$ 514.65  544.6  5.17

Тылсым күшке ие: талдықорғандық дәрігер мал ауруын тамыр ұстау арқылы анықтайды (ВИДЕО)

Малдың тамыры арқылы ауруын анықтап, аяққа тұрғызыпты дегенге илану қиын. Бірақ, Сындар Кәлімханның көмегіне жүгініп, малын емдеткендер оның тылсым күшке ие екеніне күмәнсіз сенеді.

Талдықорғандық мал дәрігері төрт түліктің дертін тамыр ұстап анықтайды. Сол арқылы диагноз қойып, ауруынан айықтырады. Осындай тылсым қасиетке ие Сындар Кәлімханның тілсіз мақұлықтарды емдеп жүргеніне 20 жылдан асыпты. Тіпті, Қытайда жүргенде мал дәрігері мамандығын оқып алған екен, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Адам тамырын ұстап, диагноз қоятын емшілерді естіп те, көріп те жүрміз. Ал малдың тамыры арқылы ауруын анықтап, аяққа тұрғызыпты дегенге илану қиын. Бірақ, Сындар Кәлімханның көмегіне жүгініп, малын емдеткендер оның тылсым күшке ие екеніне күмәнсіз сенеді.

«Тамырын ұстады да, басынан айтты ғой, бір апта болды ауырғанына деп. Рас, ауырғаны – бір апта. Енді менің мал баққаныма 2 жыл болды. Сол екі жылда жылқы ауырады. Келеді, емдейді. Аяғына тұрғызады. Сенуге болады бұл кісіге», - дейді бақташы Ерғанат Біләл.

Ал тамыршы дәрігердің өзі бұл қасиетіне бастапқыда ешкімнің сенбегенін айтады.

«Мысалы, мен біреудің жылқысының құлап жатқан жеріне бардым, шақырды. Тамырын ұстадым да «мынауыңыз мал болмайды, бір өкпесі қарайып кеткен» десем, «Сен оны қайдан білесің?» дейді. «Жарайды, қазір өлгеннен кейін сойып көріңіз. Бір жақ өкпесі қарайып кеткен» дедім. Айтқандай, мен кеткеннен 10-15 минуттан кейін жылқы өлген. Сойып көрген. Қарайып кеткен», - дейді ол.

Сондай-ақ, мал дәрігері сынған сүйекті орнына сап, үзілген сіңірге ота жасайды екен. Аусыл, шешек ауруларын да емдеп жазыпты. Сондықтан сын сағатта Сындарды іздеп келетіндер көп екен.

«Айғырымыз жақында ауырып, осыны қазір емдеттік. Сол өкпесіне суық тиген деді, тамырын ұстап. Емдеткеннен кейін жөтелі басылды. Емдеген малдары аяқтан анық тұрады. Сондықтан бұл кісіге сенеміз біз. Жақсы емдейді. Диагнозын қояды», - дейді шаруашылық жетекшісі Мұратбек Баянбай.

Сындар Кәлімхан осыдан 10 жыл бұрын Қытайдың Толы ауданынан көшіп келген. Сол жерде мал дәрігері мамандығын оқып, бітіріпті. Алғашында үйіндегі ірі қарасы ауырғасын, соның тамырын ұстап, бауыры сырқаттанғанын білген. Кейін дәрі-дәрмегін егіп, аз күнде аяққа тұрғызады. Осылайша, бойында ерекше қасиет барын сезген. Бірақ, ауруды қалай анықтайтынын өзі де айтып жеткізе алмайды.

«Саусақтың ұшы мен мидың түйсігімен ғана білемін. Одан артық сізге ашып-жарып айта алмаймын. Тамыр бассам, мынаның қай жері ауру, қай жері сауын бірден білемін. Кейін де өзім түсінбей қалам», - дейді Сындар.

Сонымен қатар, адамның тамырын ұстап та ауруын сезетінін айтады. Алайда, біреуге бойында дерт бар екенін айтуға жүрегі дауаламайтын көрінеді.

«Адамның тамыры мен жылқының тамыры бірдей. Ішкі құрылысы да бірдей болады. Адамға диагноз қоймаймын мен. Жылқыға, малға ғана қойып беремін, болды», - дейді өзі.

Шынында да ол өз бойында тылсым күш бар екенін түйсігімен ғана түсінеді. Сондықтан малдың ауруын анықтап бергеніне ақы да сұрамайды. «Құдайдың дарытқан қасиетін саудаламаймын» деген ұстанымда. Осылайша, қазіргідей дамыған заманда білікті мамандардың шамасы жетпейтін кейбір сырқатты Сындар Кәлімхан емдеп жүр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары