$ 494.87  520.65  4.91

«Рухани жаңғыру»: «Бақытты отбасы» жұптарды татуластырады

«Біз жастармен көп кездестік. Олардың басым бөлігі отбасын құруға дайын емес. Мәселен, бізден кеңес алуға келген жас жұбайлар отбасы құндылықтары туралы ештеңе білмейді. Яғни, олар отбасылық өмірге әлі дайын емес».

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» ресурстық қолдау орталығы» әлеуметтік жобасы «ыдыс-аяғы сылдырлаған» отбасыларды татуластырып келеді, деп хабарлайды Sn.kz.

Бүгін Алматыда осы «Отбасылық соттар жанындағы «Бақытты отбасы» ресурстық қолдау орталығы» әлеуметтік жобасының қорытындысы шығарылды.

«Бақытты отбасы» пилоттық жобасы аясында Қазақстанның 8 қаласында атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Атырау, Өскемен, Тараз, Көкшетау және Қостанайда 12 орталық және отбасылық ресурстарды қолдау бойынша 4 кеңсе жұмыс істеді. Онда психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар қазақстандықтарға отбасын құру немесе ажырасу жағдайларында психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетті. 

«Статистикалық көрсеткіш бойынша, Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының бірі ажырасады екен. Соңғы бес жылда елімізде тіркелген некенің саны азайып, ажырасулардың саны көбейген. Әсіресе, үйленгендеріне 5 жылдан асқан жас отбасылардың арасында некені бұзу жиі кездеседі», - дейді Алматыдағы «Бақытты отбасы» отбасылық ресурстарды қолдау орталығының басшысы Александр Братенков. 

Орталықтың психологы Гауһар Оңжанованың мәліметінше, 1 маусым мен 30 қараша аралығында орталыққа 2566 адам жүгінген. Оның 2423-і – ажырасу мәселесі бойынша. Бұл – 20-77 жас аралығындағы адамдар. Өтініш берген 1898 отбасының балалары бар және тек 1270 жанұя (66,9%) балалардың алдағы уақытта тұратын жері туралы мәселе көтерген. Мамандардың кеңестерінен кейін 871 отбасы татуласуға дайын екендіктерін жеткізді. 

Брифинг барысында, Әуезов ауданының судьясы Бақыткелді Тұрлыбеков ажырасқандардың санын тілге тиек етті. «2018 жылдың қазан айынан бастап біздің сот осы пилоттық жобамен бірге жұмыс істеуде. Ажырасуға өтініштер саны 2017-2018 жылдармен салыстырғанда азайған жоқ. Өткен жылы біздің аудандық сотқа он ай ішінде айырылысуға 1292 өтініш келіп түсті. Оның 810-ы ажырасумен аяқталды. Соңғы он айда, яғни биыл 1500 өтініш түсті», - деді ол. Сарапшылар татуласуға қарсылық білдіру некеде бір немесе екі жыл болған жас отбасылық жұптарға тән екенін атап өтті. 

«Біз жастармен көп кездестік. Олардың басым бөлігі отбасын құруға дайын емес. Мәселен, бізден кеңес алуға келген жас жұбайлар отбасы құндылықтары туралы ештеңе білмейді. Яғни, олар отбасылық өмірге әлі дайын емес»,– деп түсіндірді Гауһар Оңжанова. 

Оның пікірінше, ажырасудың себебі – негізінен жұмыссыздық, ішімдік, есірткі, ерлі-зайыптылардың жеке өміріне ата-аналардың араласуы. Психологтың пікірін Александр Братенков та қолдайды. 

«Өкінішке орай, инфантилизм ұғымы бұрынғыдан да артып келеді. Жас жігіттер өздерін бала сияқты ұстайды. Өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Қазір жастар үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ата-аналары шешеді. Тіпті, отбасын құру кезінде де ата-анасы араласады. Сондықтан жастар отбасылық өмірдегі қиындықтарға төтеп бере алмайды, мәселені ажырасу арқылы шешеді», - деп түсіндірді ол. 

Сонымен қатар, сарапшылар Қазақстанда отбасылық қарым-қатынастар мәдениеті мен ажырасуға қатысты өркениетті көзқарас қалыптастыру керек деп санайды. 

Айта кетейік, «Отбасылық соттар жанындағы «Бақытты отбасы» отбасын ресурстық қолдау орталықтарын ашу» әлеуметтік жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты есебінен іске асырылды. Грант иегері – «Дағдарыс орталықтары одағы». Жобаның серіктесі ҚР Жоғарғы соты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#бақытты