$ 494.87  520.65  4.91

«Бізде 34 мыңдай отбасының әйтеуір бір мүшесі алқаш» - Өркен Кенжебек

Қазақстандағы әрбір бесінші қылмыс, адам өлімінің тең жартысы, отбасылық-тұрмыстық негіздегі қылмыстың 60 проценті арақты көп ішкеннің салдарынан болған.
фото: etcetera.media
фото: etcetera.media

Журналист, блогер Өркен Кенжебек facebook парақшасында Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы ауыл тұрғындарының құдық басына барып, арақ-шарап шишашын шаққанын құптайтынын айтты. Ол шешіміне мысал ретінде еліміздегі алкоголизм дертіне қатысты бірнеше дерек те келтірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қайбір ауылда аз-маз арақ-шарапты алып шығып, топ болып жария түрде бас тарттық, міне, сындырдық ал деген бейне тарап жатыр. Бәрекелді! Осы жерде мен аздап сыйлайтын, вәще сыйламайтын адамдардың бұны да әжуалап, қылжақтап жатқанын оқып жатырмын. Басқа қолымыздан не келуші еді? К...тің тесігіне саусақ тығып, құмалағын түсіргеннен басқа.

Қарасаңыз, біреулер топтасып, арақтан адамыз деген пиғылын ел білсін, басқалар ұялсын, болмаса үлгі алсын деп бейнеге түсіріпті. Бұны айыптайтындай біз алкоголизмі жоғалып кеткен ел ме едік?» - деп кейіген жазба авторы «алқаштар статистикасын» да алға тартты.

«Биыл 1500 алқашты мемлекет міндеттеп емдетті. 34 мыңдай отбасының әйтеуір бір мүшесі алқаш дейді, тіркеуде тұр. Оның ішінде 31 бала (!) алқаш деп тіркеуде тұр. Қазақстандағы әрбір бесінші қылмыс, адам өлімінің тең жартысы, отбасылық-тұрмыстық негіздегі қылмыстың 60 проценті арақты көп ішкеннің салдарынан болған. 1996 жылы емес. Былтыр. Бізде ерлерге бауыр циррозы деген диагноз қойылса, соның 74 процент жағдайында арақтың кесірінен дейді. Әлі күлкіңіз келіп отыр ма?» - деген ол, одан әрі ішімдік сату ісіне тоқталды.

Айтуынша, қазір елімізде 37 мыңдай сауда орыны тіркелсе, соның бәрінде дерлік арақ-шарап сатылады. Сол себепті, әріптесіміз ішімдік атаулыны өркениетті елдердегідей тек арнайы дүкендер – алкомаркеттерде сату керектігін ескертіп қойды. Мысалы, шариғат елі болмаса да Финляндия билігі арақты сондай дүкендерде сатқалы бері алкоголизмі 20 процентке түскенін мәлімдеген. 

«Мемлекет мұндай реттеуге бармаған соң, әлгі ауылдағы жігіттер әйтеуір бір амалын қарастырған шығар. Қарлығаштың өртке тұмсығымен су тасығанындай әрекет қой олардікі. Ал біздікі не, әкең...» - деп түйіндеді ол жазбасын.

Боралдай ауылындағы «шиша шағу процесін» «сол маңдағы бір-екі дүкеннің иелері де шығар, бәлкім, естерін жиып, ұяты оянып, берекетін тілеп, арақ-шарапты төгіп жатыр ғой» деген блогерге бәрібір өзге желі белсенділерінің де алып-қосары бар. Олардың не дегенін жоғарыдағы сілтемеге өтіп көруге болады, ал негізі соған ұқсас пікірлер легін кеше де жариялаған болатынбыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#арақ #Өркен