Бүгін журналист Серік Жұмабаев facebook парақшасына әлі тілі шықпаған баласының балабақшадан басы үш жерден көгеріп келгенін, оны мекеме басшысы мен тәрбиеші мойындамай отырғанын, тіпті, кейін олардың сұраққа жауап бермей қойғанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Балабақшадан былық арылмай келеді» деп ашынған әріптесіміз қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтан бастап, білім басқармасы мен жергілікті барлық құзырлы орган басшыларын тегтеп, оларды болған жайтты тергеп-тексеруге шақырып отыр.
«Баламызды балабақшаға бергенімізге екі-үш күн болмай жатып, басы көк ала қойдай көгеріп келді. Әлі тілі шықпаған 1,5 жастағы балаға осылай қорлық көрсетуге бола ма?
Алатау ауданының «Теректі» ықшамауданындағы «DAXX GROUP» ЖШС-не қарасты «Sanya» балабақшасы жекеменшік болғанымен, жартылай мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істейді. Оның жетекшісі – Мұздыбаева Ардақ Шатемірқызы. Осы балабақшаға баламызды бергенімізге үш күн болмай жатып, басы үш жерден көгеріп келді. Тәрбиешісі Айгүл Оразовамен сөйлессек, «мен ештеңе білмеймін, көрген жоқпын» деп басын алып қашып отыр. Ештеңені мойындамайды», - дейді жазба авторы.
Оның айтуынша, «бала жеті жасқа дейін жерден таяқ жейді» дегенмен, басының бір емес, үш жерден көгеруі көңілге күдік ұялатады.
«Құласа немесе басына басқа балалар ойыншық лақтырып жіберсе, басы бір-ақ жерден көгеру керек. Ал оның басы бірден үш жерден көгеруі нақты біреудің басынан әдейі ұрғандығын аңғартатын секілді. Осыған көз жеткізу үшін балабақша жетекшісі Ардақ Шатемірқызына хабарлассақ, ол тәрбиешісінің шашасына шаң жуытпайды.
«Тәрбиеші өте момын. Оның баланы ұрып-соғуы мүмкін емес. Мен оған сенімдімін», - дейді. «Онда ертең балабақшада кездесейік, бейнебақылауды бірге көрейік, егер сіз қарсы болмасаңыз», - десек, «Жарайды», - деді.
Кейіннен «Ертең 8 наурызға қарсы демалыс екен, мерекеден кейін, сейсенбі күні келіңіз» деп смс жазды. Енді бүгін хабарлассақ, жауап жоқ. Смс жазсақ, оқиды, бірақ, жауап бермейді. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, оның бұлай қашуы одан сайын күдік тудырып отыр», - дейді Серік Жұмабаев.
Бұл ретте, балабақша жетекшісі біраз уақыт жұмысқа шықпаған. Демек, балабақшадағы бейнебақылауды ешкім қадағаламаған. Ардақ Мұздыбаеваның айтуынша, ол тәрбиеші балабақшада біраз жылдан бері жұмыс істеген. Сенімді адамы екен. Алайда, жәбірленуші тарап тәрбиеші Айгүл Оразовамен сөйлескенде, ол наурыздың 4-і күні ғана жұмысқа түскенін, істегеніне екі-ақ күн болғанын айтып ақталыпты.
«Сонда кімге сенеміз? Балабақша жетекшісі «ол біраз жылдан бері менде істейді» дейді, ал тәрбиеші «жұмысқа түскеніме екі-ақ күн болды» деп отыр. Біздің баламыз да 4-і күні түсіп, 6-сы күні мынадай жағдайға душар болып отыр. Сонда қалай? Тіпті, тәрбиеші менен балам үшін алдын ала кешірім сұрап отыр.
Енді міне, балабақша жетекшісі осы үш күнгі түсірілген бейнебақылауды бізге көрсетпей отыр. Басында «Жарайды» деп алып, енді сөзден тайқып отыр. Қала әкімдігі, Алматы қаласының білім басқармасы, Алатау аудандық білім бөлімі, Aлатау ауданы, мына жағдайға байланысты тексеру жүргізесіздер ме? Балабақша басшылығы болған істі мойындарына алмай, тіпті, мекеме ішіндегі бейнебақылауды көрсетпеуге ұмтылып отыр. Бұлай қашанғы жалғаса береді?!» - дейді, бауыр еті – баласы үшін бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға бекінген журналист.
Осы орайда, ол жазбасын Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовке қарата: «Канат мырза, бұл істі тексеруге аласыз ба? Егер тәрбиешінің тілі шықпаған баланы басынып, білгенін істегені расталатын болса, жауапкершілікке тартыла ма? Басқасы – басқа, балабақшадағы былыққа көз жұмып қарауға болмайды ғой!!!» - деп түйіндеді.
Бір айлықпен күнкөру қиын болғандықтан, тілі шықпаған баланы балабақшаға амалсыз берген журналистің өзі жергілікті биліктен әділдік іздеп шыр-пыр етіп отырғанда, айлығы шайлығына, тапқаны қапқанына жетпейтін өзге қарапайым жұрттың тәрбиешілерге сенген күндері не болып жатыр десеңші...