$ 494.87  520.65  4.91

Туристік полициядан бұрын «туалет» керек: жол бойындағы дәретханалардың жиіркенішті жағдайы жақсара ма?

Жоқ, бізге құрғақ сөзбен «мәңгілік елге» талпыну маңызды. «Туалеттің» түйінін шешудің орнына туристік полиция құрамыз. Туристік инфрақұрылымның негізін құрайтын дәретхана мәселесі бір жағынан үкіметтің азаматтарға, шетелдік туристерге деген немкетті көзқарасын білдіре ме деп қаласың.

Өткен демалыста елдің шығысына, дәлірек айтқанда Зайсан қаласына жол түсті. Зайсан – көрсе көз тоярлықтай әдемі қалашық екен. Жасыл желекке оранған шағын шаһардың, әсіресе, мұнтаздай тазалығы ерекше қуантты. Ал Зайсанға дейінгі көріністер туралы олай деп айтуға ауыз бармайды, деп жазады qamshy.kz.

Жол бойында әжетхананың жоқтығы, барының өзінің жиіркенішті жағдайы, көлік тоқтайтын орындардың, дүкендердің жанының қоқысқа толы күйі көңілге қаяу, жүрекке кірбің түсіреді. Бұл – біз көрген Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының ғана емес, бүтіндей бір елдің басындағы проблема.

Тегінде майда-шүйде болып көрінген қоғамдық дәретхана, оның тазалығы мемлекет өркениеттілігінің деңгейін оп-оңай көрсете алады. Өзімізді қалайда мойындатуға тырысып жүрген батыста өркениет дегеніңіз пафостық, популистік идеялардан бұрын, күнделікті өмірдің хал-ахуалымен өлшенетінін, халыққа ыңғайлылық қағидаты басты орынға қойылғанын ұмыта береміз. Соны біз де ұстансақ қанеки?!

Жоқ, бізге құрғақ сөзбен «мәңгілік елге» талпыну маңызды. «Туалеттің» түйінін шешудің орнына туристік полиция құрамыз. Туристік инфрақұрылымның негізін құрайтын дәретхана мәселесі бір жағынан үкіметтің азаматтарға, шетелдік туристерге деген немкетті көзқарасын білдіре ме деп қаласың. Әйтпесе, жол бойында қажетін өтегісі келген адамға сай-саланы, бұта-бұтаны жағалатып қоюын қалай жоруға болады?

Жөндеуден өткен автожолдардың бойындағы дәретханалардың жағдайы да сын көтермейді. Санитарлық-гигиеналық талаптар туралы айтудың өзі артық. Аузы-мұрнына толып тұрған бұндай орындарда дәрет сындырудан гөрі адамдар баяғыша бұта-бұтаны жағалауды жөн көреді. Әжетханамен қатар, жол бойында қоқыс тастайтын орындардың жоқтығы да аса өзекті.

«Өз жерімізді, өзіміз ластамайық» деп қоқысты жинап, арнаулы орынға апаратындай сана қас қылғандай әлі көбімізде ақсап, мешеулік төбеден төпелеп тұр. Сондықтан бұл мәселелер қатар шешілуі тиіс. Яғни әжетханалар маңында қоқыс тастайтын жәшіктің болуы міндетті.

Дәретханалар салу – істің басы ғана. Онымен шаруа бітпейді. Оның күтімі, тазалығы бар. Су жаңа орынның өзі күтім көрмесе, қайтадан қазіргі әжетханалар деңгейіне түсіп кетуі қысқа уақытта «орындалатын шаруа». Бұл мәселенің жергілікті биліктің қарамағында болуы қандай жағдайға әкелгенін көріп отырмыз. Сондықтан іске жеке кәсіпкерлікті тарту қажеттілігі өзінен өзі белгілі болып шыға келді.

Бұл ретте нақты ұсыныстар жоқ емес. Үкімет соларға енді ден қоя бастаған сияқты. Осы орайда біздегі бір жағымсыз әдетті айта кеткен орынды болар. Іс орнынан қозғалу үшін, я мәселеге көңіл бөліну үшін міндетті түрде оған себепкер болатындай оқыс оқиға тіркелуі керек. Немесе біреу бас болып айтып, оны көпшілік қостап, сынға ілінген соң барып қана әрекет басталады. Әжетхана мәселесінде де сондай. Баяғыдан белгілі түйіткілге үкімет Марғұлан Сейсембай, Мұхтар Тайжан секілді қоғам белсенділері фейсбук әлеуметтік желісінде жаза бастаған соң ғана көңіл бөле бастады. Мұхтар Тайжанның айтуынша, елге кемі 2 мың дәретхана қажет. Оның 1 мыңы автокөлік жолдарының маңына, тағы 1 мыңы туристік маршруттар мен нысандарға қойылуы тиіс.

Осы цифрлар жарым-жартылай басшылыққа алынды ма, әйтеуір, үкімет көктемде 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жасағанын мәлімдеді. Ол бойынша елдегі танымал он туристік орын бойынша 1 мың әжетхана салынбақ. Бүгінде жұмыс картасы әзірлену үстінде екен. Жобаны Мәдениет және спорт министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірлесіп жүзеге асырмақ. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс жасайды деп күтілуде. Жоғарыда аталған қоғам белсенділерінің айтып жүргені де осы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Мемлекет қажетті заттарды сатып алып, орнатады. Жеке фирмалар оның қызметіне жауапты. Жуып-шаяды, күзетеді. Ол үшін мемлекеттен ақша алады. Бұл бір жағынан қаншама жұмыс орындарын ашар еді.

«Аталған іске қыруар қаражат кетеді ғой» дерсіз. Әлбетте кетеді. Бірақ тұрғындардың жайлылығы, елдің туристер алдындағы беделі үшін ол қаржы түк емес. Керісінше ақшаны желге ұшырғандай әлденеше рет имидждік жобаға кеткен қаражат сияқты емес, бұның нәтижесі әлдеқайда пайдалы болмақ. Әрі-беріден кейін жылу, жарық, су, жол сияқты дәретханалар да инфрақұрылымның бір бөлігі. Оны жолға қою – мемлекеттің халық алдындағы міндеті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары