Мемлекет тарапы мектептерде мұғалімдер мен оқушылар арасында ақша жинауға қанша тыйым салса да заңсыздықтың бұл түрі тыйылар емес, деп жазады BAQ.KZ
Жыл сайын дәл осындай фактке жол берген қаншама педагог жазаланып та жатыр.
Жуырда ҚР Білім және ғылым министрінің жеке блогына Трифонова Виктория Ивановна есімді солтүстікқазақстандық мұғалімнен арыз келіп түсті. Ол Уалиханов ауданындағы Кішкенекөл мектебінде жұмыс істейді. Айтуынша, мектеп басшылығы ұжымнан заңсыз ақша жзинауды дәстүрге айналдырған көрінеді.
«Түрлі себептерді сылтай етіп, айлық-жалақымыздан ақша ұстап қалу өз алдына, айлығымыз қолға тигеннен кейін де оған ауыз салады. Мәселен, биыл қазан айында шетелдік жұлдыздардың концертіне билетке деп екі рет ақша жинап алды. Біздің ол шараға барғымыз келетін-келмейтіні мектеп басшылығын қызықтырмайды. Сондай-ақ, қараша айында оқытушыларға мәжбүрлі түрде ақысыз еңбек демалысына өтініш жазғызды. Мұны өздері аудандық бюджетте қаржының етіспеушілігімен түсіндірді. Ұстаздар қауымы жұмыстан айрылып қалмас үшін басшылықтың дегеніне амалсыз көніп келеді. Енді желтоқсан айында да жылдағы дәстүр бойынша бес күндік жалақымызды ұстап қалады. Оның өзін қаңтар айының соңында немесе ақпанның бас жағында береді. Бұдан өзге де ақша жинаудың түрлі себептері бар. Тізе берер болсам уақыт тапшы» дейді мектеп мұғалімі өз арызында.
Аслан Сәрінжіпов болса бұл фактіге байланысты облыстық білім басқармасында арнайы комиссия құрылып, мектеп басшылығының әрекетін тексеріп жатқандығын хабарлады.