«Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» дейтін қазақ – жетімін жылатып, жесірін қаңғырпаған дана халық. Ауызбіршіліктің алмайтын қамалының жоқ екенін іспен де, сөзбен де талай жерде дәлелдеп, елдің үмітін арқалап жүрген жандар арамызда аз емес. Халықтың демеуімен қорғансыз қалған балаларды баспанамен қамтып, қуанышқа бөлеген дара тұлға біздің кезектегі кейіпкеріміз болмақ.
Қиындықта қайыспай, еңбекпен қалыптасқан қайсар мінезді Эльмира Ешниязова – қалың жұршылыққа Instagram әлеуметтік парақшасы арқылы танымал. Оның бүгінде 130 мыңнан аса оқырманы бар. Қайырымды жанның әрбір жазбасынан еліне, қазақ жұртшылығына деген зор махаббат, шексіз сүйіспеншілік байқалады.
Жиырма жылға жуық құрылыс саласында қызмет жасаған Эльмира Әблезқызы – жетімді жебеп, жесірге демеу болуды алдына үлкен мақсат еткен ана. Турашыл, әділ жанның қолдаушысы да, қорғаушысы да – қарапайым халық. Құрылыс саласының білікті маманы бүгінде «елдің анасы» атанып кеткен.
Өз атынан жеке қайырымдылық қорын ашқан Эльмира Ешниязова қалың жұртшылықтың бірігіп, асарлатып қаржы жинауының негізінде пәтер жалдап, мардымсыз жалақыға күнелткен әкесіз, анасыз қалған балаларды баспанамен қамтуға тырысып келеді. Оның бұл бастамасын қолдаған халықтың ықыласымен елуге жуық отбасы қоныс тойын тойлады.
Жамбыл Дауытовтың жары бірнеше ай бұрын қан қысымы көтеріліп, күтпеген жерден жан тапсырған. Төрт баласымен жатақханада тұрып жатқан әкенің басты арманы баспаналы болу еді. Еріктілер мен Эльмира Ешниязованың жағдайды әлеуметтік желіде жариялап, қажетті қаражатты жинауының негізінде көпбалалы әкенің басты арманы орындалды.
Қолына баспананың кілтін алып, қуанышы қойнына сыймаған әке ендігі мақсаты – балаларын аман-есен өсіріп, жеткізу екендігін айтады. Ол кең пейіл, дархан көңіл халқының қиналғанда қолдау білдіргеніне шексіз ризашылығын білдірді.
Ал алты балаға анасының жоқтығын байқатпауға тырысқан Мұрат Жұмаділов жақын аралықта баспаналы боламыз деп еш ойламаған еді. Эльмира Ешниязова мен танымал азаматтардың араласуымен жалдамалы пәтерді жағалап жүрген балалардың жаңа шаңырағына қажетті қаражат аз уақытта жиналды.
«Аналарынан ерте айырылған балаларымның бүгін көздері қуаныштан жайнағанын көрдім. Маған бұдан артық бақыт жоқ», – дейді көп балалы әке қалың жұртшылыққа алғысын айтып.
Бақыты еселеніп, балаларының несібесіне қарай халықтың ықыласымен баспаналы болғандардың тағы бірі – бес баласы бар жалғызбасты оралман Құрбанай. Оның арқасүйер азаматы жүрек ауруынан қайтыс болған. Ерінен айырылса да, ертеңінен күдер үзбеген еңбекқор ана елдің өлшеусіз ықыласына риза.
«Менің қайырымдылық қорымның қазаны – бүкіл қазақтың жетімдеріне ортақ!» – деп ұрандатқан ел анасының мақсаты айқын. Атқарған әр ісіне тиянақтылықпен қарайтын қордың жетекшісі халықтан жиылған қаражаттың шашауын шығармай, уақытылы есеп беріп отыруды да әдетке айналдырған. Елдің сенімі мен жанашырлығының арқасында құрылған бұл қор болашағының жарқын болары сөзсіз.
Гүлназ Бисен