$ 443.35  475.54  4.82

Шенеуніктердің үйінде де бар: ел өңірлеріне қандала Нұр-Сұлтаннан тарап жатыр екен

Ендеше, қандала неге ең алдымен елордада пайда болды? Өйткені, Нұр-Сұлтан – мигранттар қаптап келген алғашқы қала. Астанада үнділер де, арабтар да жүр. Несін жасырайық, басым көпшілігі – қара жұмысшылар...
фото: informburo.kz
фото: informburo.kz

Бірер күн бұрын «Jas Otan» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалы ЖОО-ларға мониторинг жүргізіп, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың бір жатақхасында санитарлық нормалар сақталмағанын анықтады. Студенттер тұрағында тышқан, тарақан және қандала бары расталған.

Жақында Ақтау тұрғыны қандаланы жоямын деп көршілерін улапты деген дерек шықты. Ол зиянкес жәндікке қарсы дәрі шашып, есігін кілттеп, басқа жаққа кетіп қалған. Жедел жәрдем бригадасы 42 жастағы әйелге, 15 пен 10 жастағы екі қызына химиялық заттардан уланды деген диагноз қойған.

Осыған ұқсас оқиғаны бұрын да оқығанбыз. Тағы сол Ақтау. Тағы сол қандала. Төменгі қабатта тұратын көрші әйел өз пәтеріне «Квикфос» препаратын сеуіп тастаған. Оның әрекеті алты жасар баланың өліміне әкеп соққан. Бейкүнә сәбиді абайсыз ажал құштырған келіншек екі жылға сотталды.

Былтыр Ақтаудағы №6 мектептің оқушыларын қандала шағып, директор өз еркімен жұмыстан шықты.

Әрине, бұл жерде қасақана қастандық жасаған ешкім жоқ. Бәріне қандаланың қатысы бар. Бірақ, қандаланы не жұмыстан қуа алмайсың, не соттай алмайсың. Сонда қайтпек керек?

Сарапшылардың дерегіне жүгінсек, Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлердің 40 пайызында қандала бар екен. Сондай-ақ Алматы, Ақтау, Шымкент, Семей, Қостанай, Көкшетау, Алтай қалаларын да қансорғыш жәндіктер жайлаған.

Былайғы жұрт қандаланы елордаға ауыл-аймақтан қоныс аударғандар әкелді деп есептейді. Мамандардың пайымынша, бұл сөз шындыққа жанаспайды. Керісінше, қандала Қазақстанның өңір-өңіріне астанадан тараған. Ендеше, қандала неге ең алдымен елордада пайда болды? Өйткені, Нұр-Сұлтан – мигранттар қаптап келген алғашқы қала. Астанада үнділер де, арабтар да жүр. Несін жасырайық, басым көпшілігі – қара жұмысшылар. Қандала жергілікті халыққа солардан жұғып, байтақ елдің түкпір-түкпіріне жайылған деседі.

Тағы бір өзекті мәселе бар. Кезінде әлеуметтік желі қолданушылары жаңа жиһазбен бірге пәтеріне қандала еріп кіргенін жазды. Тіпті, кейбірі жиһаз салондарының атын атап, түсін түстеп берді. Оның арасында арзан базарлар ғана емес, бір тауары орташа есеппен 500-700 мың теңге тұратын ірі дүкендер де бар. Сондықтан жер-жердегі базарлардың, сауда орталықтарының, жиһаз жасайтын цехтардың санитарлық жағдайын мұқият тексеру керек.

Неге десеңіз, жиһаз салондары қандала ұялаған дүниелерді жаппай сатылым деп арзан бағаға сатып жіберуді көздейді екен. Ал жылтыраған түріне қызығып, акцияға арбалғандар «бонусқа» қансорғыш алатынын білмейді.

Табиғатта қандаланың 50 тұқымы, сол 50 тұқымнан тараған 40 мың түрі кездеседі. Қазақстанда көбінесе «бақша қандаласы», «ауа қандаласы», «су қандаласы» бар. Қалада, пәтерде кездесетін тұқымы «төсек қандаласы» деп аталады. Пәтер иелерін запы қылған жәндіктер осы соңғы түріне жатады.

Елордалық пәтер жалдаушылар қандала байқалса, дереу көшуге асығады. Алайда, онымен мәселе шешілмейді. Қандаланың құрығынан ешкім оңай құтылмайды. Жәндіктің ұясы бәрібір киім-кешек пен көрпе-жастықта қалады. Сол себепті, мамандар қандала жұққан дүниелерді өртеп жіберуді ұсынады. Бірақ, ондай сақтық шаралары қарапайым отбасының қалтасын қағатыны анық.

Дезинфекция деген тағы бір әдіс бар. Оның бағасы 15-30 мың теңге шамасында. Елордада дезинфекция жасайтын бір ғана мекеме күніне жүзге жуық пәтерді тазалайды екен. Әйтсе де жою жұмыстарын жүргізгенде қандалалар бір пәтерден екінші пәтерге саңылаулар, розеткалар арқылы ауып кетуі мүмкін. Қысқасы, ешқандай кепілдік жоқ.

Тағы оқи отырыңыз: «Кілең клоундар»: көңілдестерінің арқасында шетелде демалатын жігіт сынның астында қалды (ВИДЕО) 

Көбіміз қандаланы ескі үйлерде, жатақханаларда немесе лас пәтерде болады деп ойлаймыз. Бұл – ұшқары пікір. Кейде астанада дезинфекциямен айналысатын мамандарды ірі кәсіпкерлер мен шенеуніктер үйіне шақырады екен. Мәселен, Еуропаға барып қайтқандар бірден киімін тазартқызады дейді. Өйткені, ол жақта қандала – күнделікті құбылыс.

«Мен қауіп еткеннен айтамын» демекші, ертең бұған біздің де етіміз өліп, «өзіміздің қандала ғой» деп отырмайық.

Дереккөз: «Айқын» газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары