$ 439.43  473.31  4.82

35 миллион теңге шығындаған: кепілдегі пәтерді алған көпбалалы отбасы далада қалғалы тұр (ВИДЕО)

2012 жылы пәтердің бұрынғы иесіне, яғни қызына бұл баспананы анасы тарту етіпті. Ал ол кезде анасының жеке кәсіпкер ретінде бюджетке 90 миллион теңге салық берешегі бар болып шыққан.

Елордада көпбалалы Әлбатыровтар отбасы 90 шаршы метр үш бөлмелі пәтерді 2017 жылдың соңында 25 миллион теңгеге сатып алыпты. Одан бөлек, жөндеу жұмыстарының өзіне 10 миллион теңге кеткен. Нотариусте рәсімдеп, заң аясында мәміле жасаған. Баспана сол уақытта банкте кепілде тұрған екен, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, Евразия арнасының бейнесюжетіне сүйене отырып.

Әлбатыровтардың алғашқы жарнасы қомақты болғандықтан, пәтерді әлгі кепілден босатуын босатып та алған. Алайда, шикіліктің шеті биыл жазда отағасы банктен несие алмақ болып, құжаттарын жинастыра бастағанда бір-ақ шыққан.

«Несиеге өтініш берер кезде құжаттарды жинадық. Анықтама алдық. Сол кезде осы пәтерге қатысты қиындықтар туындады. Не болып жатқанын түсінген жоқпыз. Себебі, баспананы жылдар бойы жиып-терген қаражатымызға сатып алған едік», - деп мұңаяды Ескендір Әлбатыров.

Бұл күрмеудің негізгі ұшы мынау: 2012 жылы пәтердің бұрынғы иесіне, яғни қызына бұл баспананы анасы тарту етіпті. Ал ол кезде анасының жеке кәсіпкер ретінде бюджетке 90 миллион теңге салық берешегі бар болып шыққан. Іске банкроттық басқарушы кіріседі де, ол 2015 жылы сотта сыйға тарту шартына наразылық білдіріп, пәтерді өз иесіне қайтарып береді. Бірақ, анасы мүлікті қайта рәсімдеуге асықпайды. Осылайша, анасы мен қызы жылжымайтын мүліктің тарихы мемлекеттік кадастрға сәйкес таза болғанын пайдаланып, оны сатып жіберген.

Енді олардың адвокаты шешесі мен қызы соттың соңғы шешімінен бейхабар болған, пәтерді сатқан кезде өздерінің әрекеті заңнан тыс екеніне күмәнданбаған деген уәж айтуда. Оның сөзінше, пәтер мемлекеттік кадастр бойынша меншік құқығы сатылған тұлғаға тіркелгендіктен, бүгінде олардың өзі осы келеңсіздіктің құрбаны көрінеді. Ал Әлбатыровтар отбасы бәрібір сол әйелдерге алданып қалдық деп отыр.

«Мұнда қылмыстық істің иісі аңқып тұр. Банкроттық істі басқарушы, банк, және пәтердің бұрынғы иелері – барлығы ауыз жаласып, әдейі істеген. Нәтижесінде, банк өз мүддесін қайтсе де қорғап шығады. Барлығының ұпайы түгел. Тек менің балаларым мына қақаған қыста далада қалуы мүмкін», – дейді Шортанбек Әлбатыров ақсақал.

Қазіргі үй иелерінің уайымына негіз де жоқ емес. Себебі, алғашқы сот отырысының нәтижесі банкроттық іс орындаушысының пайдасына шешілген. Ал сот апелляциялық шағымды қабылдамаған жағдайда, мына қыстың көзі қырауда бүтін бір отбасы далада қалғалы тұр.

«Біз Қарағанды облыстық сотына шағымданамыз. Өтінішіміз тез арада қанағаттандырылады деп сенемін. Банкроттық істі басқарушы өз наразылығын пәтерді сатып алғандарға емес, заңсыз сатқан тұлғаларға білдіруі керек», – дейді шарасыз күйдегі Әлбатыровтардың адвокаты Серік Қожамқұлов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары