Жаңалықтардан: «...399 млрд шығын үшін спикерден сөз естіді...».
...Базарда шығын түгілі, күндегіден үш процент кем шыққанға «крыса» атану қаупі бар еді, сосын «қолының сұғанағы бар» деген жаман атпен ешкім жұмысқа алмайтын. Сондықтан ғой, құдайына қараған адамдар - кешегі мұғалімдер, музыканттар, тарихшылар - боқмұрын қожайыны келгенде қалтырап кетеді. Арты да, ары да таза болса да, елесі көрінген «егеуқұйрық» деген қара таңбадан дегбірі қашып, кекештеніп, әлдене түсіндірген болады. Мысалы, мыжырайып қалған сигареттерді жарты бағасына бере салып едім дейді. Немесе спирт мұзға айнала бастағасын, абырой төгілмей тұрғанда сатып құтылайын деп, арзан бере салдым дейді.
Көргенді қожайын болса жақсы мұндайда. «Жә, ештеңе етпес» дей салатын. Қожаның әкесі сияқты - сазға батқан атты даулап нем бар дейтін.
Бар еді ондай көргенді қожайындар. Бірақ аз еді.
Көбімізге, көбіне, екі иығынан демалған, тиынның татын жалаған ұрдажықтар тап келетін. Үш жүз теңге «недобор» үшін адамды жер етуге, ар-намысын домалатып ойнауға хақым бар деп ойлайтын әумесерлер еді. Бала-шағасына бес-алты шелпек пен килә қант алып қайтқанды, әрі кетсе - байпағына елу-алпыс теңгені сүңгітіп жібергенін мәз көретін амалы құрыған апайлардың, қыз-келіншектердің таусылып жылағанын сонда көрсеңіздер.
Налығаны налытады. Ашындырады. Ішіңдегі кісілік күнде өледі.
- Кеше де жетпей қалды, «крыса» болайын дедіңіз бе!
Қолында ұстаған қант салатын қалағы ақырын сырғып барып, жерге түседі сонда. Құрысын, өтеп берер-ау, жеп-іштің деп мойнына ілгенді. Оған емес. Буындар «арсыз!» деген сөзді көтере алмай босайды. Ақыры аяқтан да әл кетіп, қаптың үстіне сылқ етіп отыра қалып, үнсіз пысылдап жылайды. Бұдан бақырып, шашын жұлып жылағаны жақсы еді. Себебі қыж-қыж қайнап тұрған өкпенің өксігі кісіден кісіге жұғатын әдеті бар.
Бұлай жылаған адамды көрсең, еріксіз ықылық атасың. Оның өкпесі сенің өңешіңе түседі ғайыптан. Одан құтылатын тек бір амал бар: өзің де жылау...
Қалай есейгенбіз-ей. 1 млрд доллар шығын үшін адам бар болғаны... сөз естіді! «Крыса» деген жоқ. Үш жүз теңге мен 1 млрд доллар. «Крыса» атанған алпыстағы апай мен «сөз естіген» жылтырбет жігіттер. Мен білсем, сол бір тоқсаналты беттік қалың дәптер ұстаған апайлар бүгінгі холдингтерді тек қосу мен азайту амалы арқылы-ақ басқарар еді. Амал не, олар... үш жүз теңгеге бола сенімнен айырылып, сол заманда күйіп кетті...
Ерлан Оспан, Facebook парақшасынан