$ 494.87  520.65  4.91

«Арнайы жасақ пен полиция бейбіт халықтың берекесін алып, құқықтарын бұзып жатыр» - Қуандық Шамахайұлы

Полицияның миссиясы - бейбіт митинг пен халық шерулерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана. Ал, біздің елде мүлде олай емес.
Фото: Total.kz
Фото: Total.kz

Журналист Қуандық Шамахайұлы "шаш ал десе, бас алатын" ішкі істер органдары қызметкерлерін сынға алды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қуандық Шамахайұлы Facebook-парақшасындағы жазбасында қарулы күштердің митингке шыққан адамдарды итше жұлмалап әкететініне наразылық танытты.

"Бейбіт митингсіз азаматтық қоғам жоқ. Әскери-полициялық казармалық саяси жүйе қалыптастырған ешбір ел дамымайды, құрдымға кетеді, оның соңы қарулы қақтығысқа, азаматтық соғысқа итермелеуі ықтимал.

Еліміздің бейбіт те мамыражай өмір сүруіне бәріміз де аса мүдделіміз. Олай болса, халықтың сөзі мен талаптарына құлақ асқан, өз азаматтарымен тіл табыса алған, олармен салмақты диалог құрып, мәмілеге келген, қоғамдағы еркін ой-пікірмен әрдайым санасқан ашық, жариялы саяси билік қана өз ғұмырын ұзарта алады. Халықтың биліктен талап ететін дүниесінің өзі соншалықты күрделі орындалуы қиын нәрсе емес. Бастысы, әлеуметтік әділеттілік, заң алдында ел азаматтарының тең болуы, ол үшін шын қылмыскердің жазадан құтылмауы, сол секілді ақ адал жандардың жазықсыз жапа шегіп, күштік құрылымдардың құрбанына айналмауы ғана керек", - деп ашынды ол. 

Сонымен қатар журналист ел қазынасындағы ақшаны оңды-солды шашып жүрген шенеуніктерден әділетті болуды сұрайды. Халықпен санасса ғана, ел көгеретінін баса айтқан ол билікке қоғамдағы проблемаларды ашық көрсетуді, шын кінәлілердің жазалауын талап етті. "Балық басынан шіридінің" шекпенін киіп жүргенімізді, мешкейлердің жеміне айналып тұрғанымызды жазбасында бүкпесіз жайып салды. Биліктегілердің әділетсіздігіне ашулы халықтың көтерілуден басқа шарасы қалмады. Өйткені жалғыздың үні шықпайды. Ал өз халқына аш қасқырдай азу тісін ақситқан әскерлердің әрекеті тыныштықтың шырқын бұзып, одан сайын күшеюіне әкеліп соғуда.

"Конституция арқылы кепілдендірілген негізгі құқықтарының лайықты жүзеге асырылуын талап етуге әркімнің толықтай қақысы бар. Биліктің өзі де жиі ауызға алатын әділ сайлау өткізу, адам құқығын сақтау, сөз бостандығын қорғау, сот тәуелсіздігі мен дербестігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу секілді қоғамдағы қордаланған проблемаларды халық бейбіт митингтер арқылы көтеруге тырысады. Ал, сол бейбіт халықтың үнін өшіру үшін полиция мен арнайы жасақтың ешбір қылмысы жоқ, ешқандай қару-жарақсыз азаматтарға орынсыз соқтығып, қолдарын қайырып, 3-4-ден жабылып көтере кетіп автозактарға тиейтіні несі?! Мұндай зорлық-зомбылық құл иелену қоғамы немесе феодализмде де болмаған шығар.

Полицияның миссиясы - бейбіт митинг пен халық шерулерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана. Ал, біздің елде мүлде олай емес. Керісінше, өз халқына қырғидай тиіп қорлауға көшеді. Онысы аз болғандай түн ортасында өз үйінде тыныш ұйықтап жатқан адамды заңсыз ұстап әкетіп өлтіре салатын болды.

Халықты бұлай ашындырып, өзіне деген наразылықты өршітудің соңы биліктің өзіне шығарған қатал үкіміне айналып кетуі бек мүмкін. Қатыгез билеушілердің ұшпаққа шыққаны тарихта жоқ. Өз кезегінде азаматтық қоғам да митинг мәдениетін меңгеруге ұмтылғаны абзал. Қазіргідей стихиялы түрде емес, өркениетті елдердегідей алдын ала дайындықпен, күн тәртібін белгілеп, бекітіп, ой пікірлерін еркін білдірумен қатар алып шығатын лозунг ұрандарын да көтеретін мәселелерінің мазмұнына сай ету т.с.с.

Әрине, бүгінге дейін көшеге шыққан халық әдептен озған жоқ. Тәртіп бұзып, ештеңе бүлдірген жоқ. Керісінше, арнайы жасақ пен полиция бейбіт халықтың берекесін алып орынсыз мазалап, құқықтарын бұзып жатыр", - деп жазған Қуандық Шамахайұлы билікті халықпен санасуға шақырды. 

Шыныменде билік басындағылар "тыныш жатқан бүркітті үркітіп", басынуға бейім-ақ. Адамдарды малша тиеген қарулылардың миссиясы - керісінше, елдің берекесін күзетіп, шаңырақтың шайқалуына жол бермеу емес пе еді?! 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары