Мақтааралдық полицейлер төтенше жағдайға қарамастан беташар тойын жасаған тұрғынды жауапқа тартты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Яғни, күндіз-түні рейдке шығып, адам көп жиналатын басқосу, жиын-той, іс-шараларды өткізуге тыйым салып, қауіпсіздік шараларын қадағалап жүр.
Осындай кезекті рейд барысында Мақтаарал ауданының Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты елді мекендердің бірінде үйінің ауласында келін түсіріп, беташар тойын жасап, туыстарын жинаған тұрғын анықталды.
«Қазақстан Республикасы Президентінің 15.03.2020 жылғы Жарлығының талаптарын өрескел бұзған аталмыш тұрғынға ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 476-бабы бойынша хаттама толтырылды. Той иесі аудандық соттың қаулысымен кінәлі деп танылып, оған айыппұл салынды», - деп хабарлады ТО ПД баспасөз қызметі.