Қызылорда қаласында ерекше той болып өтті. Ерлі-зайыпты Талғат Аманжолов пен Махаббат Қалыбаева үйлену тойын 13 жылдан кейін жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ерлі-зайыптылар 2006 жылы отау көтерген болатын. Ол уақытта Талғат 21, Махаббат 17 жаста екен. Екеуі достарының тойында танысып, бір-бірін ұнатып қалады. Көп ұзамай қол ұстасып, отбасылық өмірге қадам басуға шешім қабылдайды. Әкесі ертерек дүниеден озғандықтан Аманжоловтар отбасындағы үш қыз, екі ұлды анасы Гүлдерай өсіріп жетілдірді.
Ұлдың кенжесі болғанмен Талғат ешкімге салмақ салғысы келмеген, бірақ өзімен қол ұстасып үлкен өмірге қадам басқан жұбайы Махаббатқа үйлену тойын кейін жасайтынына уәде берген болатын. Дегенмен тұрмыс жағдайымен арада жылдар өтіп, сол уәдені орындаудың орайы енді келді. Бүгінде Талғат пен Махаббат алты бала тәрбиелеп, үш ұл мен үш қыздың ата-анасы атанды.
«2006 жылы екі жақтың келісімімен Махаббаты алып қаштым. Жасыратыны жоқ, дүбірлетіп той жасауға шамамыз келген жоқ. Шаңырағымда тек беташар рәсімін атқардық. Мешітте және заңды некемізді қидырдық. Сол сәтте Махаббатқа үйлену тойын жасап беруге уәде еткен едім. Сол уәдемді орындаудың орайы енді келді. Біздің бұл шешімімізге екі жақтың үлкендері қарсы келген жоқ. Бізге ақ батасын берді», - деді Талғат.
Талғат осылайша қазақ жігітінің уәде берік болатынын тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Отбасылық өмірде қос жас еселі еңбек етумен қатар шаңырақ шаттығына баланған ұрпақ өсіріп, оларға өнегелі тәрбие беруге көңіл бөліп отыр. Олардың үлкені Расул биыл 11-ге толса, одан кейінгі Нұрғайша 10, Мансұр 9, Қанағат 8, Айзере 5, Ару 4 жасқа толды.