$ 494.87  520.65  4.91

Биылғы бидай да қар астында қалды

Қостанайлық шаруалар биыл да астықты жинап үлгермеді. Аяқасты келген ақтүтек боран бидайдың бәрін 100 пайыз жинап үлгердік деген қостанайлық шенділердің өтірігін шығарып бергендей деп хабарлайды КТК арнасы.

Дәл қазір 3 мың гектар алқап қардың астында жатыр. Ылғалға бөккен дәнді ендігі жерде тек мал азығы ретінде ғана пайдалануға болады. Оның үстіне қар аралас өнімді жинап алу да оңай емес.

Қараша жетпей қар түскен Қостанайда жылдағы әдетінше егіншілер тағы да шығынға батып жатыр. Сарыкөл ауданында күртік қарға көмілген бидай жақсы өнім бергенімен, енді бәрібір астық ретінде жарамайды.

«Өнім жинау өте қиын. Бұл астықты енді ешкім алмайды. Ылғалдылығы 25 пайыз, оның үстіне қар араласып кеткен. Мың гектар алқабымыздан айырылып отырмыз. Күн-түн демей жұмыс істеуге бармыз. Бірақ, түске дейін бидай бетіндегі қардың еріп кетуін күтуіміз керек», – дейді механизатор  Рашид Мусагитов.

Шаруалардың мұнша күйге түсуіне дәннің кеш себілуі мен жаздың салқын әрі жаңбырлы болуы себеп екен. Сөйтіп, бидай масақтары тез жетіле алмай қалған. Осының салдарынан биыл астық сапасы да төмен болып тұр. Мұны атқамінерлер де мойындады.

«Биылғы Сарыкөл ауданында 308 мың бидай мен бидай аралас егілген. Соның ішінде, 100 пайыз жиналды. Оның сапасы биыл гектарына 15,8 центнерден алынып тұр. Бидай онша емес. Биыл көбісі 4, 5-класпен кетіп жатыр», – дейді Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары Асқар Жақсыбаев.

Ал жарамсыз болып қалған 3 мың гектар алқап әкімдердің биылғы есеп-қисабына кірмей қалған сыңайлы. Олар егістікті түгел жинап алдық, қар астында жатқаны соның қалған-құтқаны дейді. Айта кетерлігі, бидайдан бөлек, зығыр мен күнбағыс алқаптарының да жартысынан астамы әлі ақ ұлпаның астында жатыр. Соған қарағанда, шаруалардың шығыны әлі біраз ұлғаятын сыңайлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары