02.02.2020, 23:23

«Әр анаға бала өсіріп отырғаны үшін мұнайдан түскен табыстан айлық бөліп беруіміз керек» - Марғұлан Сейсембаев (ВИДЕО)

Жыл сайын дүние жүзі халқы 80 млн адамға көбейіп жатыр. Адамзат саны 8 млрд адамға жақындап қалды. Қытай халқы жыл сайын 7,5 млн адамға өсіп жатыр. Қазақтар жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетпеу үшін 50 млн-ға жетуіміз керек.

Жыл басында Ресей басылымдары «Өткен 2019  жылы Ресейде 1 млн 947 мың сәби дүние есігін ашты. Бұл үш жылдан бері қайталанып келеді. Бір жылда мұншалықты баланың дүниеге келуі Ресей тарихында болмаған құбылыс. Біз мұны Президентке салтанатты жағдайда хабарладық» деген ақпаратты таратты. Демек, көрші ел жыл сайын 1 млн адамға көбейіп отыр. Ресей халқы қазір 130 млн-ға жақындап қалды. Бірақ көрші ел сонда да  өсе бергісі келеді, көбейе бергісі келеді. Ал біз ше?

Біздің тәуелсіздік алғаннан бергі табиғи өсіміміз 2 млн-нан енді асты. Сарапшылар мұның өзін үлкен жетістікке балайды. Себебі тәуелсіздік жылдарындағы елден кеткендердің қалыпты жағдайдан тым көп болуы біздің демографиялық өсімімізге кері әсер етуі мүмкін еді. Демек, қатарымыздың 24 жыл ішінде 2 млн адамға көбеюінің өзі – біз үшін үлкен жеңіс. «Қазақтың демографиялық өсім беретін кезі енді келді» дегенді мамандар осыдан екі жыл бұрын айтқан еді. Ал кеше ғана қазақстандық әлеуметтік желілер 2019 жылы елде 480 мың сәби дүниеге келгенін, бұл тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс ақжолтай ақпаратты таратты.

«Жылына 1,5-2 млн сәби дүниеге келетін Ресеймен салыстырғанда бұл аз. Бірақ біз тәрізді енді ғана 17 млн-ға жеткен ұлт үшін тамаша жетістік. Біздің өсетін кезіміз енді келді», - дейді мамандар.

Жалпы, мамандар демография бізде ғылым-білімнің кенжелеп қалған саласы екенін айтады. Жастар жағынан бұл тақырыпқа қызығып, ғылыми түрде көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Геологиялық, географиялық карта деген бар. Біз ендеше неге қолданысқа демографиялық карта дегенді енгізбейміз?

Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев әлеуметтік желідегі парақшасында ел әлеуетінің формуласы, халық санын қалай көтереміз, халық қолындағы қаражатты қалай басқарамыз деген тақырыпта өз ойларымен бөлісіп, нақты формуламен айшықтап берді. Оның түсіндіруі бойынша мемлекет – халық бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын ұғым. Президенттен бесіктегі балаға дейін оның бір бөлшегі. Мемлекеттің табысы - халықтың әлеуетінің деңгейі.

Кәсіпкердің пайымдауынша оның формуласы мынадай!

Ел әлеуеті = халық санына тең + білім

Бұл формулаға сүйеніп, халықтың әлеуетінің көтеру формуласын  шеше аламыз!  Бұл үшін үйде баласын бағып отырған аналардың мәртебесін анықтап, оларға бала өсіріп отырғаны үшін мұнайдан түскен табыстан айлық бөліп беруіміз керек. Кәмелетке толмаған әрбір баласы үшін әлеуметтік көмек емес, жалақы төлеу керек. Сол жалақыдан мемлекет зейнетақы қорына төлем жасауды өз міндетіне алу керек. Сол кезде ғана бала тапқан ана немесе бала өсірумен айналысып отырған ананың әлеуметтік мәртебесі анықталады, елімізде жаңа мамандық түрі пайда болады.

Содан кейінгі ең басты мәселе - көп балалы аналар үшін тұрғын үй мәселесін шешу, халық санын көтеру.

Біз Қазақстанда тұратын халық санын 80 млн, оның ішінде қазақтардың санын 50 млн-ға жеткізбесек, біздің болашағымыз бұлыңғыр. Жыл сайын дүние жүзі халқы 80 млн адамға көбейіп жатыр. Адамзат саны 8 млрд адамға жақындап қалды. Қытай халқы жыл сайын 7,5 млн адамға өсіп жатыр. Қазақтар жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетпеу үшін 50 млн-ға жетуіміз керек. Халық санының экономикаға әсері бар. Мемлекеттер халқының көптігімен-ақ экономиканы көтере алады. Біз ішкі нарықтың көлемін халық санын өсірумен ғана өсіре аламыз.

Ішкі нарықтың формуласы

Нарық көлемі  = халық саны*халық қолындағы қаражат.   

Шетелдегі қазақ ұлтының өкілдеріне қолына идентификациялық карточка беріп, олардың елге қысқа мерзімде оралуына жағдай жасау керек.

Экономикалық стратегиялық мақсат халық санын көбейтуға бағытталу керек!

Мемлекеттің реформасының жетістігі халық санының көрсеткішімен бағаланады. Ұлт ұл ретінде өсу үшін әр отбасыда кем дегенде үш баладан болу керек. Барлық экономикалық шешімдер халық санының мөлшеріне қарап үйлестірілуі тиіс. Ұлттық идеология халық санының көбеюі үшін жұмыс істеуі тиіс.

Бұл бізге не береді?   

Саны көп ұлтқа айналу  - ел, жер, тіл, мәдениет және қазба байлықтарымыздың иесі қазақ екенін дәлелдеп тұратын фактор! Біз саны басым ұлтқа айналамыз!

Халық қолындағы қаражатты көбейту үшін атқарылатын міндет:

Біріншісі әрекет мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Экономикадағы мемлекеттің үлесі квази мемлекеттік сектормен салыстырғанда 67 пайыз. Біз бұл үлесті 10 пайызға түсірсек, онда ішкі нарық 4 есе өседі. Екінші әрекет – билікке жақын компаниялар мен мононолиялардың үстемдігіне жол бермеу. Себебі 67 пайыздан қалған 33 пайыздың 20 пайызы билікке жақын тұлғалардың меншігіндегі компаниялар. Оларды солар қадағалайды. Жекеменшік бизнес нарығы 13-14 пайыздың арасында ғана. Бұл нәтижеге жету үшін билікке жақын топтардың экономикадан кетуін ашық талап ету. Осы нәтижеге қол жеткізсек, елде экономикалық реформа басталады.

Міне, кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевтың пікірі осыған саяды. Жалпы, кәсіпкер орынды жайттарды көтеріп отыр. Егер біз елде адам капиталы өсіп, халықтың өмір сүру сапасы артсын десек, тиісті инстанциялар осындай ұсыныстарға назар аударуы тиіс.

Дереккөз: Adyrna.kz