Ордабасы ауданда «Жастар орталығы», Спорт және денешынықтыру бөлімі және «Ликбез» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сыбайластықтың - емі заңды сақтау» акциясы» өтті.
Акция барысында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің Халықаралық қатынастар және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мажимбеков, Қажымұқан атындағы жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айнабек Бейсенов жастар арасында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа жастар өкілдерін тарту туралы ойларын ортаға салды.
Кездесуде елдегі сыбайлас жемқорлық, соның ішінде жоғары оқу орындарындағы пара туралы мәселелер талқыланды.
– Сыбайлас жемқорлықты жою – біздің халқымыз бен мемлекетіміздің негізгі құндылығы болып табылатын Тәуелсіздігімізді нығайтудың басты талабы. Сондықтан да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас пен құқықтық сана қалыптастыру қажет және де сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюда, шешуші және соңғы сөз ЖАСТАР тарапынан болуы керек! – деп атап өтті М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің Халықаралық қатынастар және саясаттану кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мажимбеков.
Ал, Қажымұқан атындағы жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айнабек Бейсенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрестің идеялық негізін партияның саяси Доктринасында бекітілген Заңның үстемдігі, Əділеттілік, Отбасы және дəстүр сынды әмбебап құндылықтар – құрауы тиіс деп есептейтінін жеткізді.
Жиында аудан жастары жемқорлыққа қарсы өз пікірлерін білідіріп, оны жою тәсілдерін ұсынды. «Жемқорлыққа қарсы тәрбие мектепте, университетте немесе жәй өмірде болмасын оған жеңіл қарамау керек, онда қалыптасқан азаматтық жауапкершілік, тәуелсіздік, өзін өзі жетілдіргенде ғана тұрғындардың жағдайы жақсарады»,- деп атап өтті олар.