$ 494.87  520.65  4.91

Азаматтық қызметкерлерге арналған еңбек өтеудің жаңа моделі келер жылы ұсынылады

Азаматтық қызметкерлердің еңбегін өтеудің жаңа моделін енгізуге ҚР бюджетінен 2015 жылға қосымша 278 млрд. теңге бөлу жоспарланған, деп хабарлайды Skifnews.kz.

— Жаңа модельді енгізуге 2015 жылдың бірінші жартыжылдығына республикалық бюджеттен қосымша 139 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Ал жылына бұл 278 миллиард теңгені құрайды. Бұл қызметкерлердің жалақысын - денсаулық сақтау саласында - 28 пайызға дейін, білім беру саласында - 29 пайызға дейін, азаматтық қызметкерлердің өзге де салаларында - 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деп мәлімдеді бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, жаңа модель азаматтық қызметкерлердің қызметтерін орындайтын функцияларына байланысты бөлуді қарастырады. Егер азаматтық қызметкер басқару функцияларын орындаса, ол «басқарушы персонал» блогінде болады. Егер ол тек өзінің бейіндік функцияларын орындаса, мысалға ауруханалардағы дәрігерлер мен мектептердегі мұғалімдер «негізгі персонал» блогінде болады. Экономистер, есепшілер, заңгерлер «әкімшілік персонал» блогіне кіреді, сондай-ақ, «техникалық персонал» немесе көмекші персонал блогі қарастырылған.

— Қолданыстағы жүйедегі коэффициенттер кестесі барлық салаға және қызметкерлер лауазымдарына ортақ болып табылады және салалық ерекшеліктер ескерілмейді. Жаңа модельде талап етілетін біліктілік және жұмыс өтіліне қарай әрбір функционалдық блок: «денсаулық сақтау», «білім беру», «өзге де салалар» үшін арнайы коэффициенттер кестесі көзделеді, — деп толықтырды Т.Дүйсенова.

Бұдан өзге, оның айтуынша, қосымша ақылар мен үстемеақылардың жаңа моделінде олар 2 түрге бөлінеді: өтеуші (мысалы, зияндылығы үшін, қосымша жүктеме үшін және т.б.) және ынталандырушы (жұмыс сапасы үшін, оның нәтижесі үшін және т.б.). Еңбек жағдайлары үшін үстемеақылар мен қосымша ақылар жүйесін оңтайландыру жалақы мөлшерінің жұмыс сапасы мен нәтижесіне тәуелділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары