$ 494.87  520.65  4.91

Қызылордалық журналист маугли-баланы бауырына басты (ВИДЕО)

Бұрынғыдай жабайы бөлтірік кейпінен арылса да, бала әлі де тұйықтау, көпшілік арасында ақ қарғадай оқушауланып тұрады.

Қызылордалық маугли-баланы жаңа отбасы асырап алды. Қамыс арасынан табылған баланы бәрі «Маугли-бала» атап кеткен еді. 9 жаста болса да дұрыс сөйлей алмайтын жеткіншекті асырап алған анасы оны бірінші сыныпқа алып келді. Қаршадайынан тағдыр тәлкегіне түскен баланы өңірге танымал журналист Миуа Байназар асырап алған екен. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.   

Бірнеше ай бұрын адам көрсе тұра қашып жасырынуға тырысатын, аштықтан әбден әлсіреп, әбден тоңып қалған кішкентай бала қала сыртындағы саяжай маңындағы қамыс арасынан табылғанын хабарлаған едік.

Владиктің әкесі қайтыс болған, анасы із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Бала қысты кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығында өткізді, сол жерден «Балалар ауылына» ауыстырылды. Ал төрт күн бұрын жеткіншекті мейірімді жандар өз қамқорлығына алды.    

«Өзімнің туған інім сияқты етіп тәрбиелеп, қамқорлық көрсетіп жүретін боламын. Біз оның есімін өзгерткенді жөн көрдік. Нұртөре Жүсіп деген танымал журналисті білетін шығарсыздар? Міне, біз сол кісінің құрметіне оны кіші Нұртөре деп атайтын боламыз. Оның өзі келісімін берді», – дейді баланың жаңа ағасы Бердібек Мереев.    

Бұрынғыдай жабайы бөлтірік кейпінен арылса да, бала әлі де тұйықтау, көпшілік арасында ақ қарғадай оқушауланып тұрады. Тоғыз жасар Владик-Нұртөре бүгінде алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Қазірше бірінші сыныпқа барды. Әріптерді, түрлі түсті, жануар-өсімдік атаулыны үйренбек.   

«Ең бастысы, баланың оқуға құштарлығы бар. Тек өзгелермен тіл табысып, балалар ортасына біраз үйренуі керек. Қазір өзінен үш жас кіші балалармен оқып жатыр. Жазғы демалыста біраз тапсырма береміз, келесі жылы да осы сыныппен оқуы мүмкін», - дейді №11 мектеп-лицейінің директоры Жанат Сәдуақасова.   

Журналист Миуа Байназар маугли-бала туралы естіген сәтте-ақ оны асырап алғысы келген екен. Оның бұл тілегіне ұлы мен қызы да қолдау білдіріпті. Алайда, бала асырап алуға жауапты комиссия көп кедергі болған көрінеді. Мәселен, бала асырап алғысы келген ананы үш айлық курстан өтуге мәжбүрлепті, бірақ заң жүзінде ондай шара қарастырылмаған екен.    

«Баланы асырап алуға қажетті құжаттарды жинаймын деп көп қиналдым. Мәселе тек «Астана» телеарнасы араласқан соң оң шешімін тапты. Балам үйден ешқайда шыққысы келмейді, «Бұл менің үйім, бұл жерден ешқайда кетпеймін!» деп жиі айтады», – дейді Владик-Нұртөренің анасы Миуа Байназар.    

8 наурыз күні Владик-Нұртөре 9 жасқа толды. Миуа бала дамуы жағынан өз қатарластарын жылдам қуып жетуі үшін қажетті мамандар мен оқытушылар жалдамақ. Баланың жаңа анасы «Ұлыма ешқашан көрмеген бақытты балалық шақ сыйлаймын» деп өзіне уәде беріпті.    

Дереккөз: Азаттық рухы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары