Жапониядан келген Назым Осока есімді келіншек өзіне әке сатып алмақ. Бұл туралы ол бұдан бірнеше ай бұрын facebook әлеуметтік парақшасында жазба қалдырған болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"65-70 жастағы ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін ер адамды іздеймін. Балалы немесе баласыз болса да жарай береді. Бастысы, әкем сияқты маған моральдық қолдау көрсетіп, әкелік ақылын айтып, қамқорлық танытып, кездескенде маңдайымнан сүйіп тұруы міндетті. Менің тарапымнан оған толықтай материалдық қолдау көрсетіледі. Бар болғаны, әке мейірімінің қандай болатынын сезінгім келеді. Шын сөзім", - деп жазды ол.
Ерекше мәтіндегі оның жазбасына алғашында оқырмандары таңдана қарап, "Хайп жасап отыр. Ақшаңыз тасып бара жатса, балалар үйіне беріңіз! Сұмдық қой мынау. Қазақстанда әкенің махаббатын сатып аласыз ба?" деп сенбеушілік танытқан.
Әке мейіріміне мұқтаж Назым болса, бұл жазбасының ешбір жалғандығы, жеңіл атақ қуу ойында мүлдем жоқ екендігін алға тартып, "Астарлы ақиқат" бағдарламасында ағынан жарылды.
"Мысалы, кішкентай балаға бала күтушісін жалдайсыз ғой. Оған менің баламды міндетті түрде сүйіңіз деп талап қоймайсыз. Сол секілді, маған да әке керек", - деді.
Әке махаббатына мұқтаж болып өскен Назым әке-шешесі өзінің 5 жасында ажырасып кеткенін, әкесінің 20 жасында қайтыс болғанын айтты. Сонымен қатар, Назым жалдамалы әкенің қызметі үшін айына 300 мың теңге төлеуге әзір екендігін төтесінен жеткізді.
"Кішкентай кезімде әке махаббатын көрмедім. Әкем өте қатал адам боалтын. Мейірім дегенді сезбедім", - деп әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті.
Айтпақшы, оның әке іздеп жазған жазбасына келісіп, ақша жайлы сөз қозғап, ымыраласуға келісе кеткендер де табылды.