ қайтеді?», − деген екен. Сонымен кино түсіру тоқтап қалған. Яғни, бұндай тақырыптан аузымыз күйген сияқты.
Аманхан Әлім, «Ақиқат» журналының бас редакторы:
– Мен мынадай адамдардан қорқамын: біріншісі − қазақ тарихын бұрмалаушы тарихшылар, екіншісі − «тарихшымын!» деп төс қағатын ақын, жазушылар. Өйткені олар біраз кітап оқып алады да, мен білдім деп шыға келеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи и-Рашидиін» оқып алады да, мен болдым-толдым, тарихшымын», − дейді. «Ақиқат» журналына бас редактор болып келгеннен бері өзін тарихшы санайтын ақын-жазушылардың бірталайын көрдім. Олар: «Шыңғысхан – жалайыр, сен неге баспайсың мен берген мақаланы, Сен қазақтың патриоты емессің бе?», – дейді. Мен: «Егер «Шыңғысханды – жалайыр» деп баспағандықтан патриот болмайтын болсам, онда патриот болмай-ақ қояйын», – деп жауап бердім. Сол себептен, осы екі тенденциядан қорқамын. Біздің осы тарихи мерекеміздің, тойымыздың кешігуіне «История Казахстан: народы и культуры» дегенді жазған тарихшылардың кесірі болды ғой деп ойлаймын. Бұл туралы кезінде «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала да жаздым. Масановтың 2001 жылы 19 шілдеде «Время» газетіне берген «Все мифная история» деген сұхбатында: «...все эти псевдоисторические легенды, например, об Отраре, который якобы был крупным городом, затем разрушенным, – не более чем миф. Сегодня такие мифы на руку власти, поскольку иллюстрируют «исторические традиции» казахстанского государства», − дейді. Тіпті, Масанов сол сұхбатында қазақ тарихын МИФ ретінде насихаттайды. Міне, осындай «тарихшылардың» пікірлері біздің тарихымыздың қалыптасуына үлкен кедергі жасаған. Сосын олар: «В советское время и по сей день история Казахстана представлялась прежде всего как история казахов, их этнических предков и их контактов с соседними народами. Однако по мере нарастания интеграционных тенденций и процессов миксации все больше начинает ощущаться потребность в написании интегрированной истории Казахстана как истории всех народов Казахстана», − дейді. Қазір осы тарихпен балалар оқиды. Осындай кітаптарға тыйым салу керек. І Александр патша Карамзинге тапсырма берген: «Орыстың тарихын жазып шық», − деп. Ол он екі жыл жазған екен. Карамзин: «Самая прекрасная выдуманная речь безобразит историю…», − деген. Бұл ойланатын сөз. І Александрдың Карамзинге тапсырма бергеніндей, мықты тарихшыларды шақырып алып, Президент тапсырма беруі керек деп ойлаймын. Біз Ибрагимбековті сыйлаймыз. Не болды? Ол тарихшы ма? Қазақтың тарихын білетін бе еді?
Дидахмет Әшімханұлы:
– Жақсы, бірақ осы жерде бір нәрсені мойындауымыз керек. Қазіргі заман басқа, Кеңес Одағының кезіне ұқсамайды. Керей мен Жәнібектің алғашқы хандық құрған заманы тіптен бөлек еді. Бірақ жазушыларымыз көркем әдебиет арқылы жалпы халықтың санасына тарихи ұғымды сыналап, сәулесін, ұшқынын түсірді. Біз тарихи тұлғаларды, оқиғаларды Есенберлиннің «Көшпенділерінен» білдік. Сондықтан Совет үкіметі кезіндегі тарихи тақырыпқа жазатын жазушылар өзін ақтады деп ойлаймын. Рас, қазіргі «жоспарымызда» асығыстық бар. Ал кімдер асығады? Неге асығамыз? Әркімнің жеке мақсаты, ана жерден жейтін май шелпегі бар. Президент айтып еді, жаппай кірісіп кетіпті. Бұны біз тоқтата аламыз ба, тоқтата алмаймыз ба, білмеймін. Егер біздің сөзімізге ешкім құлақ аспай, түсіріп кететін болса, телехикая ойдағыдай шыға ма? Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясынан келген профессор, кинотанушы маман ретінде Ғайнижамалға сөз бергім келеді. Бұл фильмді түсіруге дайын режиссерлер, актерлер бар ма? Сіз көріп, зерттеп жүрсіз. Шын мәнінде, соған дайын ба адамдар?
Ғайнижамал Әбілдина, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры:
− Жалпы, сөздеріңізге қосыламын. Киноға маман дайындаушы, кинотанушы ретінде айтайын, ондай жігіттер табылады. Мысалға өздеріңіз шындап мойындасаңыздар, Талғат Теменов түсірген «Көшпенділерге» қарағанда, біздің Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» әлдеқайда көрерменін патриоттыққа баулиды. Біз әуелі, өздеріңіз айтып отырғандай, тарихымызды терең зерттеп алып, бір байламға келген соң, алдымен бірнеше сериялы деректі фильм түсіруге тиіспіз. Бұл тарихты деректі фильмде нақтылап, нығыздап, жүйелеп алмайынша, көркем фильмге баруға болмайды. Көркемдік дүние тарихта қалады, кеше Камал Смайылов ағамыз бастаған азаматтардың ерлігінің арқасында «Қыз Жібек» фильмі тарихта қалды. Біз жақында ғана «Бастау» деген кинофестивальда «Құрбанжан датқа» деген қырғыздардың киносын көрдік. Керемет. Өнер адамында адалдық, елге деген құрмет жоқ болса, оған мына сценарийден мынша ақша алсам, ана жерде түсірілімнен жымқырып қалсам деген арам ой кінәлі және бұл бәйгеге айналады. Қазақты құртатын – бәйге. Кезінде «Қазақфильм» телестудиясында он жыл қызмет атқарған тұста, «Алаш арыстары: Сәкен, Ілияс, Бейімбет» атты деректі фильм түсірген едік. Сол кезде бастан-аяқ кеңесшілікке тарихшыларды алдық. «Манас», «Едіге қаған» фильмдерінің сценарийін де алдымен тарихшыларға бір рет қаратып алдық. Өйткені әрбір шығармашылық адамы өз ісіне жауапкершілікпен қарауы керек. Иә, кезінде тарихты халық санасына сіңіруде көркем шығармалардың рөлі өте зор болды. Ілияс Есенберлин қазақтың хандық дәуіріндегі тарихын қайтып әкелді. Ал, телехикаяның сценарийін жазуды Смағұл Елубаевқа жүктеген екен. Замандасымыз кезінде керемет дүниелер жазды, бірақ қазақ хандығының тарихын көркем фильмге лайықтап жазу үшін документалист, драматург, тарихшы да керек. Бұл тарихи телехикаяда бір институт жұмыс істеуі тиіс. Бізде жақсы актерлер де бар. Әуезов, Мүсірепов театрындағы, тіпті облыстық театрларда жүрген көптеген актерлердің шеберлігі жетеді деп ойлаймын.
Дидахмет Әшімханұлы:
− Кино бөлек, театр бөлек дүние. Мен кейбір кемшіліктерді өзімше мынадан іздеймін. Киноға көбінде театр актерлерін шығарады. Ал олар тар сахнадан кейін кең даланы игере алмай қалатын сияқты. Қазақ киноларының ең басты кемшілігі − сөзі ылғи жасанды. Жасанды сөз қайдан шығады? Қалай десек те, біздің алтын қорымызға қосылған «Менің атым − Қожа» бар, сондағы бала «актерлер» кез келген көріністі қандай табиғи бейнелейді! Егер олар театрда кішкентайынан тәрбиеленген болса, кинодағы табиғилық болмас па еді. Сондықтан да кейде халық арасындағы таланттарды іздесе. Театрдың стиліне кетіп қалғандардан қашық жүрсек. Осыған қалай қарайсыз, мүмкін менікі қате ой ма?
Дулат Исабеков:
− Мен ылғи да кәрістің, түріктің, үндінің сериалдарын көріп отырып, біз де осындай дүние түсіре қалсақ, актерлер болар ма екен деп ойлаймын. Егер күндердің күні елу сериялы тарихи немесе бүгінгі күнге арналған телехикая түсіретін болсақ, біздің актерлеріміз, режиссерлеріміз бар ма, осыған дайын ба? Түріктің сериалдары неге көкейімізге қонып отырады. Мәселе, режиссердің ұлтшылдығында. Біздің қазақ киносында ешқашан да ұлтын сүйетін мықты режиссерлер болған жоқ. Сұлтан Қожықов бастаған марқасқалар кетті. Ал ендігілердің бәрі көп оқыған азимуттер, Мәскеудің тумалары ғой. Бірде сол жігіттердің біріне неге қазақша сөйлемейсіңдер дегенімде: «Какая разница, Дулат аға?», − деген. Міне, осы «какая разница» дейтін адамдар түсірмеуі керек фильмді.
Ұлттық киноны ұлтын сүйетін адамдарға беру керек. Сириялықтардың түсірген «Бейбарыс сұлтаны» – жақсы кино. Бірақ олардың фильмдері мына түріктерге қарағанда мықты емес сияқты. Ал бізде актер бола ма? Ертең науқаншылдар президенттің айтқанымен көп сериялы фильмді қолға алдық деп бастап кететін шығар. Режиссерлер, актерлер дайын ба? Сатыбалдының өзі Мұстафа Шоқайды түсіргенде қырғыздың актерін алды ғой. Қазақтың сондай Мұстафа Шоқайы болатын жігіттеріміз көп еді... Түркияның фильміндегі «Сұлтан Сүлеймен» ашуланған кезіндегі бір көзқарасының өзі неге тұрады. Көздері атып жібере жаздайды. Осындай шебер актерлеріміз бар ма? Конкурстар жариялай ма, ел ішінен аламыз ба, тарихи тұлғаларды тек қана театрдан ала беретін болсақ, қателесеміз. Театр актерлері сахнада ойнап-ойнап образдан шыға алмай қалғандар. Актерге фактура, психология керек. Ең бастысы, біздің тарихи фильмдерде ұлтын сүйетін адам керек, сценаристен бастап, шоферға шейін. Сол кезде ғана фильм шығады. Ал егер де бұл фильмді ағылшын, француз, түрікке, итальянға да ортақ, жалпы адамзаттық деп жасайтын болсақ, онда біз ұтыламыз. Қазақ киногерлері адамзаттық дегенді қайдан тауып алғанын білмеймін. Жабысты да қалды. Сонда итальяндықтар, француздар бізден күткен екен ғой. Мен білсем, қазақтар ғана «адамзаттық» деп кино түсіреді екен. Ал әлемде француздар французды, итальян итальянды, жапон жапонды түсіріп, ұлттық тарихын, болмысын насихаттап жүр.
Талас Омарбек:
– Дулат ағамыздың айтып отырғанының жаны бар. Қытайдың «Шыңғыс хан», «Құбылай ханы» бар. Барлық жылдар берілген, тарихи тұлғалар қамтылған, олар шынында да бұрмаланбаған. Көркемдігін өздеріңіз көріп жатсыздар. Оңтүстік Корея түсірген «Ұлы әмірші Куаң Ге То» фильмі ІV ғасырдағы ірі-ірі тайпаларды біріктірген, корей халқының басын қосқан тарихи тұлға туралы. Сонда да режиссер кино желісінде жылдар мен оқиғаны ауытқымай дұрыс беріп отырады. Кезінде «Көшпенділерді» тарихшылардан ешкім оқыған жоқ. Сценариін Ибрагимбеков жазды. Тарихшыларды мойындамай, тарихи тақырыпқа кино түсіруге бола ма? Сценариін драматургтер, өнертанушылар жазсын, оған ешкім қарсы емес.
Дулат Исабеков:
– Фильм болу үшін Шыңғыс хан, Құбылай, Арық Бұға сияқты ұлы мақсатта күресіп жатқан басты кейіпкерлер болуы керек. Мәселен кім бізде басты кейіпкер болады, ол да қиын. Біреу анда, біреу мында тартып жатыр...
Аманхан Әлім:
− Міне, Ғайнижамал өте дұрыс айтып отыр. Ар-ұждан деген ұғым болуы керек. Онсыз тарих тарих болмайды. Алпыс-жетпіс жыл бойы санамызда қалыптасқан рулық, жүздік тартыстар, өз батырларын енгізу деген мәселелер ертең көрініс табатыны даусыз. Сондықтан жан-жақты көзқараспен, тарихи мәні, көркемдігі биік, кейіпкерге лайықты тұлғалық бейне жасай алатын актерлерді іріктеп алып кірісуіміз керек.
Дидахмет Әшімханұлы:
− Төрт адам жиналсаңыздар да көптің көкейінде жүрген дүниелерді айттыңыздар. Кейде қанша әңгімелесіп отырсаң да, түйін болмайды. Бірінші, анау-мынау демей, расында да бір тоқтамға келген дұрыс. Яки, Қазақ хандығының алғаш құрылған кезі 1465-66 жылдар дегенге тоқтау керек. Екінші, ертең кино түсіріп жатқан жағдайда білікті тарихшыларды тартып, қосу керек. Ең бастысы, ұрандап, шапқылап, бірден кірісіп кетпей, асығыстық жасамау керек. Ғайнижамал замандасымыз өте дұрыс айтты, көркем фильм мен деректі фильм деген ұғымды қалыптастыру өте қиын. Деректі фильм көрерменге нақты ұғым, танымдық дүние бере алады. Сондықтан да, ең алдымен Талас айтқандай тарих төңірегіндегі түйінді шешіп алғанымыз орынды болар, ағайын. Бәлкім, біз аңдамаған, аттап өткен мәселелер де бар шығар. Ал редакциямызға арнайы ат басын бұрып, өз ойларыңызды бүкпесіз ортаға салғандарыңыз үшін бәріңізге алғыс айтамыз.
Қазақ хандығы — бүгінгі Қазақстан Республикасы мен көрші аймақтардың территориясында 1465-1847 жылдар аралығында өмір сүрген мемлекет. Қазақ хандығы Еділден Жайыққа дейінгі территорияны, Сырдария мен Амудария өзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыған.
Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясына
негізделген монархияға негізделген. Мемлекет басшысы - хандар саяси билік жүргізетін. Олар төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайланатын.
Қазақ хандығының тұңғыш ханы - Керей, соңғы ханы - Кенесары Қасымұлы.
Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде 14-15 ғғ. болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеуі 15 ғ. 2 жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.
Әсіресе Әбілхайыр(1428-1468) Жошы-Шайбан- Дәулет-Шайх оғланның ұлы хандығы өте нашар еді. Территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты. Бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. 30 жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандады. Сыр бойындағы далада Жошы әулетінің Махмұтханы мен Ахметханын(Тоқа Темір тұқымы) жеңді.
1446 жылы Әбілхайыр Темір ұрпақтары мен Ақ Орда хандары ұрпақтарынан Сыр бойы мен Қаратау баурайындағы — Сығанақ, Созақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты қалаларды басып алады.
1457 ж. Үз-Темір тайшы бастапан ойраттардан (жайылым жер іздеген) Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Масқара ауыр шарт жасасып, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілхайыр өз ұлысында , қатал тәртіп шараларын орнатуға кіріседі. Бұл халық бұқарасының оған деге өшпенділігін күшейтті. Нәтижесінде халықтың жартысы Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп барулары еді. Оны Жәнібек пен Керей басқарды.
Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі бұқара феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстарға наразылық ретінде , хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударды. Сөйтіп, 15 ғ. 50-70 жж, яғни 1459ж. Әбілхайыр хандығынан Жетісудың батысына Есенбұға хан иелігіне Шу мен Талас өзендерінің жазықтығына көшіп келді. Олардың қоныс аударуының бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өз ықпалын тигізді. Жетісу рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталыпына айналды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Моголстан ханы Есенбұға өзінің солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланғысы келді. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы. Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы табиғи құбылыс.
Мырза Мұхамед хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465-1466 жж.) жатқызады.
Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Бұлардың тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайтуға үлес қосты. Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинапан және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 ж. Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері- оның ұлы Шайх -хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды.
Сыр өңірі мен Қаратау — қазақ хандарының Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандар сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз құқықтарын орнатуға тырысты. Сондай-ақ Сырдың төменгі және орталық сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді.
70-жылдары Сауран, Созақ түбінде, үлкен шайқастар болды. Асыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Осындай шайқастардың бірінде көрнекті қолбасшы Керейдің ұлы Мұрындық болды. Ол 1480 жылдан бастап хан болды. Соның нәтижесінде 15 ғ. 70-ж-да қазақ хандығының шекарасы кеңейе берді. Оңтүстік қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да толастамады. Батыс Жетісудағы иеліктеріне оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (Созақ, Сығанақ, Сауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің орнығуы, Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға кетуге мәжбүр етті. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды.
Сонымен қазақ хандығының құрылуына ұйтқы болған себептер — саяси және этникалық процестер болды. Оның басты этапы — Керей мен Жәнібектің қол астындағылармен бірге көшпелі өзбектердің басшысы Әбілхайырдан кетіп, Моғолстанның батысына қоныс аударуы. Мұндағы маңызды оқиға — Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың өзбек-қазақтар, кейін тек қазақтар деп аталуы. Әбілхайырдың өлімінен кейін Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына келіп, үкімет билігін басып алуы. Жаңа мемлекеттік бірлестік Қазақстан атана бастады.
16-17 ғғ. қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында «жерді біріктіру» процесін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым. Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты.Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия,Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Ұлы князь 3 Василий (1505-1533) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді.
«Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды.
Дегенмен Қасым хан тұсында Қазақ хандығы бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Ол Қасым өлгеннен кейін бірден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушілеріне қарсы одағы қалыптасты.
Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы және мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Таһир (1523-1532) хан болды. Оның айырықша елшілік әне әскери қабілеті болмады. Маңғыт және Монғол хандарымен әскери қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болмады. Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бір бөлігінен айрылып, оның ықпалы тек Жетісуда сақталып қалды. ТаҺир ханның інісі Бұйдаштың (1533-1534) тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ.