"Қазақстан аруы-2015" ұлттық байқауын ақтаулық бойжеткен Әлия Мергенбаева жеңіп алды. Айтулы шараны "Қазақстан" ұлттық арнасы тікелей эфирден көрсетіп, жеңімпазды қазылармен бірге көрермендер де СМС-дауыс беру арқылы таңдағанын айта кету керек.
Байқаудың финалында 30 бойжеткен бақ сынады. Қазылар алқасы осы отыздың ішінен 15 аруды іріктеп алған. Мұнан кейін ұлттық әшекейлер, сәнді көйлектер номинациясынан кейін небәрі 5 қатысушы жарысты жалғастырды. Олар: ақтаулық Әлия Мергенбаева (17 жас), астаналық Камла Темірова (21 жас), қарағандылық Рената Нұрғазина (18 жас), талдықорғандық Айдана Қанайбаева (19 жас) және оралдық Вероника Залата 18 жас).
Жеңімпазды анықтаудағы соңғы сөз халыққа берілген. Яғни, еліміздің ең көрікті аруын көрермендердің өздері дауыс беру арқылы таңдады. Бірақ, СМС-дауыс беру шарасы басталмастан бұрын қазылар әр қызға түрлі сұрақтар қойып, олардың білім деңгейін тексеріп көрді.
Осы сұрақ-жауап кезеңінде белгілі болғандай, "Қазақстан аруы" атанған Әлия Мергенбаева өзінің мүлдем кітап оқымайтынын мойындады. Ол интернеттен өзіне қажетті білімді алатын көрінеді.
Айта кетейік, байқау жеңімпазына 5 миллион теңге сыйақымен бірге қалыңдықтың жасауы да берілді. Сондай-ақ, ол келер жылы "Әлем аруы-2016" байқауында еліміздің намысын қорғайтын болады.
ФОТО: Tengrinews.kz