$ 494.87  520.65  4.91

Тәрбиеші баланы сүлгімен ұрған шипажайда жеті адам тиісті жазасын алды

Емдеу мекемесінде тәрбие ісінен бастап, диагностика бойынша да едәуір кемшіліктер анықталған. Әсіресе, 9-11 жас аралығындағы балаларға көмек көрсетуде бірқатар олқылықтарға жол беріліпті.

Ақтөбедегі шу шыққан «Шағала» шипажайындағы жеті адам жазаланды. Үш қызметкер жұмыстан қуылды. Тіпті, бас дәрігерге қатаң сөгіс жарияланып, оның орынбасары қызметінен төмендетілді. Шипажайдағы келеңсіздіктен кейін жұмысын бастаған арнайы комиссия қорытындысын шығарды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Нақты айтқанда, тәрбиеші кішкентай баланы қолындағы затпен аяусыз сабап жатқан бейнетүсірілімнен кейін шипажайдың жұмысын арнайы комиссия тексерді. Емдеу мекемесінде тәрбие ісінен бастап, диагностика бойынша да едәуір кемшіліктер анықталған. Әсіресе, 9-11 жас аралығындағы балаларға көмек көрсетуде бірқатар олқылықтарға жол беріліпті. Бірақ комиссия мүшелері ол кемшіліктерді жария етпеді. Тек жұмыстан кімдердің босатылғанын айтты.

«Тәрбие жұмысы меңгерушісі жұмысынан оныншы наурызда босатылды. Бұл жайт осы жағдайды көрген балаларға тиісті психологиялық көмек көрсетіліп, тиісті педагогикалық жұмыс атқарылмағанына байланысты болды», - дейді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Светлана Есенаманова.

Одан бөлек, баланы ұрған тәрбиеші мен оның көмекшісі де жұмыстан қуылды. Ал емдеу мекемесінің психологы өз еркімен орнын босатқан. Шипажай қызметін тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін бас дәрігер мен оқиға куәсі болған медбикеге қатаң сөгіс жарияланған. Педогогика саласына жауапты бас дәрігердің орынбасары болса, қызметінен төмендетілді.

Сол күні таяқтың астында қалған 10 жастағы Даниал – Екібастұздың тумасы. Осыдан үш жыл бұрын анасы ата-аналық құқынан айрылғаннан кейін, оны Ақтөбеде патронаттық отбасы асырап алған. Асырап алған анасы да қайтыс болып, өткен жылдан бастап Қобда отбасыішілік балалар үйінде тоғыз баланың бірі болып тәрбиеленіп жатыр. Шипажайға ақпанда емделуге жіберілген.

«Кішкентай бала ғой. Мен үйде жүргенде тап ондай қатты басбұзарлығын байқамадым. Тентек болады, одан әрі аспайды. Тыңдайды өзіміздің айтқанымызды», - дейді Қобда отбасыішілік балалар үйінің директоры Гүлнәр Есен.

Десе де, өзін ұрған тәрбиеші кешірім сұрай келгенде, ол да өзінің артық кеткенін мойындап, кешірім сұрапты. Бұл оқиғадан кейін Даниалмен психолог мамандар жұмыс жасаған. Енді ол Қобда ауданына қайтарылады.

Осы тексерістен кейін шипажайға жергілікті бюджеттің есебінен тағы он бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Сонымен қатар, шипажайдың бас дәрігеріне материалдық-техникалық базаны реттеп, балаларды дамытуға арналған ойыншықтар мен тәрбиелік құралдар алу міндеттелді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары