$ 514.65  544.6  5.17

«Бүлікшіл оппозиционерсің»: дінтанушы «ұйықтап отырған депутаттарымыз» мадақты қойса, ел басқа боларын айтты

Ал өзіндік пікірі жоқ, мадақ пен жағымпаздықты кәсіп еткендер мемлекетшілдік былай тұрсын, ел үшін ең қауіпті екі жүзді адамдар міне солар.
Фото: Baribar.kz
Фото: Baribar.kz

Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өзін "Сіз оппозицияға өтіп кетіпсіз ғой" деп сынағандарға желі арқылы жауап берді. Жеке басына қара күйе жаққандарға желіде үн қатып, ақталған ол, биліктегілерді мақтауды қойып, қателіктерін бетіне басса келеңсіз жайттар болмас па еді" деген ойын алға тартты. Бұл жайлы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

"Мен саясаткер емеспін. Мешіттің мінберінде, шәкірттерге дәріс үстінде саясат туралы сөз айтпаймын. Дінді саясатқа араластырмаймын. Мешітте билікті мақтап та, даттап та айтқан емеспін. Мешітті саяси мінбеге, дау-дамайға араластыруға болмайды. Мешітке әртүрлі саяси көзқарастағы адамдар келеді. Сондықтан ол жерде ортақ құндылықтар ғана айтылуы керек. Бұл - менің ұстанымым. Бірақ басқа уақытта әділдікті сұрау, қателікті көрсету әрбір ұлтын, елін, мемлекетін сүйетін адамның парызы. Абай "Және хақ жолы осы деп әділетті" деп әділдікті сүюді имани гүлдің үш негізіне жатқызған", - деп Қайрат Жолдыбайұлы өзінің ұстанымдарын жіпке тізді.

Мұнан бөлек, ел алдында маңдайы жарқырап жүретін жұлдызсымақтардың әрекетін "көркем тілімен бір сыбап" өтті.

"Ғалым-академиктеріміз, ақын-жазушыларымыз, жұлдыз әншілеріміз, ұйықтап отырған депутаттарымыз мадақты қойып билік басындағылардың қателігін көрсетіп, әділетсіздіктерді ашық айта білгенде, көптеген келеңсіз жайттардың алды алынып, бүгінгі қазақ елі басқа деңгейде болар еді. Азаматтық пікірін білдірген адамдарды мемлекетшіл немесе оппозиционер деп бөлу дұрыс па? Дәметкен мансабы, тендерлі бизнесі, ән айтатын сахнасы үшін не айтса да "ләббайлап" бас шұлғып, реті келсін келмесін "елбасылап" тұрсаң мемлекетшіл жақсы азаматсың. Ал көпекөрнеу жасалып жатқан әділетсіздікті айтып, халықтың қазынасын тонналап тонап жатқандарға қарсы шығып, пікір білдірсең, бүлікшіл оппозиционерсің немесе хайп қуған популистсің. Бұл қандай қисық қисын?!", - деп ашынған сыңай танытты.

Азаматтық көзқарасын білдіруден таянып қалмаған ол, сондай-ақ, билік тарапының жақсы істері болса, оны қолдау керектігі жайлы жазды.

"Қателікті айтып, жаманшылықты жария ету арқылы оның алдын алу және қажет кезде биліктің жақсы қадамдарын "бәрекелді" деп қолдау нағыз мемлекетке жанашыр, патриот адамның әрекеті. Ал өзіндік пікірі жоқ, мадақ пен жағымпаздықты кәсіп еткендер мемлекетшілдік былай тұрсын, ел үшін ең қауіпті, екіжүзді адамдар міне, солар! Бірақ елімізде өкінішке орай, осындайлардың айы оңынан туып тұр. Себебі...", - деп әлі де айтары мол екендігін білдіртті. Сірә, "Арғы жағын айтпаймын, ішің білсін әлуәй" деген секілді. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары