$ 494.87  520.65  4.91

Абайдың 175 жылдығына қаражат қайдан және қанша бөлінетіні белгілі болды

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бюджеттің ішінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильмнің қаражаты да бар.
Фото: Хабар 24
Фото: Хабар 24

Ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған іс шараларға жұмсалатын қаражат соммасы белгілі болды. Бұл туралы бүгін, 16 қаңтарда Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, ақынның мерейтойына жұмсалатын қаражат мәдениет және спорт министрлігінің жылдық бюджетінен бөлінеді.

"Негізі, барлығы жылдық жоспар аясында өтеді. Осылайша, Абай бабамыздың 175 жылдығына арналған барлық шараларға 3 миллиард теңгеге тарта ақша жұмсалады. Ол – жоспарлы қаражат. Мысалы, Абай атындағы опера театрының гастрольдік сапарларына бөлінетін қаржы болады. Олар сол қаржыны Абайдың мерейтойына арнап, Мәскеу, Түркия мен Қытайға барады. Басқа өнер ұжымдары да солай істеп отыр", – деді Дәуешов.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бюджеттің ішінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильмнің қаражаты да бар. Бұдан бөлек, Парижде ЮНЕСКО аясында бірқатар шара ұйымдастырылады. Мерейтой аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын түрлендіру және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

"Бұл жұмыстардың бәрі "Қазреставрация" ұйымына бөлінген қаражат есебінен істеледі. Мысалы, Абайдың Семей қаласындағы музейінің ішкі жөндеу жұмыстарына 30 млн теңге бөлінді", – деді вице-министр.  

Ұлы Абай мерейтойының ресми салтанатты ашылу рәсімі 21 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. 2019 жылы 30 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы жарлыққа қол қойды. Ал осы жылдың 9 қаңтарында  "Егемен Қазақстан" газетінде Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарияланған болатын. 

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы әрі классигі. Ол – жүздеген өлең, поэма мен аударманың, философиялық трактаттар стилінде жазылған "Қара сөздердің" авторы. Сонымен қатар оның 10-нан аса әні мен күйі бар.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары