$ 494.87  520.65  4.91

СҚО-да апалы-сіңлілі үш әйел 30 жыл бойы құжатсыз жүрген

«Апалы-сіңлілі Нұғұмановтардың мәселесі 1990 жылдарға тән жағдай болса да, бүгінгі күнде де жиі кездеседі», - дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы.

Үшеуі де Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны. «Жолда қабылдау» акциясының жемісін көрген апалы-сіңлілер алғаш рет құжаттарын алды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Нұғұмановтар кезінде Омбы облысында дүниеге келіпті. Олардың ең үлкені 6 жаста болғанда, ата-аналарымен бірге 1990 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Ауылдық жерде тұрып келген бір үйдің қыздары келешекте құжаттың қажет болатынына мән бермепті. Бұл жағдайға туу туралы куәліктерінің жоғалуы, Ресей тарапынан қажетті жауаптың келмеуі себеп болған.

СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Ресейдегі ҚР елшілігі мен адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюромен байланысқа шығып, бірнеше маңызды жұмыс атқарған. Полицейлер Дариха, Кәмеш, Дәния Нұғұмановаларды Көші-қон қызметі басқармасына шақырды. Ауыл тұрғындары әлеуметтік желілердегі тікелей эфир барысында жеке куәліктерін алуға жолдама құжатын алды.

«Біздің мәселенің басы-қасында болып, шешімін табуда үлкен көмек көрсеткені үшін полиция қызметкерлеріне зор алғысымызды айтамыз», – дейді Дариха Сахаутдинова. – Енді біздің көптеген мәселеміз шешілетін болды. Менің ұлым да колледжге білім алуға оқуға түсе алады. Мен СҚО Полиция департаментіне жүгінбегенде, құжаттарымызды алмайтын едік».

Полицейлер «Жолда қабылдау» акциясын замануи форматта өткізген жөн деп санайды.

«Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер халықты ақпараттандырудың тиімді құралы болып табылады», – дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов. – Біз әлеуметтік желілерді пайдаланып, азаматтардан өздерінің, қарт туыстарының құжаттарын ретке келтірулерін сұраймыз. Апалы-сіңлілі Нұғұмановтардың мәселесі 1990 жылдарға тән жағдай болса да, бүгінгі күнде де жиі кездеседі».

Аталмыш акция кезінде көші-қон қызметіне қатысты сұрақтар жиі қойылады. Осындай тақырыптағы сұрақтар акцияның екінші күнінің алғашқы жартысында СҚО Полиция департаментінің әлеуметтік желілерде өткен тікелей эфирлерінде қойылды. Бір жарым күнде тәртіп сақшылары солтүстікқазақстандықтардың 150-ден астам сұрағына жауап берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары