$ 494.87  520.65  4.91

«Тәңіршілдер билікте отыр»: Мырзан Кенжебай бұл сөзімен кімдерді меңзегенін дәлелдей ала ма?

«Бірақ айыптауын айыптаса да М. Кенжебай ешкімнің атын атамайды. Өз басым бұны М. Кенжебай сезімге беріліп асығыс жазды деп ойлаймын».
фото: matritca.kz
фото: matritca.kz

Ақын Мырзан Кенжебай facebook парақшасына «Дінді бөлшектеу – қазақты бөлшектеу» деген тақырыпта жазған жазбасында тәңірлік нанымдағы жандардың мақсаты ұлтты бөлшектеу, ел арасына іріткі салу деп пікір білдіріп, бұл нанымның қолдаушылары арасында билік өкілдері де бар дегенді айтқан.

«Билік қазақтың басын біріктірмей, бір-бірімен қырқыстырып қоюдың алуан-алуан тәсілдерін пайдаланады. Өйткені, халықта ауызбіршілік болса, билікке қауіп төнеді. Қазақстан билігі сол үшін де тәңірлік ілімі деген қоғамдық ұйымды, Тенгри кз, тенгри банк дегендерді ашып қойды. ФБ-дағы тенгриандардың қожайындарының біразы билікте отыр. Бұл сұрқия саясаттан хабары болмаса да тенгриандарға фб арқылы орта жолдан қосылып жүрген надан байғұстар тағы бар.

...Қысқасы, билік қазақтың бір бөлігін ислам дінінен ажыратып, діні бөлек-бөлек тобырға айналдыру үшін тенгрианство дегенді шығарып, оларға даңғыл жол ашып берді. Тенгриандарға қамқорлық жасайтындардың талайы арнаулы қызметтерде екенін айтпағанда, енді біразы президент әкімшілігінде жүрген сияқты», - деп көсілген ол.

Бұл пікірге журналист, мәдениеттанушы Бердалы Оспанның да өз жауабы бар екен. Ол «Айтылған сөз – атылған оқ» жазбасында: «М. Кенжебай Қазақстан Республикасының билігі «...тәңірлік ілімі деген қоғамдық ұйымды, Тенгри кз, тенгри банк дегендерді ашып қойды» деп кімді айыптап отыр? Бұл жазбаны оқыған кім болса да Мырзан Кенжебай Президент Қасым-Тоқаев басқарып отырған Қазақстанның басшылығын «Билік қазақтың басын біріктірмей,бір-бірімен қырқыстырып қоюдың алуан-алуан тәсілдерін пайдаланады» деп айыптап отыр деп түсінеді. Жағдай шынымен солай ма?

Мырзан Кенжебай ойын былай деп жалғастырған: «ФБ дағы тенгриандардың қожайындарының біразы билікте отыр». Бірақ айыптауын айыптаса да М. Кенжебай ешкімнің атын атамайды. Өз басым бұны М. Кенжебай сезімге беріліп асығыс жазды деп ойлаймын. Ары қарай оқиық: «Бұл сұрқия саясаттан хабары болмаса да тенгриандарға фб арқылы орта жолдан қосылып жүрген надан байғұстар тағы бар». Мырзан Кенжебай «тенгриандарға фб арқылы орта жолдан қосылып жүрген надан байғұстар» деп өз отандастарын «надан байғұстар» деуге қалай дәті барды?» - дейді.

Ал Тәңір нанымына байланысты «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмахан: «Қазақ халқының Тәңір дегені – Ислам дініндегі Алла дегеннің баламасы. Яғни, күллі жаратылыстың жалғыз иесі. Сондықтан да аталарымыз Ислам дінін жеткізушілерді құшақ жая қарсы алып, ұрыссыз қабылдаған.

Ал Тәңіршіліктен қалған көзқарастар бүгінде діни сипатта емес, тек қана өмір салты, жай жоралғы ретінде қалғанын білеміз. Кейбір ұстанымдар асыл дініміз Ислам жоралғыларымен бірігіп, дәстүрімізге айналып кетті. Яғни, жеке-дара діни сипаты жойылып, дәсүрлі құндылықтар, ырымдар ретінде атқарылып келеді»,- дейді.

Ал Сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?

Наурызбек САРША

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары