$ 494.87  520.65  4.91

Тұруға жарамсыз: Риддер қаласындағы 70 көпқабатты тұрғын үйдің әбден тозығы жеткен

Тіпті, кейбір үйлердің қауіпті деп танылғанына 30-40 жыл болса да адамдар тұрып жатыр.
фото: arnapress.kz
фото: arnapress.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында 70 көп қабатты үй құлаудың алдында тұр. Бірқатары мүлде тұруға жарамсыз деп танылса да, халық паналап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбі – зейнеткерлер мен тұрмысы нашар отбасылар. Олардың тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына қатысып, жамап-жасқауға қалтасы көтермейді. Қала әкімдігі бұл проблеманы жақсы біледі. «Бірақ ескі үйдегі тұрғындарды басқа жаққа көшіріп, пәтермен қамтуға уақыт керек» деп отыр.

«Біз тұратын Гоголь көшесіндегі 2-3 қабатты бұл үйлер тұруға жарамсыз деп танылған. Сүріп тастау жөнінде 3-4 жыл бұрын жазылған. Ал соңғы екі жылдан бері әкімдіктің табалдырғын тоздырып жүрміз. Бірақ, «қаражат жоқ» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Кейбір отбасылар үйлерін жөндеп, пластик терезелер қойып жатыр», - дейді Риддер қаласының тұрғыны Геннадий Болотов.

Ескі үйлердің көбі қаланың орталық шағын ауданында. Сондықтан сүріп тастаудың да өзіндік қиындықтары бар. Бұл үйлердің бәрі де Риддер қаласы құралығанға дейін салынған. Ағаштан құрастырылғандықтан, қазір қабырғасы қақырап, іргесі іріп тұр. Тіпті, кейбір үйлердің қауіпті деп танылғанына 30-40 жыл болса да адамдар тұрып жатыр. Ал қалада олардың бәрін басқа жаққа көшіруге мүмкіндік жоқ.

«Осы жерден қайта-қайта жөндеп жатамыз. Өз ақшамызға дәнекерлеушіні жалдаймыз. Өзіміз істейміз. Әкімді көзім көрген жоқ. Мүлде келмейді», - дейді зейнеткер Дариға Тоқтарова.

Әкім келмегенмен, коммуналдық салаға жауапты қызметкерлер ескі үйлердің проблемасы жыл санап қордаланып келе жатқанын жасырмайды. Бірақ, бәрін пәтермен қамтуға мүмкіндік жоқ.

«Қазір мысал үшін бос тұрған үйлер, пәтерлер болса, адамдарға беруші едік. Жөндеу мәселесі мен түрлі мемлекеттік бағдарламаларды ұсынамыз. Бірақ, тұрғындар қатысқанға қорқып отыр ма, білмеймін. Ойланып жүр», - дейді Риддер қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Қуат Мұхаммедшынов.

Қазір Риддерде 1,5 мың адам баспана кезегінде тұр. Ал қалада соңғы 5 жылда көпқабатты екі үй ғана салынған. Бұл екі баспанадан пәтерлер әуелі бұрыннан үй кезегінде тұрғандарға, одан соң арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша жолдамамен көшіп келгендерге берілген.

Биыл тағы төрт үйдің жобалық құжаты жасалып жатыр. Нақты қашан салынатыны қаржыға байланысты. Сондықтан ескі үйлердегі тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#үй #Риддер #әкім