«Маугли-бала» Қызылорда қаласының маңынан табылды. Әрең сөйлейді, басында бөрігі бар. Үсті-басы кір және қарны аш болғандықтан ол кәмелетке толмағандардың бейімделу орталығына орналастырылды. Бала әлі 9 жасқа толмаған және көптеген айлар бойы баспанасыз жүрген, деп хабарлады Skifnews.kz ақпарат порталы Астана арнасына сілтеме жасап.
Бұл бала үшін әліпби, онға дейін санау, тіпті жануарлардың қарапайым суреттері де беймәлім дүние. Бірнеше ай кезіп жүрген ол адам өмірінің қалыпты жағдайларынан алыстап қалған. Бала анасын көруді армандағанымен, олардың кім екенін есіне түсіре алар емес. Оны іздеп жтқан ешкім де жоқ.
«Онымен кешенде мұғалімдер, тәрбиешілер, логопедтер және дефектологтар жұмыс істейді. Екі айдан кейін бала 9 жасқа толады. Бірақ психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы бойынша ол өте баяу дамитындардың қатарында. Яғни, ойлау деңгейі мектепке әлі бармаған балалардікіндей», - дейді Қызылордадағы кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығының психологы және мұғалімі Әсем Бекмамбетова.
Қала тұрғындары үйсіз балаға Маугли деген лақап ат қойыпты. Олар осы уақытқа дейін оны тамақтандырып, түнеуге мүмкіндік беріп жүрген. Кейіннен баланың туыстары жоқ екенін білген олар полицияға жүгінді.
«Оның шашы Маугли сияқты иығына дейін өсіп кеткен. Баланы арықтан қалай тапқаны әлі есімде, ол қамыс ішінде ойнап отырды. Жұрттан сұрастыра келе баланың туыстары жоқ екендігі анықтадық. Мамыр айында әкесі қайтыс болған екен», - деді полиция қызметкері Жасұлан Асылбеков.
Владиктің тағдырын енді кәмелетке толмағандарға арналған сот шешеді. Белгілі болғандай, Маугли-баланың анасы Людмила бірнеше жыл бұрын Кореяға жұмыс істеуге кеткен. Ол ұлын өткен көктемде қайтыс болған бұрынғы күйеуіне қалдырды. Енді мәселе Людмиланы ата-ана құқығынан айыру туралы болып отыр. Бірақ алдымен оны табу керек.