$ 443.35  475.54  4.82

«Қазынаны бірге тонаған айналасындағы олигархтар да оны билікте ұстап тұруға мәжбүр» - Қайрат Жолдыбайұлы

Ал демократиядан жұрдай елдерде биліктегі адам көп отырған сайын заңсыздықтарға белшеден батып, әбден былғанады. Айналасы іріп-шіриді. Көзін шел басады.
Фото: Baribar.kz
Фото: Baribar.kz

Көңілдегісін көпшілікке жеткізуде әлеуметтік желіні тиімді пайдаланатын белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы демократиялық елдердің ең үлкен жетістігін атады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұл жолы Қайрат Жолдыбайұлының бар назары өзге елдерде билік басындағылардың жауапты қызметте қанша жыл отыратынына түскенге ұқсайды. Мәселен ол Facebook парақшасында өзге елдерде биліктегі адамның ары кетсе екі рет қана сайлауға түсе алатынын жазған. Жазба авторының ойынша, демократиядан жұрдай елдерде биліктегі адам бір қызметте ұзақ отырып қалса, заңсыздықтарға белшеден бататын көрінеді. 

"Демократиялық елдердің ең үлкен жетістігі, тіпті, барша дамуларының кілті - билікте отыратын адамға ары кетсе қатарынан екі рет сайлауға түсуге, яғни, сегіз жыл ғана ел басқаруға мұрсат беруі. Кім болса да сегіз жылдан артық отыра алмайды. Осы қағида ата заңға қазықтай қағылған. Оны ешқандай жолмен ешкім өзгерте алмайды.

Осы заңның нәтижесінде биліктегі адам сегіз жылдан кейінгі өмірі үшін барлық іс-әрекетін тек заң шеңберінде ғана жүзеге асырады. 4 не 8 жылдан кейін биліктен кеткен кезде метросына мініп, университетінде сабағын беріп, халықтың ортасында емін-еркін жүре береді. Елін тастап қашуға мәжбүр болмайды. Ал демократиядан жұрдай елдерде биліктегі адам көп отырған сайын заңсыздықтарға белшеден батып, әбден былғанады. Айналасы іріп-шіриді. Көзін шел басады", - деп лауазымды адамдардың түбінде қандай әрекеттерге баратынын меңзеді.

Оның пайымдауынша, жылы орнын суытпай, жұмсақ орындықта отырған адамның айналасындағылар да оның уысындағы билікті ұстап қалудың бар айла-шарғысын қолдануға тырысады-мыс.

"Заңды белден басып, түрлі қылмыстарға барған мұндай адам биліктен кете алмайтын жағдайға жетеді. Қазынаны бірге тонаған айналасындағы олигархтар да оны билікте ұстап тұруға мәжбүр болады. Нәтижесінде, билікте мейлінше көп отырудың, билікті барынша ұзартудың түрлі әрекетін жасайды. Тағы да заңсыздықтарға барады. Батқан сайын бата береді. Ақыр соңында бәрі құрдымға кетеді.

Араб елдері мен посткеңестік мемлекеттердің көпшілігі осы тайғанақ жолда жүр. Дамымай, кері кетіп жатқандықтары да сондықтан. Мұндай елдерде тәуелсіз сот, әділетті сайлау, шынайы сөз бостандығы болған емес, болмайды да!" - деген Қайрат Жолдыбайұлы, бір мәселенің шетін қылтитып, біраз жылдан бері бір орында тапжылмай отырған көпшілікке белгілі әлдекімдерді меңзесе керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары