$ 494.87  520.65  4.91

Салт-дәстүр: Тұрмыстағы қыз төркінге қашан және қалай бару керек?

Анам ылғи «Шыққан қыз шиден тысқары» деп тұрмыстағы әпкелерімді отбасының ішкі істеріне араластырмайды.

Төркіндеу – қазақ халқының ұлттық дәстүрі. Маңызы мен мәні өте тереңде. Бүгінде бұл салттың салмағын сезініп, мәнін ұқпай жүргендер қаншама?! Жалпы, тұрмыстағы қыз төркінге қашан, қалай бару керек екенін білесіз бе? Бұл туралы білетініңіз аз болса, онда біздің түрлі дереккөздерінен жинақтаған мақаламызға назар аударыңыз.

"Осыдан 38 жыл бұрын балалығыммен қоштасып, өз үйімнің табалдырығын оң аяқпен аттаған кезде басыма ақ орамал салған әже өмір бақи азық болатын ақылдарын айтқан болатын. Сол сөздер менің бала келіннен дана келін болуыма қамшы болды. Осы салиқалы сөз бүгінгі жастарға өте қажет", - деді анам.

Осылай деген ол оқты көздерін үлкен ағам Ақыл мен жеңгем Гүлшатқа қадады.

«Қыздың тәрбиесі анасынан сұралады. Оған дер кезінде тура жолды көрсете алмасаң, бармағыңды шайнайсың. Әуелі қызымыздың бағы ашылсын. Барған жері жаман емес. Бірақ сендердің әрекеттерің жаман келін болуға үндеп жатыр. Гүлшат келін, босағамнан алғаш аттаған кезде менің айтқандарымды құлаққа ілмедің. Өзбілерменіңе салдың. Нәтижесінде 1 ай күйеуіңнің үйінде, 1 ай төркініңде жүріп күнің өтті. Сен қашып, біз қуып жүргенде тұңғышыңды ұзататын уақытқа да келіп қалыппыз. Бірақ бұл жолы анаңның қателігін саған қайталатпаймын. Екеуің де осыны ұғып алыңдар», - деген анам баласы мен келінін бөлмесінен шығарып жіберді.

Анам ылғи «Шыққан қыз шиден тысқары» деп тұрмыстағы әпкелерімді отбасының ішкі істеріне араластырмайды. Ал Гүлшат жеңгемнің анасы мен ес білгелі қызын жылт еткен жылытпаға шақыратын, одан қалса "қонақ күтуге көмектеседі" деп күні бұрын алдыратын еді. Тіпті, үйлендіретін ұлына қалыңдық іздесе де, құдаларға киіт-сыйлық алатын болса да жеңгем анасының қасынан қалмайтын. Оған ата-анам, ағам қаншама қарсылық танытып, құда жаққа талай ескертті. Бірақ құдағи өз дегенін жасап жүре берді.

Анамның айтуына қарағанда, жаңадан ұзатылған қыз жыл өтпей төркініне келетін болса, күйеуінің үйіне кері қайтқысы келмей қалады. Жастардың араларында салқындық пайда болып, сезім жоғалады. Салдарынан қабақ қатуланады, жүрек мұздайды, төсек суиды. Мұны қыз тәрбиелеп отырған әрбір ана қызының құлағына құйып жүру керек екен.

«Төркінге барудың да жөні бар. Төркінге келген қызға әулетінің үлкендері сынмен қарайды. Төркінге қолыңдағы шағын сөмкемен барған қыз қатты сынға қалады. Күлкі болады. Ол қыздың анасының сағын сындырады. Ешқашан төркіндеріңе құрқол бармаңдар.

Біздің кезімізде төркінге бару өте қызық еді. Қызу дайындық жасайтынбыз. Өзімізді, бөпемізді, жолдасымызды әрі жанымызға ертіп баратын қайын мен қайынсіңлілерімізді арнайы дайындайтын едік. Ата-анамызға, бауырларымызға жеке-жеке сыйлық, дастарханға тәтті алатынбыз. Жолға шығатынымызды апта бұрын хабарлап қоямыз. Олар да қуанышты хабар алған соң ерекше дайындықты бастайтын.

Төркіндегі барлық туысқандар жиналып, кең дастархан жайылатын. Олар да шама-шарқына қарай сый-сияпат жасайды. Ең жақын дегендері үйлеріне дастархан жайып, асқа шақырады. Ал қыздың ата-анасы күйеубаласына, қызына арнайы сыйлық береді.

Қызғалдақтай қызын аялап, бақытты етіп жүрген КҮЙЕУБАЛАҒА шамасы келіп жатса ат мінгізеді. Ондай мүмкіндігі болмаса киер киім немесе заттай сыйлық ұсынады.

Атына кір келтірмей, алғыс арқалатып жүрген ҚЫЗДАРЫНА бұзаулы сиыр немесе қозылы қой береді. Мұның да өзіндік мәні бар. Тұрмыстағы қызға ешқашан қысыр мал, еркек мал бермеген. Бұл малдан қызға береке дарымайды. Керісінше барынан айырылып, жалғыз қалудан сақтандырған.

Ал жас СӘБИГЕ де бәсіре атап, кетерінде жетектетіп жіберетін болған.

Сонымен қатар, құтты қонақтардың шашбауын көтеріп келген қонақтар да өзіне жараса сыбағасы мен сыйын алады», - деді анам.

Қазақ әр қадамын сақтықпен, ырыммен басатын халық. Сондықтан да олар қай істе де жаңылмаған, жақсылықты алыстан болжаған.

«Сонымен қатар, ешқашан төркінге құр қол бармаңдар. Болмағанда 2 наныңды ала бар. Қыз – қыдыр. Қолыңдағы сыйлығыңмен бірге төркініңе құт дарытасың, берекесі артып, ырысы молаяды. Қызбен бірге құт қосақтап келеді. Сондықтан да қазақ төрін қызға берген. Төрге отырған қызбен берге құт та қонақтайды. Осы сөзімді ешқашан ұмытпаңдар», деді анам.

Дереккөз: Ernur.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары