$ 447.4  477.55  4.76

Ғабидолла Әбдірахымов шымкенттіктерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Құрметті шымкенттіктер және қала тұрғындары!

Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бір-біріне ұласқан осынау қасиетті де қастерлі мерекелер қарсаңында ардагерлердің қайсарлықтарына, жанкешті ерліктеріне құрмет көрсете отырып, ыстық ықыласпен алғыс айтамыз! 

Жеңіс жалауының желбіреген күніне биыл 74 жыл толып, тарих қойнауына өшпес ерлікпен еніп барады. Бұл мереке – соңғы демі қалғанша күрескен жанқиярлық ерліктің нәтижесі, халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еліміздің өркендеуі мен бірліктің бұзылмас қамалы осынау мерекенің жемісі.

Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді. Біздің парызымыз – ардагерлердің ерлігін құрметтеп, әрдайым қамқорлық көрсету. Ардагерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Бүгінгі буын Жеңіс сарбаздары алдында мәңгілік қарыздар.

Жеңіс күні қарсаңында Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік мерекесі – 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін атап өтеміз. Биыл ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 26 жыл толып отыр. Отан қорғаушылар күні Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, ерлік пен жауынгерлік күшке ие нағыз ерлердің мерекесіне айналды. Бұл күн – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күні.

Бүгінгідей айтулы мерекеде барлық бастамалар оң жемісін беріп, еліміздің көркейуіне аянбай еңбек еткен азаматтарымыздың еңселері биік, мерейлері үстем болсын! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елінің көк байрағы мәңгі бейбітшілік аспанында желбірей бергей!

 Ардақты ардагерлер!

 Бүгінгі бейбіт ғұмырымыз бен бақытты болашағымыз үшін Сіздерге алғысымызды білдіреміз! Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілеймін!

Мереке құтты болсын!

Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ,

Шымкент қаласының әкімі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары