01.10.2019, 10:45

«Қазіргі айлығым - 188 000 теңге»: астаналық ұстаз жоғары жалақыға қалай қол жеткізді?

Шебер-педагог өзінің жалақысын да айтып берді.

Соңғы жылдары білім саласына бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатыр. Мұғалімдердің жалақысы да көтеріліп келеді. Мәселен, аттестациядан кейін айлықты 50 процентке дейін арттыруға болады

Ал жаңартылған білім мазмұны үшін тағы 30 проценттік үстемақы төлейді. Sputnik Қазақстан-ға сұхбат берген қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Шынар Берденова астанадағы мектепте айына қанша ақша табуға болатынын айтып берді.

70 проценттік үстемеақы қалай берілді?

Шынар Берденова №76 мектеп-гимназияда жұмыс істейді. Осыдан бес жыл бұрын Қостанай қаласынан ауысып келген. Сол жақта жүргенде «Назарбаев зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымы мен Кембридж университетінің бірлескен бағдарламасына қатысып, кәсіби біліктілікті көтеруге арналған үш айлық курстан да өтті. Соның арқасында 30-100 проценттік үстемеақы алуға мүкіндік болған. Ол екінші деңгейден өтіп, 70 проценттік қосымша ақы алды.

«Әлі есімде, біз ол бағдарламаны желтоқсан айында бітірдік. Ал келесі жылы қаңтар айынан бастап айлығымызға 70 проценттік үстемеақы қосылды. Сонда бұрыңғы жалақымызға 50 мың теңгедей қосымша ақша берілді», - дейді Берденова.

Айтуынша, бұрынғы жерде бала саны да, сабақ уақыты да аз болды. Ал астанаға ауысқаннан кейін жүктеме көбейді. Жалақы да көтерілді.

«Қостанай қаласында ең көбі 24 сағат болды. Ал осы мектепке ауысқаннан кейін 36 сағатты алып отырмын. Бес жылдан бері солай жұмыс істеймін. Мен өзім жоғарғы санатты мұғалім болып келгенмін. Өткен жылы аттестацияны өтіп, шебер-педагог санатын алып шықтым. Тест тапсырдым. Жетістіктерім де осы санатқа сәйкес келді. Еңбек өтілім – 25 жыл», - деп атап көрсетті Берденова.

Осылайша, Шынар Берденова 45 жасында шебер-педагог атанды. Бүгінде 5, 10 және 11-ші сыныптарға сабақ беріп жүр. 36 сағаттың басым бөлігі жаңартылған білім мазмұны бойынша өтеді. Келесі жылы оған 11-сыныптар да қосылады.

Шебер-педагогтың жалақысы қанша?

«Негізі, жаңа білім мазмұнын балалар жақсы қабылдап жатыр. Енді, ең бастысы оқушыларды еш қиындықсыз жаңа бағдарламаға кіргізе білу керек. Ал біз шебер-педагог болғаннан кейін сан алуан әдіс-тәсілдерді іздейміз, қиындықты жеңуге тырысамыз. Сонда балалар бәрін тез түсінеді. Міне, еңбегімізге қарай үкімет те мұғалімдерді қолдап жатыр. Мен өзім ризамын», - дейді Берденова.

Шебер-педагог өзінің жалақысын да айтып берді. Оның қазіргі айлығы -  188 000 теңге. Аттестациядан кейін 94 000 теңгедей ақша қосылады. Бұдан бөлек, жаңа білім мазмұны үшін төленетін 30 проценттік үстемақы тағы бар. Оның көлемі – 51 000 теңге.