$ 494.87  520.65  4.91

«Сізді түсінемін»: жақынын жоғалтқан адамға көңіл айту кезінде нені ескеруіміз керек?

Мынадай сөздер қайғылы адамға бос сандырақ болып естіліп, одан ары жүрегіне ауыр тиетінін ұмытпаңыз:
Фото: express-k.kz
Фото: express-k.kz

Адам басқа кезге қарағанда, қайғы үстінде өтірікті бірден байқайды. «Түнімен жоқтап жылап, таң атқанда өлген кім депті» деген қытай мақалы бар. Осындай жағдайды қиын болса да, өз өмірімізде де кездестіріп тұрамыз. Жаназаға келіп, тәбәрікке таласып, садақа беріп жатқандарды сынап отыратындар да бар. Мұның барлығы жараға тұз сепкендей тиеді.

Көңіл айтқан кезде шын жаныңыз ашып, сөзіңіздің жүректен шыққаны қажет. Жай ғана аузыңызды қозғалтпай, құшақтап, арқасынан қағып, қолын қысуыңыз бірге қайғырғаныңызды білдіреді.

Қазақтар көңіл айтқанда: қалғандарыңыз аман болыңыздар, ақыры қайырлы болсын, сабыр берсін, өмірден өткен жан иманды болсын, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын, амал дәптері оң жағынан ашылсын, алдынан жарылқасын, жаны жәннатта болсын деген сөздерді қолданады. Нәресте шетінеп кетсе, ата-анасына шарапатшы болсын дейді. Сонымен бірге былай да шын жақындығыңызды танытуға болады:

Бәріміз үшін де орны ерекше еді, қайғыңызға ортақпын.

Бізге сыйлаған махаббаты мен жылуы жұбаныш болсын, ол үшін дұға етеміз.

Қалай қайғырып тұрғанымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны ешқашан ұмытпаймыз.

Мұндай қымбат адамды жоғалту маған да аса ауыр тиді. Қайғыңызға ортақтасайын. Қандай көмегім керек болса да, қысылмай айтыңыз.

Қайғыдан қан жұтып тұрмын. Менің қолымнан келер жәрдем болса, аянбаймын, қуана көмектесемін.

Жақсы адамдар өмірден ерте кетеді екен. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Сізді мұндай қайғыда қалдыра алмаймын. Сәл де болса көмегім тисін, кез келген минутта маған арқа сүйесеңіз болады.

Тас түскен жеріне ауыр екенін біліп тұрмын. Сізді жалғыз қалдырмаймыз, бұл қиын жолды бірге өткерейік.

Орны толмас қаза болды. Сізді де, ол кісіні де тілегіме қосып жүремін.

Ал мынадай сөздер қайғылы адамға бос сандырақ болып естіліп, одан ары жүрегіне ауыр тиетінін ұмытпаңыз:

Қиын, әрине, бірақ уақыт өте келе қайғыңыз басылады.

Осы да жақсы болған шығар. Ауырып, қиналғанша, ана өмірде жеңілірек. • Дәрігерге уақытында апарғанымызда бұлай болмас еді; Ауруын дер кезінде білгенімізде бәрі басқаша болар еді; Сен кетпегенде мұндай жағдай болмас па еді; Оны жалғыз жібермеуіміз керек еді.

Сізді түсінемін. Қалай қиналып тұрғаныңызды біліп тұрмын.

Қалай болды? Неге бұлай болды? Өлерінің алдында не айтты?

Менің анам қайтыс болғанда жынданып кете жаздағанмын; Менің де жағдайым сен сияқты, әкемнен айырылып қалғанда осындай күй кештім.

Енді балаларың үшін өмір сүруің керек; Шыда, мықты болуың керек; Енді былай етуің керек…

Бұл сөздер мұздаған жүрекке жылу бере алмайды. Одан сайын тас етіп қатырып тастауы да мүмкін. Баршаңыздың жақындарыңыз аман болуын тілейміз.

Дереккөз: oinet.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары