$ 494.87  520.65  4.91

«Музыкалық культураны қатырдық, физический культура оңбай тұр» - Бекболат Тілеухан

«Насихаттың арқасында қазір әнші емес адам қалмады. Дауысының бар-жоғы бәрібір болып тұр. Бұрын дауысы барлар әнші болатын, қазір аузы барлардың бәрі әнші», - дейді депутат.
фото: inbusiness.kz
фото: inbusiness.kz

Депутат Бекболат Тілеухан Қазақстан аумағында спортты дамыту үшін насихат шараларын қолға алу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, бұқаралық спорт деген не? Бұл, ең алдымен, халықтың денсаулығы. Жаппай ел қимылдаса, спортпен шұғылданса, ол халықтың денсаулығы мықты болады. Бұл саланы дамытуға қаржы керек деп жатырмыз, ол түсінікті мәселе. Бірақ, идеология, насихаттың маңызы да кем емес. Мысалы, телеарнаның ақпараттық ықпалының орасан нәрсе екенін білеміз ғой?!

Насихаттың арқасында қазір әнші емес адам қалмады. Дауысының бар-жоғы бәрібір болып тұр. Бұрын дауысы барлар әнші болатын, қазір аузы барлардың бәрі әнші. Музыкалық культураны қатырдық, физический культура оңбай тұр», - деп тоқталды депутат.

Осы орайда, ол спортты насихаттауға айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Қазақ ойын баласы деп айтады, 13 жасқа дейін оның өмірінің негізгі мәні ойында. Жүгірген баланың денсаулығы мықты болады... Семіріп кеткен, ауланы екі айналса ентігіп қалатын баланың майын сылып, бұлшықетін қалыптастыру үшін, сондай-ақ, компьютер немесе смартфонға шұқшиып қалған баланы далаға алып шығу үшін бұқаралық спортты жақсылап насихаттауымыз керек екені түсінікті. Бұл үшін насихат керек!», - деді Бекболат Тілеухан.

Депутат елімізде ат спортын дамытуға ерекше мән беру керектігін, сондай-ақ, жұмыс орындарында қызметкерлердің денсаулығын нығайту жөніндегі бағдарламаны енгізе отырып, кәсіпорындар мен ұйымдарда дене шынықтыруды дамыту үшін жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар саны 5,7 млн адамға жеткен. Бұл – жалпы халықтың 30,6 пайызы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары