Әйелі өзінен көп табыс табатын азамат басындағы жағдайды айтып кеңес сұрайды, деп хабарлайды NewsRoom+. Оқырманнан келген хатты назарларыңызға өзгеріссіз ұсынамыз.
Бұл мәселе мені қиын жағдайға қалдырды. Бір жағынан туған інім, екінші жағынан үндемей қалуға тағы болмайды.
Жасым 36-да. Үйленгеніме 2 жылдан асып бара жатыр. Әйеліммен танысқанымда шағын бизнес бастап, банкке несие алуға барғанмын. Өзі сұлу, сөзі пысық бойжеткен бірден көзіме түсті. Үйдегілер де үйлен деп қоймай жүрген, өзімнің де жас емес екендігім бар, лайық қызды көргенде денемді бір от шарпып өткендей болды. Амалын тауып, бірнеше ай жүріп номерін алдым. Осылайша таныстығымыз сезімге ұласып, отбасын құрдық.
Біз үйленген соң, менің шаруам да өрге домалай бастады. Әйелім де қызметінен көтеріліп, банктегі ірі бір бөлімге басшы болды. "үйлену оңай, үй болу қиын", - деген қазақтың сөзі де бар емес пе? Отбасымызда кішігірім қиындықтар болып тұратын. Десе де, жасым келіп үйленген соң, көбісін елемеуге тырыстым.
Арадан бір жыл өткенде менің жұмысым кері кетіп, бизнесім талан-таражға түсті. Ол кезде кішкентай ұлымыз бар. Мен табыс таппаған соң, әйелім жұмысқа шықты. Бұрын да табысы жақсы еді, қызметі тағы өсіп, тіпті байлыққа кенеле бастадық. Алғашында бұл жағдайға қуанбасам, ренжімегем. Тек күн өткен сайын әйелім менің жұмыс істемейтінімді бетіме басып, төмендететінді шығарды. Туыстардың арасында да жұмыссыз екенімді, өзінің үлкен бастық екенін сәтін тауып айтып қалатын.
Әйелім жұмыстан кеш келетін болған соң, бала бағып, үй жинап, тамақ істеп отырамын. Басқа амалым бар ма? Өзім табыс таппаған соң, жолдастарыммен араласудан да қалдым. Достармен кездесуге баруға әйеліңнен ақша сұрап тұрғаннан қиыны бар ма? Сұрағанның өзінде, ақшаның қайдан келетінін айтып, менің қолымнан түк келмейтінін айтып, берекемді қашырады. Өзі ұжымдық кештерден, іскерлік кездесулерден, құрбылардың отырысынан ешқашан қалған емес. Маған ескертпей кететін кездері көп. Ондайда баламды ұйықтатып, үйді жинап, әйелімнің оралғанын күтіп отырамын. Жақын достарым "әйеліңнен сұрандың ба?", - деген қалжың айта қалса, төбе шашым тік тұрып, жүрегім ауырады. Олармен де аралсуды доғардым.
Осылайша, біраз уақыттың ішінде іске жарамсыз еркек, отбасында орны жоқ, абыройсыз әкеге айналдым. Күн өткен саайын бұл жағдай өршімесе, басылар емес. Не істерімді білмеймін. Жұмысқа да қырым жоқ болып бара жатқанын байқаймын. Бір жағынан осындай жұмыссыз, үйде отырған да ұнайтын сияқты. Жұмысқа шықсам да алып кете алмайтындай көрінеді.
Ажырасып кетуге ұлымды қимаймын. Бірақ "әйелім жұмыстан келмесе екен", - деген оймен кешті өткізу де ұнар емес. Не істеуге болады?