Әлеуеті зор мекеменің қызметкері абақтыға қамалғаны туралы естідік. «Трансгендерді жәбірлегені үшін» деді ақпарат сайттары. Бұл оқиғаның қалай басталғаны және немен аяқталатыны бізге еш қызық емес. Тек, мына жәйтті еске түсіріп отырғаны болмаса.
Онда тоқсаныншы жылдардың ортасы. Мемлекеттік басылымнан жекеменшік апталыққа ауысып кеткенбіз. Мұнда тақырып еркін. Газетіміздің көлемі қоянның жон терісіндей ғана, әрі аптасына бір рет шығады. Ол аз болғандай, бір нөмірде қазақша мен орысша мақалалар аралас жүретін. Сондықтан қызықты тақырыпты іздейміз.
Бір күні журналист қызымыз: – Мен жынысын өзгертіп, жігіттен қызға айналған жас адамды білемін, - десін. – Ендеше, не қарап жүрсің, жазсаңшы. – Алдымен келісіп келейін. Келісімін берсе, жазамын.
Бір күннен кейін жолығып келді. Анау ақша сұрапты. Мәскеудегі келесі операцияға керек екен. Ақша мәселесін бізден үлкен бастық шешетін. Оған тақырыпты айтып едік, жанып кетті. Ол кезде мына «трансгендер» деген термин ене қоймаған. Бастықтың аузынан «гермафродит» деген сөз шықты. Өзі – өте білімді азамат. Қазір мемлекеттегі өте танымал тұлға, ірі-ірі қызметтерді атқарып келеді. Журналист қыздың да қызметі, атағы мен дәрежесі қазір бізден жоғары. Әңгіме оларда емес, біздің айтпағымыз басқа.
– Ойбай-ау, ондай гермафродит бар ма? - деді үлкен бастық. – Бар екен. Тек өзі туралы жазатын болсақ, оған ақша сұрайды. – Ақша берсек, барлығын айта ма? – Иә, бүкіл сырын ашпақшы. – Болды, қанша сұрайды, тауып беремін. Тек мақала тартымды болсын. Әрі бірнеше нөмірге бересіңдер.
Бітті. Анау жігітке, жоқ ол кезде қызға айналып кеткен ғой, жарайды, кейіпкерге дей салайық, біздің журналист қыз сырласуға кетті. Содан кейін оның сырын күнделік ретінде әзірледі. Бірнеше нөмірге шығардық. Осы кезде тосын қызық болды. Өз үйіміздің ауласында кешкілік бірнеше жігіт сөйлесіп тұрғанбыз. Әңгіме «айналада не болып жатыр» дегенге жеткенде біз жынысын өзгертіп жатқан жан туралы айттық.
– Оны қайдан білесің? - деді бір көршіміз. – Газетке жазып жатырмыз ғой. – Оқуға бола ма?
Үйімізде газетіміздің бірер данасынан жататын. Ретімен әкеліп бердік. Көрші құлшына оқыды. Сосын: – Мынаны бір көрсе, шіркін! - деді. «Бір көрсе»-нің мағынасы бәрімізге түсінікті. – Әйелің бар. Керек десең маңайдан көңілдес табуыңа болады. Бұл байғұсты қайтесің?- дедік. – Бойымды әуестік әкетіп барады, - деді көршіміз.
Содан. Біз ара-тұра кештетіп таксиші болатын едік. Ақша тапшы заман ғой. Рысқұлов даңғылының бойымен клиент іздеп алақтап келе жатсақ, алдымыздағы автомашина қол көтерген біреуге тоқтай қалды. Қол көтерген – қысқа юбка, торлы шұлық киген әйел. Әйел болғанда еңзегердей. Дәл өзі. Біздің жігіт, тіфу, қыз еді ғой, ия бастығымыз айтқан, журналист жазып жүрген гермафродиттің өзі. Анау автомашинаға мініп кетті.
Ертесінде журналистен «сенің кейіпкерің қайда тұрады?» деп сұрадық. «Рысқұлов көшесі мен пәлен көшенің қиылысында пәтер жалдайды». Тура сол жер. Енді еш күдік жоқ. Кешкісін көршімізге «әй, сен іздеген гермафродитті мына тұстан табасың» деп жөн сілтеп жібердік.
Одан арғы не болғанын жазбаймыз. Тек осыдан бірер жыл бұрын баяғы көршілердің біріне жолығып қалғанбыз. Бір-бірімізді түгендеп жатып, әлгі бойын гермафродитке әуестік билейтін көрші туралы сұрадық. «Бар, молда болып кеткен, пәлен мешіттен табасың» десін!
Мына трансгендер шуын естігенде әншейін, сол жәйт ойға түсіп жатыр. Жалпы, Қылмыстық кодексте «қасақана» деген ұғым бары белгілі. Ол жазаны ауырлата түседі. Ал «әуестік» деген ұғым бар ма, өзі? Жазаны жеңілдету үшін емес, әділет үшін керек сияқты. Өйткені, адамдар кейде әуестікпен шатылатындай көрінеді бізге.
Қайнар ОЛЖАЙ