Ұлттық таным-түсінікке қайшы серіктестік босану жайлы ұғымның қалыптасуын белгілі журналист Бекжігіт Сердәлі сынға алды. Бұл жайлы Skifnews.kz ақпарат порталы автордың facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның ойынша, еуропалық менталитеттің қансығын қазақ ұлтының танымына жапсырудың қажеті жоқ көрінеді. Перзентханаға толғатып кеткен келіншегінің қасына барып, босану кезінде бірге болу - қалам ұстаған азаматтың түсінігінше ерсі көрінеді-міс.
"Партнер (фр. partenaire) – бірлесіп қатысушы, әріптес деген мағынаны білдіреді. Осыған «перзентханадағы еркек» дегенді де қосып қоямыз-ау. Түрік сериалдарының әсері ме, әйтеуір, кейінгі кезде босанғалы жатқан жас келіншектер «маған партнер боласың» деп соқа басты еркектерін соқталдай ғып перзентханаға ерте баратын болған. Партнерлікті – «серіктесе босану» десек, бұл босанушы әйелдің жақын адамдарының тікелей босануға қатысуына келіңкірейді. Серіктестің міндеті – рухани қолдау, толғатып жатқан адамға қолайлы әсер ету. Мұндай адамның бір есептен алдын-ала босану процесін біліп, дайындалып келген кәсіпқой әйел болғаны жөн. Босанушы әйелдің белін, ішін сипап, әйелдің дұрыс тыныс алуына, жүріп-тұруына, тамақ-суын ішуіне көмектеседі. Қарап отырсаң, осының барлығы мемлекеттен жалақы алып отырған перзентханадағы дәрігердің немесе акушердің міндеті сияқты. Партнер солар болуы тиіс. Ал, шын мәнінде, жауапкершіліктен қаша ма, әйтеуір, барлық шаруаны дүниеге перзент әкелгелі жатқан ананың туыстарына жүктей салған. Ал, келін қайын жұртынан гөрі осынау ауыр процесте күнде ойнап-күліп жүрген күйеуінің болғанын қалайды. Осыдан келіп, еркек байғұстың перзентханада отыратын «дәстүрі» пайда болды.
Ілгеріде аналарымыз күйеуін перзентханаға ертпек түгілі, үйде босанса да жабықтан сығалатпайтын. Ал, ер азамат ат шаптырым жерде тұрып, оқтаулы мылтығын ауық-ауық аспанға атып, әйелінің жеңіл босанып алуына көмек көрсететін.
Негізінен әйелдердің пікірі ер адамының «партнерлігі» жағында: «Серіктестік босануға қатысқан ерлердің одан кейінгі отбасылық өмірі өзгере бастайды, әрине жақсы жағынан», «Серіктестік босанудан кейін әйел мен ерінің арасындағы сезім артып, жауапкершілік күшейе түседі», «Жолдасымның өмірімдегі ең маңызды сәттердің бірінде қасымнан табылғанына қатты қуандым. Себебі ол қасымда болса қорғаным бар сияқты сезінемін, қорықпаймын».
Ал, ер адамдар бұған не дер екен? Әлде, оларға перзентханада келіншегімен бірге жатып «толғатқан» ұнай ма?..." - деп әлеуметке ойландырарлық сауал тастаған оның жазбасы желі қолданушыларың түрлі пікір қайшылықтарын туғызды.
Мәселен, Нұрбек Сейілбек есімді әлеуметтік желі қолданушысы "Мәселе, ұнау-ұнамауда емес-ау, аға! Қажеттілікке қарай ситуация өзгере береді ғой. Бұрын мұндай бізде болмаған деп консерватизмге салынуды құптамаймын өз басым. Әйелім босанарда жанына кіретін әйел адамның реті болмады. Сондықтан өзім кірдім.Тура босанатын кезде каридорға шығып кеттім, оған дейін бар жағдайын жасап, жанында болдым", - десе, енді бірі "Қалай болса да ер адамның өбектеп шауып жүргені дұрыс емес. Бала тәрбиесіне кереғар тұстары өте көп" деп, автордың ойын толықтыратын, бір жағынан қарсылық танытқан әрқилы пікірлерді жаудыра кетті.