$ 498.34  519.72  4.85

«Мен көше сыпырушымын, баламды кейде жұмысқа ала барам...»: журналист неге қоқыс теріп жүр?

«Қоқысқа әр еңкейгенде көз алдыма жаңатастық жас бала келеді».

Жалпы, елімізде қоқыс полигондарына жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қалдық шығарылады екен. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың жылдық көлемі шамамен 300 мың тонна болса, тәуліктік шығарылымы 800 тоннаны құрап отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы.

Сол себепті, күн сайын қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін «Астана Тазарту» ЖШС 23 учаскеде екі ауысыммен жұмыс істеуде. Оның біріншісіне 47, екіншісіне 23 арнайы техника жұмылдырылады. Сондай-ақ, 1 учаске контейнерлерін «Таза Әлем-Астана» ЖШС-нің жұмысшылары босатып отырады.

Бүгінде елорда тұрғын үйлерінің ауласындағы 1 мың 842 арнайы алаңына 9 мың 891 контейнер қойылған. Жоғарыда аталған қос мекеме жұмысшылары екі ауысыммен де үлгермеуде ме, әйтеуір, қоқыс пакеттері біз көрген контейнерлердің іші-сыртында бірдей үйіліп жатты. Тіпті, кейбір тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарын пәтерінің алдына, сыртқы кіреберіске қоя салатын салдыр-салақтығына да куә болдық. Бір контейнерлік алаңға тоқтаған жұмысшыларды сөзге тартқанымызда, олар қала халқының дені қоқыс тастаудың өзінде қарапайым мәдениетті сақтауды білмейтініне налыды.

Швейцариядағы сияқты, Нұр-Сұлтанға да қағаз, пластик, шыны және аралас қалдықтарды бөлек-бөлек жинауға арналған түрлі-түсті 160 контейнер орнатылған-ды. Қалалықтар қызыл, жасыл, сары және көк түсті төрт контейнердің қайсысына шыны, органика, пластик бұйымдар немесе қағаздарды тастау керегін шатастырмауы үшін олардың бетіне нұсқаулық та жазылды. Сондай-ақ, бірнеше сауда орталықтарына істен шыққан электрондық құралдарды тастайтын 10 экобокс қойылды. Дегенмен, бас қала тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне әдеттегідей бір пакетпен лақтыра салуда. Сұрыптап тастауды әлі дағдыға айналдыра қойған жоқ.

Біз осындай олқылықты азайтуға өз септігін тигізгісі келіп, жеке кәсіп ашқан астаналық жігітке хабарластық. Бастапқыда «Бәйтерек» монументінің жанындағы «Дипломат» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің есік алдынан қоқыс салынған пакеттерді үнемі жинап жүруді көздеген оның талабы да ұзаққа бармапты. Есімін айтуды жөн көрмеген жеке кәсіпкер: «Қызметтің бұл жаңа түрі дәулетті тұрғындар арасында сұранысқа ие бола бастап еді...», – дейді. Алайда, оған жергілікті билік тарапынан тыйым салыныпты. Сөйтіп, кіреберістер мен аулалаларда айра-жайра болып жатқан тұрмыс қалдықтарын қоқыс контейнерлеріне тастайтын шағын кәсібін одан әрі дамытып, арнайы жұмыс киімін тіктірмек мақсаты орындалмай қалған. Әйтпесе, көрсеткен қызметі үшін оған әрқайсысы күніне 28 теңгеден, айына 750 теңгені қолма-қол төлеп жүрген тұрғындардың да саны арта бастаған көрінеді. Ол осылайша «адамдардың жалқаулығын табыс көзіне айналдыру» тәжірибесін сондағы ПИК-пен келісіп, жеделсатыларға хабарландыру ілу арқылы жүзеге асырған...

Әкімдік өкілдеріне талапты азаматтың несімен жақпай қалғанын қайдам, әйтеуір, көшені қоқыспен ластау мәселесін Елбасының өзі екі мәрте алға тартқан еді. Ол 2012 жылы тәртіп сақшыларына қоғамдық орындарда тазалық сақтамайтын адамдарды қатаң жазалауды ұсынды. Сол сәтте: «Мұндай адамдарды 3 тәулікке қамау керек», – десе, 2015 жылғы сөзіне «көше ластайтындарды таяқпен жазалайтын» Сингапурды мысал етті. Сондықтан да Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 434-бабына сәйкес, мұндай «ұсақ бұзақылық» үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 10 тәулікке қамау жазасы қарастырылған.

Таяуда журналист Қанат Ескендір фейсбук парақшасында бір тәрбиелік мәні бар дүние жазды. «Көшеде елеңдеп, бәле іздеп келе жатқам. Жаңатаста. Алдымда кетіп бара жатқан келіншектің 6-7 жасар баласы жол бойында шашылған қоқысты теріп алып, қоқыс жәшігіне апарып салғанын байқап қалдым. Бір емес, екі емес, паркке апарар жол бойы солай... Содан әлгі келіншекке таяп кеп, «Әпке, бұл қалай?» демеймін бе. Сөйтсем, әпкем айтады «Мен көше сыпырушымын, баламды кейде жұмысқа ала барам» деп.
Мен сол кезде кішкене балақанның көз ашқалы көрген тәрбиесін емес, шешесінің жұмысын жеңілдетуге ұмтылған ниетін көріп, таң болғам...
Жүректің басына тиіп еді бұл оқиға... Қазір де өзім кәстөм-шалбар, гәлстөк тағып шырттай боп келе жатсам да, жолда кездескен қоқысты іліп алып, қоқыс жәшігіне тастайтын мінезді өзгерте алмай келем. Қоқысқа әр еңкейгенде көз алдыма жаңатастық жас бала келеді...» – дейді жазба авторы. Одан артық не айтуға болады?!.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары