Қарағандыдағы бөлімде болған атыстан Амандық Қалиевтың аяғы семіп қалған. Оқ тиген еті мен тамырларын дәрігерлер сылып алыпты, деп хабарлайды SN.kz тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Енді мүгедектік алуға құжаттың түпнұсқасының болмауы қолбайлау. «Себебі әскери бөлімдегілер комиссияға керек деректерді бермек түгілі, қарулы шабуыл жайында айтуға тыйым салды» дейді Амандықтың анасы.
21 жастағы Амандық Қалиевтың оң аяғының дымы қалмаған. Оқ тиген етін сылып алып, қу сүйегі тұр. Сегіз ай бұрын әскери бөлімде болған атыстан өзі қатты шошынған. Күйзелістен әрең шығып, көпшілікпен сөйлесуге де құлқы жоқ. Сау баласының әскерден жарымжан болып оралғанына анасы күйінеді.
«Бір жылға жібергенімде міне, баламды мүгедек қылып алып келді. Енді қайда жұмыс істейді? Бүкіл өмірі ойран болды», - дейді анасы Күлән Қалиева.
Былтыр қыркүйек айында Қарағандыдағы әскери бөлімде сарбаздардың бірі қолына автомат алып, түн жарымында өз қатарластарына оқ жаудырмақ болады. Офицерлерін қуалап жүріп, өлтіруді көздейді.
Бірақ жауынгер Амандық Қалиев оның қолына жабысып, сарбаздан қаруын тартып алмақ болған. Сол кезде өзінің аяғына оқ тиіп, қолы күйген. Ал қалған әскерилер оқтан аман қалады.
«Бірақ бөлім басшылары Амандық абайсызда аяғын атып алды деп хабар таратып, оқиғаны жасырмақ болған. Талабым - баламның шындығын елге айтсын, қалай болғанын. Офицерлерінің бүкіл взводтың жанын қорғап қалғанын айтсын. Иә, рақметін де айтқан жоқ. Иә, кешірім де сұраған жоқ», - дейді сарбаздың анасы.
Былтыр қатарластарына қару ала жүгірген сарбаз сегіз жылға сотталды. Ал әскери бөлім басшылары сол оқиғаға қатысты әлі күнге тіс жарғысы жоқ.
№52859 әскери бөлімнің командирі Талғат Әбдіровтің айтуынша, Қалиев бөлімде борышын өтеген, былтырғы оқиғаға қатысты соттың үкімі шыққанымен, ол күшіне енген жоқ. Одан бөлек екінші сатыда іс қаралатын болады.
Қазір Амандық Қалиев мүгедектікке құжат дайындап жүр. Бірақ комиссия оны қабылдар емес. Себебі Қарағандыдағы әскери бөлім оның қайда ем алып, ауруханадан қашан шыққаны, жарақатына қатысты өзге де құжаттардың түпнұсқасын бермей қойыпты. Әскерилердің мұндай қылығына сарбаздың туыстары ашынып отыр.