$ 494.87  520.65  4.91

«Тәуелсіздік жылдары 3 миллион аборт жасалыпты»: «тоқалшыл» айтыскерлерге басқа тақырып ұсынылды

«Айналайындар, Қазақстан – ажырасу бойынша әлемдегі 200-ге жуық елдің ішінде алғашқы ондықта. Бір отбасын жарылқап алыңыздаршы!».

Журналист Кәмшат Тасболат facebook парақшасына айтыскерлердің тоқал алу туралы әңгімені қозғай беретініне қарсы екенін жазды. Оның ойынша, «қатын алғыш» ерлердің жауапсыздығы салдарынан елімізде жетім-жесірлер мен түсік тастаған қыздар көбейіп жатыр екен, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Айтыстың өлмейтін тақырыбы, айта-айта жауыр болған тақырыбы – екінші әйел алу. Бұрын шалдар айтатын, қазір әлі отбасын құрып үлгермеген жастар айтады. Айналайындар, Қазақстан – ажырасу бойынша әлемдегі 200-ге жуық елдің ішінде алғашқы ондықта. Бір отбасын жарылқап алыңыздаршы! Бізге отбасы институтын сақтау маңызды. Ал мынандай идеялармен тағы артқа кетеміз. Оның үстіне, «Еркек қырықта да қыз алады, қырықтағы қызды кім алады» дегендей тар ой-өріспен тұйықталып қалған елміз ғой. Ал сосын білімді қыздарымыз шетелге шықты деп ренжиміз», - деп ашынып отыр әріптесіміз.

Оның айтуынша, екінші әйел алу – өте ауыр тақырып. Ертеде ата-бабаларымыз алса, олардың пиғылы таза еді, теңдік, әділдік болатын, ал қазір пейіл тар, ниет қара деген пікірде Кәмшат Тасболат.

Әрине, бұл ретте ол да өзге әйелдер сияқты нәпсінің құлы боп жүргендер деп тек ер-азаматтарды жалпылама кінәлай салған. Солардың кесірінен не бәйбіше 3-4 баламен, не тоқал 1-2 баламен зарлап қалады-мыс.

Осылай да осылай дей келіп, «Заң деп «еркектік заң» қабылдатқанша, қолда бар заңдардың сапасын арттыруды неге ойламаймыз? Сондықтан, айналайын ақындар, «Өзбекстан 60 млн боламыз деп мақсат қойды» деп жыртыла бермеңіздер... Қазақстанның жөні бөлек. Біз әлі 20 миллионға жетпеген ұлтпыз. Өкініштісі, тәуелсіздік жылдары 3 миллион (!) аборт жасалыпты. Бұл еркектің жауапсыздығынан болған нәрсе! Міне, ақындарға жаңа тақырып», - дейді журналист. Ендігі кезек – айтыскер ақындарда. Не дер екен?..

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары