$ 444.22  476.38  4.82

Құрбандықты құр шалдық. Ал ысырапталған ішек пен теріні шетелдіктер өзімізге өңдеп сатуда

«Мысалы, құрбандық шалған адамдар мына ішектерді лақтырып тастайды. Біз соның бәрін тазартамыз да, буып-түйіп, шетелге жібереміз. Ол жақта кетгут, яғни медициналық жіп жасайды».

Жақында ғана құрбан айтты дүркіретіп өткіздік. Әр қалада арнайы орындар белгіленіп, құрбандық сол жерлерде шалынды. Орынды. Дегенмен, әттеген-айы да болды. Өзінің фейсбук парақшасына Дарын Нұрсапар деген желі қолданушы «қойлокост» деген атпен құрбандық шалынып жатқан орынның фотосын салды. Артынан неше түрлі пікірдің қатары артты: «Бұл қай жер? Қарағандыда тері рәсуа болмай, оны да өткізіп жатушы еді», «Теріні жинап жүрген жігіттер болды. Бірақ бәріне үлгермеді. Жеті-сегіз қой сойып қайттық», «Қойдың қайран терісі-ай! Осы кезде үйіліп, қала сыртындағы полигонда жатқан шығар. Жүн мен теріні іс қылуды мүлде қойдық қой», «Дәстүрдің озғаны бар, тозғаны бар деуші еді».

Иә, суретке мал сойылған жердегі қазылған ор түсірілген. Оның іші құрбандыққа шалынған малдың қанымен ғана емес, тері және ішек қарынға да толып кеткен екен. Бұл да бір ысыраптың нақты белгісі болса керек.

Нұр-Сұлтан қаласында да құрбандық шалған адамдар көп болды. Елорданың мал базарындағы сауда қызу жүрді. Қызмет түрін ұсынғандардың қарасы да көп. Мұнда сойылған малдың терілері мен ішек-қарындарын бірден жүк көлігіне қотарып, арнайы жерлерге шығарып отырды. Дегенмен, сол қоқыстың ішінен ішекті алып, тазалап жатқандар да болды. Оны не үшін алып жатқанын сұрағанда, пайдалы бір кәсіптің бар екенін мәлімдеген.

«Бұл – өте тиімді кәсіп. Мысалы, құрбандық шалған адамдар мына ішектерді лақтырып тастайды. Біз соның бәрін тазартамыз да, буып-түйіп, шетелге жібереміз. Ол жақта кетгут, яғни медициналық жіп жасайды. Онымен хирургтар адамның ішкі ағзаларын тігеді, артынан кетгут өзі таралып кетеді. Бұдан бөлек, ішектен шұжықтың сыртын орайтын материалдар жасалады», – дейді ішек теріп жүрген жігіт.

Біз жиіркеніп, аршу тұрмақ, саусақтың ұшымен ұстап, қоқысқа лақтыра салатын ішектерді шетелге өткізу қолға алынған. Осы ішекті пайдалану технологиясын үйреніп, өзімізде зауыт ашса да болар еді-ау! Дәл сол күндері қанша тонна осындай пайдаға асар құнды тері мен ішек- қарын қоқысқа кетті десеңізші!

Бізде қазір таза теріні пайдаланып, аяқкиім, күрте, кәдесый, әмиян, белдік жасайтын цех, фирмалар көбейіп келеді. Яғни, отандық өнімге сұраныс бар. Бірақ сол өңделген тері сонау Моңғолиядан әкелінеді. Бізде тері өңдейтін мекемелер жоқтың қасы. Өйткені ол ауыр жұмыс деп есептеледі. Сондықтан қиындықтан қашқандар, сол теріні шетке өткізе салғанды жақсы көреді. Сол тері шет елге тиын болып барып, қайта өзімізге бағасы бірнеше мәрте өсіп, өңделіп оралады.

Біздің қазіргі сиқымыз – осы. Барымыздан мүлде айырылмай тұрып, төрт түлік өнімін пайдалану туралы жедел бағдарлама жасалса, құба-құп!

Әдебиет ЖҰМАНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары