«Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі», дейтін халқымыз ежелден ең басты құндылық ұрпақ деп біледі. Қазіргідей зейнатақы қоры деген өң түгілі түсіне кіріп те көрмеген бабаларымыз қартайғанда асыраушым балам деп сенген. Сондықтан мал-мүлік жимаса да, бала санын шектеген емес. Әр үйдің есігінің алдында кемі бес-алты, алды он екі, он үш бала жүгіріп жүретін замандар болды. Алайда тарихи тағдырында әр қилы аласапыранды бастан өткере келе, бүгінде біз шыны керек, балалы болудан қорқатын, баланы дүниеге әкелерде «асырай аламын ба өзі?» дейтін дәрежеге жеттік. Неге?
Қазақ және қала
Мұның ең бірінші себебі, қазақтың көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа бейімделуінен бастау алады. Яғни, бұрын кең байтақ жерде киіз үйді тігіп жіберіп, алдындағы малынан ырыздығын айырып күн көретін қазақ, қызын он сегізге толмай құтты орнына қондырып, ұлы өссе, үйінің қасынан қосымша отау тігіп, соған еншісін бөліп шығарып отырды. Ал қазір, ондай заман емес, жас отбасы үшін басты мәселе – баспана. Үйлендің бе, үй керек, әсіресе қалада. Әйтпесе, алған айлығыңды сыпырып жалдамалы пәтерге беріп, қалғаны шайлығыңнан артылмайды.
Екіншіден, табыс пен күнкөріс. Яғни, алған жалақы аз және ол өте баяу өседі, ал базар, жалпы нарық бағасы күн санап өседі. Сондықтан бір үйде бір адамның жұмыс істегені жеткіліксіз, ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыс табуы керек. Ал ендеше, бұл отбасы қалай балалы болады? Яғни, әйелі бала туып, үйде отырып қалса, ерінің табысы пәтерақы мен отбасын асырауға жете ме?
Міне, осы мәселе шыны керек, күні кешеге дейін үлкен мәселе болып келді. Елімізде ерлі-зайыптылар не баланы белге қоя тұрып, жағдай жасап алуға кірісті не әркімнің босағасында жүрсе де, балалы болып, содан соң оларды әуелі Құдай, сосын біріне-бірін тапсырып кетіп жұмысқа шығуға мәжбүр болды. Және осы тұста айта кетерлік тағы бір жайт, тұрмысы төмен отбасылардың жайлы жабдықталған үй жалдауға шамалары жетпей, қала сыртынан, қауіпсіздік шаралары сақталмаған жер үй жалдауға ғана шамалары жеткені жасырын емес, міне, осындай жағдайлар ушыға келе, биылғы жылдың басында елордада бір үйдің бес қызының бірдей қайтыс болуына әкеліп соқтырды десе болғандай. Бұл оқиға – бүкіл қоғамның арасында дүр сілкініс тудырғаны өз алдына, Үкімет пен Елбасының назарын көпбалалы отбасылардың проблемасына мойын бұрып қарауына тікелей әсер етті. Әрине, бұрын да «Жас отбасы», «7-20-25», «Нұрлы жер» секілді арнайы бағдарламалар арқылы осындай санаттағы отбасыларды баспанамен қамтып келген еліміз, десе де соған да жағдайы келмейтін, тұрмысы мүлдем мүшкіл жандардың барын білді.
Сөйтті де, дереу көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдаудың бұрынғыдан әлдеқайда ауқымды, әлдеқайда қолайлы да қожетімді бағдарламаларын жасауға дереу кірісті. Дәл бүгін біздің елімізде осы салада қолға алынып жатқан шаралар өте көп, соның бірі – әр балаға ай сайын 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлеу. Бұған биылғы жылдың басында өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII сьезінде қабылданған партияның алдағы 10 жылға арналған бағдарламасы негіз болды. Онда еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасымыз ең бірінші болып осы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін арттыруды тапсырды. Содан соң Елбасы «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын», - деді.
Жалпы, елімізде бұрыннан бұл мәселелер қамтылған, нақты айтсақ, 2016 жылғы 6 желтоқсанда қабылданған ҚР Президентінің ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту жайлы №384 Жарлығы бар. Ол жерде ана мен баланы қорғау, отбасылық саясат, отбасының өмір сүру жағдайы мен сапасын арттыру, ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес ата-аналардың икемді жұмыс түріне көшуі, бала күтімінде отырған әйелдің жағдайы, бала туғанға дейін және бала күтіміне қатысты төлемдер барлығы қамтылған.
Десек те, «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII сьезінде қабылданған партияның алдағы 10 жылға арналған бағдарламасында көпбалалы аналарға ерекше мәртебе беріп, оларға барынша қамқорлық көрсетудің жолдары тереңірек қарастырылып, шұғыл қолға алынды. 2019 жылдың сәуір айынан құжат қабылдау басталды да, мамыр айында Қазақстан бойынша 84 287 отбасы алғашқылардың қатарында жәрдемақыға қол жеткізіп үлгерді. Ал бұл 9,4 миллиард теңгені құрады деп мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Соның нәтижесінде көпбалалы отбасылардың әр балаға 21 мың теңге жәрдемақы алуы, сондай-ақ тұрғын үй кезегіне тұру мәселесіне ерекше ден қойылды. Және осы бұл мәселелер де осы мамыр айында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында жүзеге асып, Қазақстан бойынша қаншама тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар су жаңа пәтерлердің кілтіне ие болды.
Әсіресе, осы тұста Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы» бағдарламасы жайлы ерекше айта кетуге болады. Себебі аталған бағдарламада бұған дейін басқа еш жерде болмаған жағдай, үйдің бастапқы жарнасы ретінде 1 миллион теңгені қала әкімшілігі мұқтаж отбасыларға өз есептерінен төлеп беретін жүйе құрды. Көп ұзамай, 100-ге жуық отбасы баспанаға қол жеткізді. Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы мамандары егер аталған бағдарлама болмағанда бұл отбасылар ең кемі 1-2 жыл үй кезегінде тұратынын жасырмай айтып салды.